Жалпы өңірлік өнімінің 92,5 пайызын, 419 млрд. 677 млн. теңгесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде, 329 млрд. 367 млн. теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (уран кендерін өндіруге), 85 млрд. 32 млн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне (уран, алтын өндірісіне) тиесілі.
Енді бір қуанарлық әрі көңіл толатын жағдай аудан экономикасына жарты жылдың көлемінде 40 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Аталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде, уран өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға бағытталған.
Созақ ауданы еске түскенде ауыл дамуға бет алған шаруашылығы еріксіз еске оралады. Мәселен былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 17 млрд. 638 млн теңге болып, өткен 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд. 61 млн теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 378,3 млн теңге инвестиция тартылған. Шолаққорған, Созақ, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдық округтері мен Таукент кент әкімдігіндегі шаруалар 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.
Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. 2020 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.
Келесі салмақты сала кәсіпкерлік. Осы бойынша аудан көлемінде былтыр 405 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 362-ге жетті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді.
Құрылыс саласы бойынша ауданда былтыр 843,3 млн. теңгенің құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 100%-ын құрады. Аудан көлемінде 2021 жылы 8 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, 4 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар Шолаққорған ауылы Ақшам мөлтек ауданын жарықтандыру құрылысы, С.Қожанов атындағы тарихи-аймақтық мұражайының құрылысы, Қарақұр ауылындағы 75 орындық мәдениет үйі, Шу ауылы әкімі аппаратының ғимаратының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 нысанның Жуантөбе, Қаратау ауылы әкімі аппараттарының ғимараты, Аққолтық елді мекеніндегі 75 орындық мәдениет үйі, Шолаққорған ауылы С.Қожанов көшесіндегі екі қабатты әкімшілік ғимаратына қосымша жай (военкамат) құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталды.
Шолаққорған ауылының ішкі жүйесін газбен жабдықтау жұмыстарына 2021 жылы 1 млрд. 45 млн. 232 мың теңге бөлініп, 150-ге жу-ық көшеге газ құбырлары жүргізілген. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 35 елді мекеннің (54259 адам) 28-і (халық саны 60 690 (97%)) орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 7 елді мекенге (Созақ, Шақырық, Теріскей, Шолаққорған, Қозмолдақ, Қарақұр, Қаратау) ауыз су сағатпен берілуде, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген (халық саны 2087) (3%). Сондай-ақ, жер асты су қоры бекітілген Балдысу, Қарабұлақ, Саржаз, Басбұлақ және Шақырық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлену жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік саладағы кешенді жоспарды іске асыру аясында 3409 адамды қамту жоспарланса, 3108 адам қамтылып, жоспар 91,2 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты «кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту» бойынша – қысқа мер-зімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінен оқуға ниет білді-рушілер бойынша тізім жасақталып, 60 адамды оқыту жоспарланып, жергілікті бюджеттен 13 млн. 550,0 мың тенге қаржы қаралып, 2021 жылы 60 адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 59 адам оқуын аяқтап, мамандағы бойынша тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 78 адам шағын несиемен қамту жоспарланып, 2021 жылы 65 адам 268 млн. 320 мың. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 180 адам оқыту жоспарланып, 181 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданып, оқуды толық аяқтаған 171 адамға сертификаттар табысталды.
Бағдарламаның үшінші бағыты «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде биылғы жылға 1 288 жалпы жаңа жұмыс орындары ашылу жоспарланса, өткен жылдың қорытындысымен 2 145 жаңа жұмыс орыны ашылып, жоспар 166,5 % орындалды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл ішінде 144 адам жолдау жоспарланып, 571 адам жолданды (жоспар 405%).
Созақ ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауданда аталған жоба аясында тауяда мәдениет ошағы салынып, пайдалануға берілді. Осы «Ауыл – ел бесігі» жобасы демекші, таяуда Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырды. Осы жобаны жүзеге асыруда көш соңында келе жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, есептерін тыңдады. Жұмысты күшейту керектігін айтты.
– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей отыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жоба жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық мәселесін шешіп қана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бектілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселесі қаралады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша, 240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Алайда құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау қызметі бойынша бірқатар жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталмаған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды жылдам аяқтауды тапсырды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат