Дүйсенбі, 06 Қараша 2023 18:07

Түркістан облысы: мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі

Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. Өңірде жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданындағы мақта алқаптары мен мақта зауыттарында болды. Мақта өсірушілермен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Шаруалар талап-тілектерін ортаға салып, мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру, мақта өсіріп, оны терең өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын саласын дамытуға нақты қадамдар жасау мәселелерін ортаға салды.

Түркістан өңірінде 70 мыңға жуық фермер жұмыс істейді. 2022 жылы 362 мың тонна мақта жиналды, биыл 300 мың тоннаға жуық мақта жиналады деп күтілуде. Өңірде жаппай егін жинау науқаны басталды. Бұл сала соңғы жылдары жағымсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырауда. Экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегі бұзылды, мақта сапасының төмендігінен шетелдік трейдерлер тарапынан қазақстандық шикізатқа сұраныс азайған. Биржадағы шикізаттың бағасы төмен.

Кездесуде өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі айтылды.

Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта-тоқыма кластерін салу жобасы әзірленді. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылады. Нәтижесінде 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайынғы түсімдердің көлемі 26,2 млрд. теңгеден аспақ. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Осы орайда Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде «Global Textile» компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті.

Мақта саласын тоқыма және тігін өнеркәсібімен толыққанды дамыту үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамытуға күш салынған. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын қамтамасыз етеді. Тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Мақта шаруашылығы саласының проблемалық мәселелері барлық мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Негізгі субсидиялардан басқа (минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар, жеңілдетілген несиелік ресурстар және т.б.) саланы қолдау үшін шаралар қабылдануда. Түркияның мақта тұқымын өндіруші ірі компанияларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1 мың тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Наманган – 77» тұқымдық шиті сынама ретінде егілді. Алайда фермерлер жаңа тұқымын ауыстыруға асықпай отыр.

Шаруалармен кездесуге келген Global Textile компаниясының өкілі зертхана нәтиежесімен бөлісті. «Наманган» мақтасы еуропалық сынамалардан өткен және барлық талаптарға сай. Сапа артпай, сұраныс өспейді. Сондықтан болашақта мемлекет қызметі белгіленген стандарттарға сәйкес келетін фермерлік шаруашылықтарға ғана қолдау көрсетеді.– Мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Біз үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие, – деді Дархан Сатыбалды.

Іссапар барысында облыс әкімі мақта өңдеу зауыттарында болды. Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Cotton мақта» зауыты жылына 60 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Жоба құны – 3 млрд. теңге. Биыл іске қосылған кәсіпорын 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.Одан кейін Дархан Сатыбалды мақта өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындарда болып, жұмыс барымен танысты. Мақта талшығын қайта өңдеумен айналысатын «Мырзакент»МӨЗ» ЖШС жылына 65 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Мұнда 450 адам жұмыс істейді. 17 гектар жерде орналасқан зауыт 2014 жылы іске қосылған.

Іссапар барысында облыс әкіміне «Мадина» кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Онда киіз үй, ұлттық киімдер және қолөнер бұйымдары шығарылады. Жылына 25 киіз үй тігетін өндіріс орны 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне жібереді.

Өңір басшысы Достық ауылдық округінде орналасқан «Светлана» шаруа қожалығында да болды. Қожалық 60,5 гектар жерге мақтаның 4 сортын, 3 гектарға бақша өнімдері және 7 гектар жерге жоңышқа екен. Қажетті техникалармен қамтамасыз етілген.

Былтыр 126,3 мың гектар алқапқа тұқым себіліп, 360 мың тонна өнім жиналды. 30 мың тонна ақ ұлпа Молдова, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қытайға жөнелтілді. Есеп-қисапқа салсақ, мақта талшығының бір тоннасы — 285 мың теңге. Ал өңделіп, одан жасалған төсек жамылғысының тоннасы — 2,9 млн теңге. Осыдан-ақ өңірде мақта кластерін дамыту, шикізатты өңдеу арқылы тоқыма өнеркәсібін жолға қою қаншалықты тиімді екені байқалады.

Кәсіпкерлікті өркендетуде елімізде жетекші орын алатын облыс бұл салаға мықтап көңіл бөле бастады. Әкімдік пен инвестор арасында бірлескен жұмысты бекемдейтін Жол картасы дайындалды. Арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтар құрылған. Өңір басшысы Дархан Сатыпалдының айтуынша, диқандар 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Шикізаттың тек 15 пайызы ғана терең өңдеуден өтетінін ескерсек, оның көлемін арттыру, сөйтіп, жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын шығаратын өндіріс ошақтарын көбейтуге мүмкіндік мол. Үкімет өңірде мақта кластерін өркендетуге көңіл бөліп отыр. Жазда аймаққа жұмыс сапарыменкелген Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин облыста жүзеге асырылатын бірқатар жобамен танысқаны белгілі. Сапары барысында С. Жұманғарин шикізатты қайта өңдеудің маңызына тоқталған болатын. «Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан, мақта кластерін дамытуға Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік орындарының осы саланы дамытып, халықаралық наорыққа шығуы аса маңызды», — деді ол.

Бұл істе инвестор тарту мен тиімді тәжірибе алмасудың мәні зор. Осы мақсатпен көршілес Өзбекстандағы кәсіпкерлермен іскерлік байланыс орнатылғанын айта кетейік. Облыс әкімі мен өзбекстандық «Global Textile Group» компаниялар тобының жетекшісі Мұзаффар Разаковпен кездесіп, бірлесіп атқарылар шаруа жайын пысықтаған болатын. Дархан Сатыбалды жүздесуде ақ ұлпаны терең өңдеу көрсеткішін арттыру қажеттігін атап өтті. Бірлескен жобаларды іске асыру, әсіресе, жеңіл өнеркәсіп саласында тәжірибе алмасу екі жаққа да тиімді екеніне тоқталды. Ал М. Разаков облыс әкімдігі мен инвестор арасында Жол картасы әзірленгенін айта келе, Мақтарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалғанын хабарлады. Мәмілеге сәйкес, биыл 10 мың гектар алқапқа мақта егіледі. Өнімнің түсімін арттыру үшін Өзбекстаннан 300 мың тонна жоғары сапалы мақта тұқымын әкелу көзделіп отыр. «Ақ алтын» көп жиналса, егістік аумағы жыл сайын ұлғайтылады. «Global Textile Group» ақ ұлпаны жергілікті диқаннан жоғары бағамен сатып алады. Мақта кластері шикізатты қайта өңдеу көлемін арттырып, қазіргі 17 мың тоннадан 66 мың тоннаға жеткізуді көздейді.

Бұдан өзге, осы аудандағы индустриалдық аймақта ашылатын өндіріс ошағында тәулігіне 32 мың шұлық пен 500 костюм тігу көзделуде. Бұған қоса, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тігін тоқыма тігін фабрикасын ашу жоспарланып отыр. Жалпы 2027 жылға қарай аймақта жоғары сапалы бұйым шығаратын 75 кәсіпорын құрылмақшы. Осы өндіріс ошақтары 41 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Аталған жобалар жүзеге асқан кезде тұтынушыға киім, мата, өзге мақта бұйымдарын ұсынатын жеңіл өнеркәсіп нысандарының қатары молаяды. Импорттың орнын экспорт алмастырып, алыс-жақын елдер Қазақ мақтасынан тігілген киім жер-дүниені аралайтын күн алыс емес.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 77 рет