Бейсенбі, 16 Қараша 2023 17:34

Түркістан облысында жеке инвестициялар көлемі 1,7 есе артты

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Түркістан облысында негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталды. Бірқатар салада көрсеткіш жақсара түскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 680,6 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,7%-ды құрады.

Өңірдің экономикалық дамуы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 13 индикаторды орындау бойынша көш соңында қалған әкімдерге жұмысты ширатуды тапсырды.

– Аудан, қала әкімдері экономикалық көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы индикаторларды 100 пайыз орындауы тиіс. Жауапты басқарма мен әкімдіктер тығыз байланыста жұмыс істесін. Әсіресе, жаңа жұмыс орындары мен зауыттар, кәсіпорындар ашуға басымдық берілсін. Құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы жұмыстар күшейтілгені жөн. Әр экономикалық көрсеткіштер туралы сандардың артында тұрғындардың, өңірдің әлеуметтік мәселесі тұр, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, бекітілген 13 индикатор бойынша әкімдердің рейтингі шығарылған. Әр сала бойынша тұрақты бақылау жүргізілуде. Жалпы, өңірдегі көрсеткіштер жоспарға сай орындалған.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 802,6 млрд. теңгені, немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8%-ды құрады. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі орташа есеппен 2,4%-ға артты. Инвестиция көлемі 661,6 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда өсім 36,5%-ды құрады. Жеке инвестициялар 469,3 млрд. теңгеге жетті немесе 1,7 есеге артты. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 230,8 млрд. теңгені құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 7,1%-ға артып, 669,4 мың шаршы метр үй тапсырылды.

– Босаңсуға еш себеп жоқ. Ел экономикасын дамытып, халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға міндеттіміз. Оның жолдарын көзбен көріп келдіңіздер. Енді осыны тұрақты жолға қою керек. Күнделікті жұмыс істеп, жүзеге асырған жөн. Әлі де нақты жобалар аз. Инвестор өзі келіп, жоба ұсынатын заман жоқ қазір. Олай ойлауды қойыңыздар. Сананы өзгерту керек. Ізденіңіздер. Өңір экономикасы жақсара түсуі үшін инвестиция тартудың маңыздылығы айрықша. Оның үстіне қосымша қаржы көздерін табуымыз қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы барлық әкімдерге инвестициялық ахуалды жақсартуды жүктеді. Бұл мәселеге әр аудан әкімі жеке жауапты екенін ескертті. Кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыт екенін атап өтті.

– Облыс әкімдігі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай көмек керек болса, ол қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, өндіріс орындары ашылуы тиіс. Әрбір жоба бойынша жауапты инвестормен жол картасы жасалады. Біздің тараптан және олардың тарапынан атқарылатын жұмыстардың орындалу мерзімі көрсетіледі. Егер жол картасындағы жоспардан кешіксе және жерді алып, пайдаланбайтын болса, басқа инвесторлармен келіссөз жүреді. Әр жобаның басшысымен жүзбе-жүз кездесіп, талқылап, қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңілдетілген несиелер бойынша да жауапты қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері жер, инфрақұрылым мәселелері бойынша инвесторлармен тұрақты байланыста болыңыздар. Өңірде жаңа жұмыс орындарын көбейту – басты міндет, – деді дархан Сатыбалды.

Апталық мәжілісте өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал да сарапталып, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың баяндамасы тыңдалды. Облыс әкімі өңірдегі күрделі мәселелерді дер кезінде анықтап, шұғыл шешу жолдарын қарастыруды, басшыларға өз деңгейіндегі мәселелерді уақтылы шешуді тапсырды.

Жалпы, өңір экономикасының даму қарқыны жақсы деп баға беріп отыр сарапшылар. Мәселен, Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Сайрам ауданында халықаралық талапқа сай «Gen Group Kazakhstan» жылыжайы жұмыс істеп жатыр. Мұнда көкөніспен қатар банан өсірілмек. 30 адам жұмыспен қамтылған. Сарыағаш ауданындағы «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен мал сою бекетінің де құрылысы жоспарға сай жүруде. Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқыл өндіру зауыты салынады. Жиын барысында оның жүзеге асу барысы сараланды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандары мен Кентау, Түркістан қаласында жүзеге асатын жобалар, салынатын зауыттар мен өндіріс орындарына қатысты инфрақұрылымдық түйткілдер де тарқатылды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде.

Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді. «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды.

Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. 5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 210 рет