Сенбі, 18 Қараша 2023 16:08

Созақ ауданында 1 трлн теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылмақ

Созақ ауданында 2027 жылға дейін 1 трлн. теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 млрд. теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Жоба құны - 89 млрд. теңге.

Сондай-ақ, 130 млрд. теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы - 2 млрд. текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 млрд. теңгені құрайды.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Созақ ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, жеткен жетістіктер пен жасалған жұмыстың мән-жайымен таныстырғанын айта кетейік. Сонымен қатар алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті.

- Жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Біз өнеркәсіп саласын дамытуға күш саламыз. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық береміз. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі,-деді Дархан Сатыбалды.

Әкімнің осыған дейінгі кездесуінде ауданның бірқатар маңызды мәселелері көтерілген еді. Олар кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асуда. Осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.

Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырады. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылады, жаңа трансформаторлар орнатылады. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 млн. теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар Шолаққорған - Созақ, Созақ - Қарағұр, Шолаққорған - Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев абаттандыру, елді мекендерді таза ұстау мәселелеріне ерекше назар аударады. Аудан аумағын көркейтіп, қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту, жол бойындағы кәсіпкерлік нысандар мен үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары үнемі бақылауда болуы қажет. Бұл жергілікті әкімдердің жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Тұрғындарды да осы жұмыстарға атсалысуға шақырамын.Тазалықты алдымен өзімізден бастасақ, шеттен келетін қонақтарға да дұрыс көзқарас қалыптастыратын боламыз. Былтыр демеушілер есебінен Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шыға беріс жолының бойында 3,2 гектар жер телімі қоршалып, 3,5 мың көшет отырғызылған болатын. Көгалдандыру аймағына тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, қосымша 1,6 га жер теліміне 2 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы, биыл аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 18 670 көшет отырғызылды,-деді өзі сөзінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Ауданда орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда 1,3 млрд. теңгеге бірқатар нысандар бой көтерді. Екі мешіт салып берді. 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырды. 15 нысанды абаттандырып берді. Созақтықтар аз қамтылған көп балалы отбасыларға 11 үй сыйлады. Солардың бірі осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде баспана сұраған мүгедек әйел бүгін арнайы алғыс айту үшін келді. Оған жергілікті кәсіпкер баспана сыйлаған.Халықтың табысын арттыру мақсатында Созақ ауданында 6 айда 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 % құрайды. Бұл облыстағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Жалпы экономикасы дамыған елдер қатарына қосылу үшін ең әуелі әрбір өңірдегі кәсіпорындардың дамуына аса мән берген дұрыс. Себебі өнеркәсіп орындарының жұмысы баяуласа, шет елдік нарықта бой көрсету екіталай. Осыған байланысты Түркістан облысында биыл жыл басында өңдеу өнеркәсібі саласының өндіріс көлемі 97034,6 млн. Теңгені, ал өнеркәсіптік өндірістің индексі өткен жылдың тиісті кезеңіне 110% құрайды.  Бүгінгіде аталған қызмет түрі өндірісінің үлесі облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің   46,4%  құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурызында тамақ өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 24964,8 млн.теңгені құрады, өткен жылдың тиісті кезеңінен 5,3% төмендеді, бұл  ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі, жылқы және жылқы тектес жануарлардың жас немесе тоңазытылған ет өндірісінің  13,5%, үй құсының жас немесе тоңазытылған еті  47,2%, ірімшік және сүзбе  39,4%, өзге де сүт өнімдері  4,3%, дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн; олардан майда  тартылған ұн қоспаларының  9% кемуінен орын алды. Сонымен қатар, басқа тәсілмен дайындалған немесе консервіленген балық өндірісі  27,8%,  жеміс және көкөніс шырындар өндірісі  12,5%, сары май және сүтті спредтер  2,5 есеге жоғарлады.

Сусындарды өндіру саласында өндіріс көлемі өткен жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда  74,9% артты, ал өндірілген өнім көлемі 4256,2 млн. Теңгені құрады, бұл коньяк спирттің өндірген өнімнің 3,5 есе жоғарлауынан орын алды. 2023 жылдың қаңтар-наурызында тоқыма бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар  15405,8 млн. Теңгенің өнімін өндірді және  өткен жылдың тиісті кезеңінен 3,3 есеге жоғары болды, бұл  мақта талшығы  өндірісінің  3,4 есеге  артуынан орын алды. Кокс және мұнай өнімдерін өндіру өнеркәсібінде  2945,6 млн. теңгенің  өнімі өндірілді, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңінен  2,5 есеге жоғары, өндірістің өсуі негізінен мұнай жол битумдар өндірісінің  2,6 есе артық өндірілуінен болды. Өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі өткен жылдың тиісті кезеңіне  23,1% жоғары болды, ал өндірілген өнім көлемі 4466,5 млн.теңгені құрады. Аталған салада өндіріс көлемінің негізінен отқа төзімсіз құрылыс кірпіштердің  35,8%, құрылыс ерітінділердің  5,8 есе өсуінен болды.

Машина өнімдерін жасау өндіріс көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурызында 11210,5 млн.теңгені құрады, өнеркәсіптік өндіріс индексі 2022 жылдың тиісті кезеңіне  113,8% құрады, бұл өзге де злектронды және электр сымдар мен кабельдер өндірісінің  2,3 есе, кернеуі 1000 В артық электр тізбектерін ажыратуға, ауыстырып қосуға немесе қорғауға арналған аппаратура (жоғары вольтты аппаратура) өндірісінің  2 есеге өсуінен орын алды. Сонымен бірге, резеңке және пластмасса бұйымдар өндіру өндірісінде өндіріс көлемі 1408,1 млн.теңгені құрады, 2022 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда  36,8% төмендеді, өндірістің төмендеуі пластмасса құбырлар, түтіктер, жеңдер мен шлангілер және олардың фитингтер өндірісінің  59,8% кемуінен орын алды. Алдыңғы жылдың тиісті кезеңінде киім өндіру саласы бойынша ерлерге арналған жұмыс киімі өндірісінің 11,7% кемуінен, өнеркәсіптік өндірістің индексі  10,9% төмендеді, ал өндіріс  көлемі  438,2 млн.теңгені  құрады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 187 рет