Сәрсенбі, 08 Қараша 2023 18:28

Арыста мал бордақылау, сүт өндіру бағытында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коопертиві құрылды

Түркістан облысы Арыс қаласының ауыл шаруашылығы саласында биыл жоба құны 8 млрд. теңгені құрайтын «TURKESTAN AGRO.KZ» компаниясы 50 мың ірі қара малды бордақылау үшін алаң ашуды жоспарлап отыр. Ал, «KAZPLEMZAVOD» компаниясы 10 мың бас ірі қара малды өсіруді және көбейтуді қолға алды. «KING MILK» компаниясы Түйе сүтін қайта өңдеу жобасын іске асырды. Ұнтақталған өнім шығарып, оны экспорттайды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 бағыт бойынша тұрғындардың 2,5 пайызбен несие алуы 5 ауылдық округте іске асырылуда. Сондай-ақ мал бордақылау, сүт өндіру бағытында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивтері құрылды. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақдала, Дермене ауылдық округінен 81 жоба қабылданып, 300 млн. теңгеге 63 жоба қаржыландырылды.

Сонымен бірге, Арыс қаласында биыл мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу зауытының құрылысы басталады. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын шығаратын зауыт пен кәріз жүйесіне арналған пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, сыйымдылығы 9 мың тоннаны құрайтын астық сақтау қоймасының құрылысы басталды. Сонымен қатар минералды сусындар шығаратын цехын кеңейту жоспарланған. Бұл туралы Арыс қаласының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.

Теміржолшылар қаласындағы тұрғындар өтініші өңір басшысының назарында. «Наурыз» тұрғын ауданындағы теміржол көпірі астынан жаңбыр және еріген қар сулары ағатын арнадан бөгеттер алынып, тазаланып, кедергісіз су өтуге жағдай жасалды. Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округі, Қалаш елді мекенінің жер учаскелеріне Арыс қаласының Парковый, Алатау, Стадион шағын аудандарының тұрғындары малдарын кедергісіз жайылуына рұқсат берілді.

– Биылғы наурызда өздеріңізбен осында кездескен кезде, қаланы дамытуға септігі тиетін маңызды мәселелер көтерілген болатын. «Астана-Сарыағаш» бағытындағы пойызға халық сұранысының аз болуына байланысты, бұл мәселе тиісті министрлікпен келісіліп, поезд қатынасы «Астана-Шымкент» бағытына ауыстырылды. Арыстағы орталық қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көмірден табиғи газға ауыстыру мәселесі бойынша облыстық бюджеттен 187 млн. теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал орталық қазандықты газ жүйесіне қосу мақсатында республикалық бюджеттен 100 млн. теңге қаралып, жалпы құны 542 млн. теңге болатын қосымша модульді қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз көріп, естіп отырсыздар, атқарылып жатқан шаруа көп. Жобалаған доспар да жеткілікті. Проблеманы жасырмай, ашық айту керек. Біз оның шешу жолын қарастырып, заң аясында жүзеге асыруға күш саламыз, – деді облыс әкімі.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көшелер жөнделіп, жарық жүйелері жөнделуде. Құм, тас таситын ауыр жүк көліктер жүретін айналма жол салу, сондай-ақ тәулік бойы автоматты режимде жұмыс істейтін көлік құралдарының салмағын өлшейтін бекетті орнату жоспарлануда. 2022 жылдың қараша айынан бастап қаладағы 6 тұрғын ауданы табиғи газға қосылды. Жұмыстар жалғасуда.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6 мың 609-ға жетіп, оларда 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Арыс қаласы бойынша былтыр 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Арыс қаласында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Арыста 2 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 5 мектептің қосымша корпустарына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлердің есебінен 3 жаңа мектеп және 5 балабақша ашылады деп жоспарлануда. 2024 жылы теңгеге инвестор есебінен автобустар жаңартылатын болады. Арыс қаласы мен елді мекендерді көгалдандыру мақсатында былтыр 1 гектар жер телімі бөлініп, тұқымбақ құрылды. Қазіргі таңда тамшылатып суғару әдісімен 80 мың дана жас көшеттер өсуде.

«DERMENE AGRO GROUP» компаниясы Балық өсіру, көбейту жобасын іске асыруда. Жоба құны 50 млн. теңгені құрайтын бұл компания 50 мың «сазан» өсіріп, балық шаруашылығын дамытып отыр.

Дермене ауылында балық шаруашылығымен айналысып жатқан «DermeneAgroGroup» серіктестігі өткен жылы 6 жасанды тоғанға сазан тұқымдас тұқы (карп) шабақтарын жіберген. Сол кезде орташа есеппен 72 грамды құраған шабақтардың салмағы бүгінде 1 килограмға жеткен. Осыған орай, балықтар сыйымдылығы 10 мың текше метр құрайтын жасанды көлге ауыстырылды. Арнайы жемнің арқасында тез жетілетін балықтар, сәтін салса, күз айында ішкі нарыққа сатылымға шықпақ. Бүгінде 3 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отқан дерменелік кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы шаруашылығын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Атап өту керек, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында келеді.

– «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде. Балықшылар соңғы уақытта су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлуді сұрап жүр.

Жалпы, облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған-ды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма бергені есте. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындауды облыс әкімдігі жіті назарда ұстап отыр.

–Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – дейді Ермек Кенжеханұлы.

Қаладағы жұмыссыз отбасыларға егіншілікпен айналысуға жағдай жасау мақсатында Арыс қаласында жалпы көлемі 50 гектар жер қоршалып, 2 ұңғыма қазылып, арнайы су жинайтын 60 тонналық құрылғы қойылды. Аз қамтылған әр отбасыға жарты гектар (0,5) жер телімі берілетін болады. Нәтижесінде бұл отбасылар өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Жоба өз тиімділігін көрсеткен жағдайда, жер телімі 100 гектарға дейін ұлғайтылатын болады. Кездесуден соң облыс әкімі қабылдауға жазылған тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Өңір басшысының халықпен кездесуі басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 66 рет