Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді.Бұдан бөлек, жалпы ауданда 105,9 гектар алқапқа жылыжай кешені бар. Оның ішінде 21 гектары - өндірістік жылыжайлар, ал 84,9 гектар аумағы - фермерлік жылыжайлар.
Сонымен қатар, журналистер Шұбар ауылындағы «Тоғжан» мал бордақылау алаңына барды. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несиемен 7,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінде орталықта 16 мал басы бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкер бал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Жалпы аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауылдық округ енгілген. Биыл 17 сәуір айынан бастап несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 1 млрд. 753 млн теңге құрайтын 337 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде 1 млрд. 511 млн теңге құрайтын 232 жоба мақұлданып, жалпы соммасы 1 млрд 43 млн теңгеге 165 жоба қаржыландырылған.
Сондай-ақ, осы тұста айта кетсек, жыл басында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, Шұбар және Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен болатын. Шұбарлықтармен болған кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміз бойынша іске асырылып жатқан “Ауыл аманаты” жобасы, оның ішінде ауылдағы азаматтардың тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие туралы толыққанды ақпарат берілді.
Аталған жоба аясында Ордабасы ауданында Шұбар және Бадам ауылдық округтері пилоттық үлгіде таңдалып алынған. Мысалы, Шұбар ауылдық округінде мал бордақылау бағытына басымдық беріліп отыр. Қазірдің өзінде 70-тен астам шұбарлық азамат тиісті қаржы ұйымына несие рәсімдеу үшін құжаттарын өткізіп үлгерген. «Ауыл аманатының» артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатыны. Сондай-ақ аталған жобаға кез-келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатыны.
Кездесуге келген шұбарлықтар облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына жоба және несиелеу шарттарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Облыс әкімінің орынбасарының келесі кездесуі Бадам ауылындағы “Бөрте милка” сүт фермасында өтті. Онда ол бірнеше кооператив төрағаларымен кездесіп, “Ауыл аманаты” жобасының тиімділіктерін түсіндірді.
Айта кету керек, Бадам ауылдық округінің тұрғындарына 2,5 пайызбен сүтті бағыттағы ірі қара алуды несиелеу жүзеге асырылмақ. Себебі, онда “Бөрте милка” сүт фермасы орналасқан. Қазіргі таңда ферма 30% ғана көлемде өнім шығаруда. Толық қуатқа өту үшін қосымша шикізат (сүт) қажет. Оның бір ғана жолы-тұрғындардан белгіленген бағада сүт жинау.Кездесуде сүт бағытындағы ірі қара малды несиелеуден бөлек, Бадам ауылдық округіндегі жылыжай шаруашылығына да мүмкіндік беру жолдары сөз болды.
Көпшілікті қызықтырған, пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Ауыл халқы бұл несиені қалай алады? Қойылатын талаптары мен шарттары жеңіл ме?
Бұл жоба «AMANAT» партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. «Бұл — біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% — ға төмендеді. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті — «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды», — деп атап өткен-ді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.
Ал несиенің шарттары мынадай:
Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %.
Мерзімі – 5-7 жыл.
Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге.
Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.
«Бұл несие тек ауылдар мен шағын қала тұрғындарына арналған. Бізге ақпарат сұрап, қала тұрғындары да хабарласып жатады. Бірақ бұл – ауылды дамытуға арналған бағдарлама. Сондықтан бұған көпшілік түсіністікпен қарағаны жөн. Елімізде бұған дейін мұндай бағдарлама болған емес. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама болды, онда көпбалалы отбасыларға ғана 4 пайызбен берілген. Ал қазір мұның ауқымы кеңейді. Бұл жоба әр өңірде жергілікті басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Олар қаржы бөлетін операторларды анықтаса болды, ақша дайын тұр», — дейді Ауыл шаурашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқанын айтты.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.
Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.
Несие алушыға ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат