Дүйсенбі, 27 Қараша 2023 17:17

Бауырлас елдердің инвесторлары Түркістан өңірінің әлеуетін жоғары бағалады

Түркістанда өткен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форум мазмұнды жиынмен жалғасты. Атап айтсақ, Түркістан төрінде Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті қорытындыларына арналған түркі сауда-өнеркәсіп палатасы одағының бизнес форумы өтті. Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бизнес өкілдері қатысты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстар нығая түскенін мәлімдеді.

– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Осыдан 3 апта бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту, өзара қарым-қатынасты арттыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форум саммитте көтерілген бастамаларды одан әрі жетілдіруге үлкен серпін береді деп сенемін, – деген Дархан Сатыбалды Түркістан облысында Түркия, Өзбекстан және өзге де мемлекеттермен бірге маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Бизнес форумда Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев бұл жиын ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға серпін беретінін жеткізді. Түркістан шаһарының тарихи маңызына тоқталып, халықаралық форум арқылы ірі келісімдер жасаларына сенім білдірді. Сонымен бірге жиында Өзбекстан, Азербайжан, Қырғызстан мемлекетері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, лауазымды тұлғалары, спикерлері экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Түркістан – инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі. Облыс құрылған сәттен бастап 5 жыл ішінде, өңірге 6,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тез нығайып келеді.

Айта кету керек, Түркістан облысының Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 400 млн. АҚШ долларын құрады.ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанда бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл алаң бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, Түркістан облысы біркүндік келушілер арасында ТОП-3 бағытқа кіріп отыр. Одан бөлек сауалнама нәтижелері тағы да қайтып келгісі келетін ТОП-5 бағыттың қатарына енгенін көрсетті. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, ел ішінде ең көп саяхаттайтын аймақ ретінде Түркістан өңірі көш бастап, Алматы облысы мен Астана қаласын артта қалдырған. Бұл туралы бүгін TIF’2023 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы аясында өткен салалық сессияда айтылды.

Туризм индустриясын дамыту жөніндегі панельдік сессияға алыс-жақын шетелден келген спикерлер баяндама жасап, талдауларын ұсынды. Саладағы тәжірибелі тұлғалар мен сарапшылар Қазақстандағы туризмді жан-жақты ілгерілету тәсілдерін талқылады. Сессияның модерторы әрі спикері DARS Consulting (Ұлыбритания) компаниясының директоры, Еуразиядағы BBC Global News коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин «Аймақтың туристік бренді» тақырыбында сөз қозғады. Контент пен коммуникацияның сапасы, әлеуметтік желімен жұмыс, жарнама жасау бойынша анализ жасалған презентациясын таныстырды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, жоспарлармен бөлісті.– Түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қазақ хандығының 200 жылдай астанасы болған Түркістанның тарихы 1500 жылдан астам уақытты қамтиды. Ал өңір экономикасындағы басым бағыттың бірі туризм саласы болып айқындалған. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының кеңесуімен Түркістан қаласы – 2024 жылы Түркі мемлекеттерінің туристік астанасы атанды. Бүгінгі мемлекеттік ұйымдардың, туристік қауымдастық өкілдерін, әлеуетті инвесторларды басын біріктірген туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулер мен келісімдер Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан туризм орталығына айналады деп сенемін, – деді Бейсен Дәулетұлы.

«Kazakh Tourism» ҰҚ Басқарушы директоры Даниел Сержанұлы «Туризмдегі коммуникация» тақырыбында пікір білдірді. Саланың мықты және әлсіз жақтарын талдау, мақсатты нарықтардың қолжетімділігі, Орталық Азиядағы тренд, туристік ағындардың алмасуы, әлемдегі жоғары бәсекелестік, елдер арасындағы логистиканың төмендігі, бірыңғай саясаттың болмауы туралы айтты. Спикердің айтуында киелі Түркістан өлкесінің танымалдылығы – Ұлы Жібек жолы турмаршруты негізінде артып келеді. Бұл тұста әлемдік тәжірибені бейімдеу, туристерді қабылдау жүйесін құру, бірыңғай навигация жүйесі, турмаршрут сертификаты, цифрландыру мен геймификация қызметтерін қолға алу қажет.

Сессия барысында YDA Group бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Ахмет Хамди Гювенч, Халықаралық туризм және меймандостық университеті Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қарлығаш Аралбекова, кәсіпкер әрі инфлюенсер Омар Сабина, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, «Freedom Finance Global» талдаушысы, салалық зерттеулердің авторы Аңсар Әбуев, «Silk Road» жобасының жетекшісі Айнаш Ерімбетова туристік нарықтың зерттелуі, инфрақұрылым, көлік қатынасы, оқиғалық туризм, қазіргі сын қатерлер мен мүмкіндіктер, кадрлар даярлау жайында пікірлерін ортаға салды. Сессия спикерлер мен қатысушылар арасындағы талқылаумен қорытындыланды.

  «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 1028 рет