Дүйсенбі, 20 Қараша 2023 14:13

Түркістан: Отырарда жалпы құны 67 млрд теңгеге жуық инвестициялық жобалар жүзеге асады

Отырар ауданында биыл 9 айда жалпы өндірілген өнім көлемі 80,1 млрд теңгені құрады. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі – 15 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығының өнім көлемі - 29,7 млрд. теңге көлемінде. Бұл туралы бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі – 26,3 млрд теңге жеткен. - 2023-2025 жылдары ауданға жалпы 66 млрд 970 млн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда 26 инвестициялық жоба іріктелді. Биылғы жылы ауданда 2 инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда, «Arm Wind» ЖШС-і күн энергиясын алатын 100 мыңға жуық панель орнатып, жоба толық іске қосылды. Қазіргі таңда онда 50 адамды жұмыспен қамтылған. Екіншісі, 50 адамға арналған қонақ үй жобасы. Бүгінгі таңда кешен өз жұмысын бастады, - деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, Отырар ауданы бойынша 38 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүруде. Ал табиғи газ 13 елді мекенге беріліп отыр. Олар: Ақтөбе, Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Қарақоңыр, Қарғалы, Ш.Қалдаяқов, Мыңшұқыр, Ынталы, Қоғам, Бестораңғыл, Ақтам, Талапты, Шәуілдір елдімекендері. Қалған елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары жалғасуда. Аудан көлеміндегі жалпы автокөлік жолдардың ұзындығы – 863,25 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайдағысы - 543,93 шақырым.

Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда Отырар ауданына жасаған сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездескенін де айта кеткен жөн. Шаруа жүгерінің «Маями» сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады екен. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтқан еді.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастағанын айта кетейік.

Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егілген. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдері. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.

Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесу өткізгені белгілі. Сондай-ақ, жиналыста  тарихи өлкеде  атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар легі  талқыланды. Елмен еркін диалог орнап, өзекті мәселелер қозғалды. «Бұл аймақ Түркістан қаласымен бірге дамиды. Туристік әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтырады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын күшейту маңызды. Алдағы екі жылда ауданда 16 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Оның ішінде ірілеріне тоқталып өтсем, «Arm Wind» серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын күн электр станциясы салынып жатыр. Сонымен бірге, ауданда балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да маңызды. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге. Сонымен бірге құны 1,1 млрд. теңгелік «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деген жоспар бар. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл ретте сіздер де сол жұмысты қадағалап, назарда ұстауларыңыз керек. Мәселелерді ақылдасып шешуге дайынбыз», – деді Дархан Сатыбалды.

Былтыр Отырар ауданында жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің жоспары 33,4 млрд теңге болса, жыл көлемінде жиналған өсімдік шаруашылығының және мал шаруашылығы өнімдерінің есебінен орындалу 35,5 млрд теңге жетіп, нақты көлем индексі 104,2 пайызды құрады (оның ішінде өсімдік шаруашылығы 21,4 млрд теңге, мал шаруашылығының өнімі 13,8 млрд теңге). Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 4,4 млрд теңгеге артқан. Ал ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға тартылған инвестицияның жоспары 3,0 млрд теңге болса, жыл қорытындысымен 8,8 млрд теңгеге орындалып, жоспар 3 есеге артығымен орындалды. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция көлемінің жоспары 380,2 млн теңге болса, орындалуы 100 пайызды құрады. Өткен жылдың қорытындысымен мал басының өсімі өткен жылдың осы кезеңмен салыстырғанда өскен. Атап айтсақ: мүйізді ірі қара 59 927 бас немесе 101,4 пайызға, уақ мал 408 089 бас немесе 105,8 пайызға, жылқы 19 445 бас немесе 106,3 пайызға, түйе 9 700 бас немесе 101,6 пайызға артқан.

Өткен жылы негізгі капиталға салынған жалпы инвестициялар көлемінің жылдық жоспары 23 млрд 600 млн теңге болса, орындалуы 24 млрд 948 млн 200 мың теңге болып, нақты көлем индексі 152,2 пайызды құрады. (Оның ішінде: бюджеттік инвестиция 3 млрд 820 млн теңге, жеке қаржы есебінен 21 млрд 128 млн теңге). 2023-2024 жылдары ауданға жалпы 66 млрд 970 млн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда 26 инвестициялық жобалар іріктелді.

Оның ішінде ірі деп саналған 7 жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, олар:

— жүгеріден биоэтанол өнімін шығару жобасы «Отырар Био Тех» ЖШС, құны 50,0 млрд. теңге;

— күн электр энергиясын өндіру бойынша «Arm Wind» ЖШС-і құны 12 млрд 500 млн теңге;

— 400 бастық сүт фермасы және құрама жем шығару кәсіпорыны «Ontustik Altair» ЖШС, құны 1 млрд 100 млн. теңге;

— құрама жем шығару кешені «Созақ балық өнімдері» СТК, құны 1 млрд 200 млн. теңге;

— тауарлы балық шаруашылығын дамыту жобасы «Жұлдыз» ШҚ, құны 550 млн. теңге;

— ет және сүт өнімдерін өндіру «Есжанов Отырар» ЖК, құны 250 млн. теңге.

— шұжық цехтарын ашу бойынша «Нұрсейіт» ЖК, құны 150 млн. теңге.

Одан бөлек, құны 1 млрд 220 млн. теңгені құрайтын 18 шағын жобалар (мал, құс шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету және шағын өңдеу цехтары) іске асырылатын болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 201 рет