Халықтың табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша осы аумақтарға басымдық берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шалғай аудандардағы шаруалардың жағдайын білу, ақылдасу, ұсыныстарын тыңдау мақсатында оңтүстік аудандарға іссапармен барды.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік көмектер қарастырылған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек мәселені толық шешпейді. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейтіні анық. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп.
Осы жоба арқылы несие алып, іс бастаған Медеу Орынқожаев құрылысқа қажетті заттар өндірісін жолға қойған. Жоба құны – 7,5 млн. теңге. Өңір басшысы тұрғындарға осы жобаның тиімділігін түсіндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету қажет екенін жеткізді. Жауапты басшыларға осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Кәсіп ашып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шыққан бұл отбасы енді мемлекеттік жәрдемақыға тәуелді 14 отбасын жұмыспен қамтып отыр.
Жетісай ауданында облыс әкімі ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды кеңінен қолдану, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жандандыру және өзге де мәселелер бойынша шаруалармен кеңесіп, пікір алмасты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су көздерін үнемдеу мәселесін көтерді. Бұл – біздің өңір үшін аса маңызды. Сондықтан суды үнемдейтін әдістерге басымдық берген жөн. Ауыл шаруашылығы тауарларын шығарып қана қоймай, оны терең өңдеуге көшу керек. Ауыл тұрғындары, жастары «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жұмыс істесе болады. Оған толық мүмкіндік бар, – деген Дархан Сатыбалды егістікті әртараптандыру, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру маңызды екенін атап өтті.
Іссапар барысында өңір басшысы «Тұрсынбек ата» шаруа қожалығында болды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асырған шаруа қожалығында алдымен 10 гектар жерден 350 тонна қырыққабат алынған. Ал екінші өнім ретінде маш дақылын еккен. Аудан шаруалары мақтаның орнына жүгері, маш егуді қолға алуда. Нұрәлем Ермаханбет бейнеттің зейнетін көру үшін талмай еңбектену керектігін айтты.
«Керімхан» шаруа қожалығында облыс әкімі мақта теріміне қатысып, мақташылармен кездесті. Шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Құрбановтың айтуынша, 180 гектарға мақта егілсе, 40 гектарға бақша дақылы, 47 гектарға жоңышқа және 33 гектарға дәндік жүгері егілген. Мақтаның жаңа сұрыптары алынып, өнімділік арта түскен. Мақтаға сұранысты арттыру үшін сапасын көтеруге күш салынған. Шаруалармен кездесуде мақта шаруашылығына қатысты түйткілдер тарқатылып, ұсыныстар берілді.
2023 жылға Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінгені белгілі. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Бұл түйткіл бойынша таяуда арнайы мәжіліс те өткізілген болатын. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады.
– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есептері тыңдалды. Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.
Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.
Бұл жоба «AMANAT» партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. «Бұл — біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% — ға төмендеді. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті — «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды», — деп атап өткен-ді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.Ал несиенің шарттары мынадай:Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %. Мерзімі – 5-7 жыл. Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге. Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.
Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді. Несие алушыға ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат