«Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға 700 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асыруда. Бас мердігері – Корей мемлекетінің «Doosan ENTERBILITY CО LTD» және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы. Шетелдік мамандармен бірлескен жұмыс қазақстандық инженерлердің, жобалаушылардың, құрылысшылар мен энергетиктердің тәжірибесін шыңдайды.
- Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асады. Маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тапшылығы толық шешіледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс те қарқынды дамытуға мүмкіндік береді, - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады.
Жаңа бу-газ электр станциясының ерекшелігі – қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр станциясының негізгі жабдықтары европадан, яғни Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Станцияның құрылысын 2024 жылы бастап, 2026 жылы толық іске қосу жоспарлануда.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 га жер бөлінді. Аталған жоба арқылы өңірдегі энергия тапшылығы реттеліп қана қоймай, өзге аймақтарды да сапалы энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, Бу-Газ Турбиналы Қондырғылы электростанцияның артықшылығы – өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын өндіреді. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.
Мұнан соң Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Өңір басшысының бұдан бұрынғы жұмыс сапары кезінде анықталған кемшіліктерді жою және алдын алу шаралары талқыланып, осы бағытта атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
– Сайрам ауданы экономикасының басты саласы – ауыл шаруашылығы. Алайда бұл бағытта нақты жоспар да орындалмай отыр. Бұл ретте, «Ауыл аманаты» бағдарламасын нәтижелі іске асырып, жоспарды орындауға барлық мүмкіндік бар еді. Бірақ бұл бағдарлама бойынша да жоспарланған межелерге қол жеткізілмеген. Сондай-ақ өнеркәсіпті де дамыту керек. Қазір әрбір ауданның дамуына инвестиция тартудың да үлесі зор. Жұмысты күшейтіп, қажетті шараларды қабылдаңыздар. Өйткені тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз ауданға айналдыру бәріміздің ортақ міндетіміз болуы тиіс, – деген облыс әкімі аудан әкімі мен тиісті сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.
Ауданның дамуы туралы аудан әкімі Арман Сәбитов баяндама жасады. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов өз баяндамасында Сайрам ауданының өзекті мәселелеріне тоқталды.
Соның ішінде инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауылшаруашылығын дамыту, мал сою бекеттерінің жұмысы, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, көпқабатты үйлердің қасбеттері, елдімекендердегі демалыс орындарымен парк, скверлерді ретке келтіру секілді мәселелер бар. Мәжілістегі тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында Низамабад елді мекеніндегі «Ecoinvest S.A» ЖШС жылыжайына барды. Жобаның құны 7,5 миллиард теңгені құрайды. Жылыжай жылына 6000 тонна қызанақ, ал 2 кезең іске асқанда 12 000 тонна өнім береді.
Айта кету керек, жылыжай шетелдік инвестиция көздері арқылы жүзеге асырылған. Екінші кезең іске қосылғанда 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінде кәсіпорында 170 қызметкер жұмыс істейді. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды, осындай жобаларды көбейтуді тапсырды.
Облыс әкімі аудан орталығы Ақсукентте орналасқан «Белсенді ұзақ өмір орталығының» салтанатты ашылуына қатысты. Аталған орталық мүгедектігі бар зейнеткерлік жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартады. Сонымен қатар, адамдарды және зейнеткерлік жастағы азаматтарды медициналық емес сипаттағы сауықтыру іс-шараларымен қамтамасыз етпек. Мамандардың айтуынша, бұл орталықтың мүгедектігі бар адамдардың және зейнеткерлік жастағы адамдарды физикалық және психикалық қолдауда маңызы айрықша.
Дархан Сатыбалды Манкент ауылдық округіндегі жаңадан ашылған «Өзге» спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Аталған нысанның құны 770 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекеттен 170,0 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.Іссапар барысында облыс әкіміне мемлекеттік гранттар арқылы кәсібін бастаған тұрғындардың өнімдері таныстырылды. Ауданда шағын кәсіпті дамыту жұмысы жалғасады.
Түркістан облысының әрбір аудан, қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту бағытында бірқатар жобалар қолға алынып, облыс әкімімен арнайы жоспарлар бекітілген. Бұл ретте облыс тұрғындарының ұсыныстары өте маңызды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының кезекті бірыңғай қабылдауы Сайрам ауданында өтті. Манкент ауылында орналасқан «Өзге» спорт кешенінде аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Еркін форматта өткен қабылдауға келгендердің дені инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға қатысты сұрақ қойды. Қазіргі таңда облыстың бірнеше ауданында газдандыру жұмысы қарқынды жүруде. Қабылдауға жазылған азаматтар Қасымбек Датқа ауылы, Жаңақұрылыс аумағына шамамен 1500 үйге табиғи газ тарту, Көлкент ауылына газ кіргізу мәселесін көтерсе, енді бірі «Қарамұрт-Газ» ЖШС-нің жайын айтты. Сондай-ақ ауыл тұрғыны «Құрлық ауылына мәдениет және спорт нысаны салынса» дейді. Өңірде ауыз су мәселесін реттеу қолға алынғаны белгілі. Аудан тұрғыны осы бойынша өтінішін жеткізді. Ал келесі азамат Қарабұлақ ауылындағы ауыз су мәселесінің шешілуіне байланысты алғысын білдірді.
Қарасу ауылы мен Шымкент қаласының шекарасындағы темір жол көпірін кеңейту, сонымен қатар субсидия жайы, аудан көлеміндегі көпқабатты тұрғын үйлер салу туралы да айтылды. Бидай жинайтын қойма салуға құзырлы органдардың кедергі келтіруі сөз болды. Ауыл тұрғыны Қарабұлақ ауылындағы «Қазпошта» және аурухана мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
Жалпы қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Қордаланған мәселелерді мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті сала мамандарына заң аясында шешуді тапсырды. Дәл осындай форматтағы жеке қабылдау барлық аудан, қалада жалғасады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат