Жексенбі, 12 Қараша 2023 13:20

Созақ ауданы: ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі болып келген «Жылыбұлақ» каналының мәселесі шешімін тапты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі Созақ ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, жеткен жетістіктер пен жасалған жұмыстың мән-жайымен тұрғындарды таныстырды. Сонымен қатар алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті. Халықпен кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев, облыстағы барлық басқарма басшылары қатысты.

Биыл 6 айда Созақ ауданындағы өнеркәсіп көлемінің көрсеткіші 265 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 40 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 19 млрд. теңгеге артқан.

Созақ ауданындағы көп жылдан бері ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі болып келген «Жылыбұлақ» каналының мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінен кейін шешімін тапты. Биыл жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып, облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлінген. Жоба құны – 470 млн.теңге. Бұл канал пайдалануға берілген соң 650 га суармалы жер мен Құмкент, Қызылқанат елді мекендері тұрғындарының 133 га егістік жерлері ағын сумен толық қамтамасыз етілетін болады.

Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылы 19 млрд 671 млн 500 мың теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 429,2 млн теңге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 113,6 млн теңге инвестиция тартылған.Өткен жылы ауданда 14 275 га жерге егіс егілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы үшін 25 жаңа техника сатып алынған. Ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 га, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 га, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 га, барлығы 62 га аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған.

2022 жылдың қорытындысымен барлық санатта 35 445 мүйізді ірі қара, 288 829 қой-ешкі, 23 656 жылқы, 14 375 түйе, 25 587 құс өсіріліп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5416 мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Фермерлік шаруашылықтар 3914 қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алды. Ал биылғы I тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 млрд 867 млн 100 мың теңгені құрады. Бұл саланың негізгі капиталына биылғы I тоқсанда 46,6 млн теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 11 920 га жерге егіс егілді. Бүгінде 3 техника сатып алынды.

Сондай-ақ Шолаққорған-Түркістан бағытында «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып келе жатыр. Демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Алдағы уақытта ол жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Казатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» ш/қ» мен «Дәмен» ш/қ жаңбырлатып суару, «Қуаныш» ш/қ органикалық тыңайтқыш Биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаев» Шағын сүт фермасы биыл аяқталады деп жоспарланған.
Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК өз жұмыстарын жүргізіп отыр. 2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар - Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы биыл желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы аяқталып, қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылды.

Аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалған. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елдімекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.

Былтыр жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға арналған әлеуметтік және бизнес бағдарламасын Үкіметке қайта қарауды жүктегені белгілі. «Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан кейбір өңірлерде әлеуметтік олқылықтар байқалады. Соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан да батыс және оңтүстік облыстардың әлеуметтік проблемасы өңірлік емес, ұлттық мәселе болып отыр. Әлеуметтен бөлек, денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті де ұмытпау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, білімді ұлт кез келген бәсекелестікке төтеп бере алады. «Осы орайда Үкіметке еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және тағы сол сияқты жеке бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жалпы, өңірлердің дамуы мен қолдау әкімдерге байланысты», – деген еді.

Шынын айтайық, еліміздің көптеген өңірінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін, өңдейтін кәсіпорындар аз. Тері-жүн өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Ауыл халқы малдың жүн, терілерін қайда өткізерін білмейді. Осы мәселе шешілетін болса, өңірлердің дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер әлі тұр. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздегі республикалық маңызы бар ірі қалалардың саны бірден үшке дейін жетті. Бұрын ірі қала санатында Алматы ғана болса, қазір миллион тұрғыны бар қалалар қатарына Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары қосылды. Сумен қамту индикаторы бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Атырау, Маңғыстау облыстарына тиесілі. Алайда ауылдық елдімекендерде әлі де шешімін күткен проблемалар жетерлік. Ең төменгі көрсеткіштер Павлодар, Қостанай облыстарында тіркеліп отырған көрінеді. Қазіргі уақытта барлық өңір жіті бақылауға алынған. Жаңа бағдарлама бойынша қаражаттың басым бөлігі осындай өзекті мәселелері көп өңірлерге бөлінеді деп жоспарланғаны қуантады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 254 рет