Сенбі, 18 Қараша 2023 15:01

Түркістанда тоңазытқыштар мен мұздатқыштар шығаратын зауыт салу бойынша келсіссөздер жүргізілді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Украинаның «UBC Group» компаниясының басшысы Игорь Гуменныймен кездесіп, келіссөз жүргізді. Аталған инвестор Түркістан облысында сусындарды салқындататын тоңазытқыштар мен тоңазытқыш сөрелерін, мұздатқыштар шығаратын зауыт ашуға ниетті. Өңір басшысы инвесторға Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетін таныстырып, жұмыс істеуге шақырды. Жобаны жан-жақты талқылап, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Түркістанға қош келдіңіздер! Түркістан Қазақ елі үшін, Түркі әлемі үшін – қасиетті қала. Мұнда ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген. Қазақ хандығының астанасы болған. Бес жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, тарихи шаһар облыс орталығына айналды. Біз Түркістан өңірі мен облыс орталығын өндірісі, кәсіпкерлігі дамыған орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге мүдделіміз. Зауыт салуға жер, инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетеміз. Жерілікті мамандарды бірлесе даярлауға да дайынбыз. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтарымыз бар. Жол картасын әзірлеп, екі тарап өз міндеттерімізді орындау мерзімін нақтылайық. Сол бойынша жұмыс жүргіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.

Игорь Гуменный Қазақстанда алып кәсіпорын ашуға ниетті екенін айта келе жылы қарсы алған Түркістан облысы әкіміне ризашылығын білдірді.– «UBC Group» – Шығыс Еуропадағы ең танымал әрі өндірістік қуаты мықты компаниялардың бірі. 5500 адам жұмыс істейді. Біздің зауыттарда өндірілген салқындатқыш техникалары, сусындарды сақтайтын тоңазытқыштар мен салқындатылған тауар сөрелері, шкафтары Еуропа мен Азия елдерінде сұранысқа ие. Сусын шығаратын атақты трансұлттық компаниялар бізбен тығыз жұмыс істейді. Түркістанға бір зауытымызды ашатын болсақ, бастапқыда 300 адам, толық қуатына енгенде 1200 жұмысшы қажет болады. Жергілікті тұрғындарды үйрету үшін мамандар да шақырылады. Бізге әзірге жалға үлкен ғимарат берілсе, кейін жер қарастырылса, және тиісті қолдаулар болса, әріптестік орната аламыз. Түркістанда шығарылған тауардың 60 пайызын экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Кездесу барысында қос тарап жобаны жан-жақты зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Осы іссапарында инвесторлар Түркістандағы арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақты аралап көрді. Сонымен бірге Кентау қаласы мен Ордабасы ауданындағы индустриалды аймақтардың жұмысымен танысады. «UBC Group» сауда-өнеркәсіп холдингі – тоңазытқыш техникасы саласында жұмыс істейтін әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания әлемнің 120 еліне өнім жеткізеді.

Сондай-ақ, отандық инвесторлар тарапынан Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауытын салынды. 650-ден астам адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орнында жылына 2 млн. тонна өнім өндіріледі. Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты салынуда. Бүгінде зауыттынң инфрақұрылымы жасақталуда. Созақ ауданында фосфорит кендерін өңдеу зауытының іске қосылғанда 1 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде Каскад ГЭС құрылысы қарқынды. Түлкібас ауданында компания қуаты 320 МВт газ электр станциясының құрылысын жүргізілуде.

Түркістан облысында жалпы өнеркәсіп өнімінің 44,6% үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биыл бұл саладағы өнім көлемін 422,2 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Өнеркәсіп саласында 14,3 мың адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібінде 2023 жылы жалпы сомасы 26,1 млрд. теңгеге 540 жаңа жұмыс орнын құрайтын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда жалпы 5,4 млрд. теңгеге 6 жоба 215 жаңа жұмыс орнымен іске қосылды.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге артып, 867 млрд теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 млрд теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды. Облыс өнеркәсібінің негізгі үлесін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайды. «Қазатомөндіріс» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда.

Жыл басынан бері облыста экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштер 2 пайызға өскен. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан оң серпінді сақтап отыр. Тарқатып айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 519 млрд. теңгеден асып, 4,5 пайызға артты. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібі (231,1 млрд.теңге немесе 106,8%), электр энергиясын өндіру (39 млрд. теңге немесе 33,3%-ға), суды жинау, өңдеу және таратудың (5,7 млрд. теңге немесе 100,4%) есебінен қалыптасты. Бірыңғай индустрияландыру картасына Түркістан облысы бойынша 437 млрд. теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба енгізілді. Аталған жобалар толығымен 2025 жылдың соңына дейін іске асырылмақ. Нәтижесінде 3 мың 305 жаңа жұмыс орны құрылады. Өңірде құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын, 100 жаңа жұмыс орны бар «ZHANASSYL» ЖШС мақта талшығын өңдеу зауыты жүзеге асты.

Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібінде инвестиция сомасы 6 млрд. теңгеге 272 жұмыс орнын қамтитын 12 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 26 млрд. теңгеге 20 жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда (6 жоба іске асырылды, 5,4 млрд. теңге, 215 жұмыс орны). Нәтижесінде 540 жаңа жұмыс орны құрылады.Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.

Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 190 рет