Сәрсенбі, 08 Қараша 2023 13:42

Созақ ауданында ендігі жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады

2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады.

«Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Облыс және аудан әкімдігі өнеркәсіп саласын дамытуға күш салып жатқанын айта өткен жөн. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық беріп жатыр. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Созақ ауданының облыстағы үлесі 60 пайызды құрайды. Биыл 6 айда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 283 миллиард теңгені құрады. Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған аудан болғандықтан, облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Жергілікті бюджет кірісі жыл басынан бері 7,5 миллиард теңгеге жеткен. 14 мың гектар жерге егін егіліп, өсімдік шаруашылығының өнімі 4,7 миллиард теңгені құрады. Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінде іске асырылуда. 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 76 жоба мақұлданды.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыс тұрғындарымен есептік кездесуі кезінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бірқатар сын айтылуына байланысты облыс басшысының тапсырмасымен бағдарламаның іске асыру барысына талдау жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Енді оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады.

Облыс әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұловтың баяндауынша, облыс әкімі аппаратынан жұмыс тобы құрылып, олар бағдарламаға қатысатын 64 ауылдық округті аралап шыққан. Несие алушылардың арасында 18 сұрақтан құралған анонимді сауалнама жүргізілген. Тұрғындармен сөйлесу кезінде жобаға қатысқан 340 тұрғынның басым бөлігі мал шаруашылығы бағытын таңдағаны анықталған. Несие алып, кәсіп ашуға бел буғандардың арасында Ырыс микроқаржы ұйымы тарапынан кепілге қойылатын мүліктің тәуелсіз бағалаушы мекемелер бекіткен бағадан төмен бағалауы да кері әсерін тигізуде.

Халыққа түсіндіру жұмыстары да төмен деңгейде жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындар қосымша шығындарға ұшырауда. Талдау қорытындысымен танысқан облыс әкімі жауаптыларға қатаң ескерту жасады. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру бойынша нақты шаралар қабылдауды, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.

— Мен халықпен кездесуде осы «Ауыл аманаты» бойынша бағдарламаның жүзеге асу барысын білу үшін халықтың өзінен сұрап отырдым. Сонда несие алғандардан қандай қиындықтардың болғанын білдім. Жерлестеріміздің шағымы көп. Атап айтқанда, тұрғындар рәсімдеу кезінде құжаттардың созбалаңға салынуы, олардың тізімінің тым көптігі, қаржыландырудың төмендігі секілді кедергілерге кезігуде. Халықтың талабы орынды. Қолдан кедергі жасалынғандай. Халыққа түсірдіру керек. Ал, бізде аудан әкімдері өзімен өзі, бағдарламадан тыс қалып, қарап отыр. Ауыл әкімдерінің халықпен байланысы жоқ. Бағдарламаның жүзеге асуына кедергі болғандар анықталып, оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады, — деді облыс әкімі.

Бағдарламаның жүзеге асу барысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұр. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ауданда орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда 1,3 миллиард теңгеге бірқатар нысандар бой көтерді. Екі мешіт салып берді. 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырды. 15 нысанды абаттандырып берді. Созақтықтар аз қамтылған көп балалы отбасыларға 11 үй сыйлады. Солардың бірі осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде баспана сұраған мүгедек әйел бүгін арнайы алғыс айту үшін келді. Оған жергілікті кәсіпкер баспана сыйлаған.

Индустриалды аймақ демекші, жыл басында Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардағы проблемалалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылған айта кетейік. Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында өңірдегі индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалған болатын. Ондағы жұмыстардың бәсеңдеуін айтқан облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алды. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жүктеді.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасовтың баяндауынша, облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында орналасқан. «Turkistan» индустриялды аймағы 2019 жылы құрылған.

Мәжілісте проблемалық мәселелер ортаға салынды. Аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.

- Кей индустриалды аймақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегендіктен, бірталай шығын келтірілген. Нысандардың инфрақұрылым жабдықтары ұрланып, жұмыстар тоқтап тұр. Осы кемшіліктердің барлығын қалпына келтірілуі тиіс. Жоспар құрып, жаңа жобалар ұсыныңыздар. Индустриалды аймақтардағы проблемалардың мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылсын. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынсын. Облыстық басқармалар аудан, қала әкімдерімен басқарушы компаниялар арасында тиісті деңгейде үйлестіру жұмыстары жүргізілуі тиіс,- деді облыс әкімі.

2019 жылы құрылған Түркістан облысының «Turkistan» индустриялды аймағындаөткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 34,1 млрд. теңгеге 2,5 мыңдай жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Инвестжобалар металургия өнеркәсібінде, машина жасау саласында, тамақ өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында жобаға асуда. Сондай ақ биыл жалпы құны 5,8 млрд. теңгеге 375 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

- Өңіріміздің инвестициялық климатын жақсарту мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 % қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 млрд.теңгеге СПК арқылы өтінім жіберілді. Алайда қаржыландыру тәртібі әлі бекітілмеген. Ағымдағы жылдың мамыр айында қаржыландыру тәртібі бекітілуі күтілуде. Қаржыландырған жағдайда СПК тарапынан құрылыс жұмыстары басталады,-деді басқарма басшысы.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 218 рет