Жексенбі, 10 Желтоқсан 2023 20:51

Сайрамда жылына 20 мың тонна өнім шығаратын құс фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданының кәсіпкерлерімен және инвесторларымен бизнес саласын талқылау бойынша кездесу өткізді. Кездесу барысында бизнес саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мәселелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын тыңғылықты орындау қажеттігін айтты.

Бұған дейін облыс әкімі кәсіпкерлік белсенділікті және инвестициялық тартымдылықты күшейту туралы тапсырма берген болатын. Бүгін сол тапсырмалардың жүзеге асу барысы баяндалды. Атап айтқанда, мал қалдықтарын ашық жерге төкпеу үшін қалдықтарды қабылдайтын орын ашылды. Алда жергілікті кәсіпкерлер оны өңдейтін кәсіпорын салуды көздеп отыр. Алда автоматты газдалған бетон шығаратын зауыт ашылмақ. Инвесторлар көмегімен жылына 20 мың тонна өнім шығаратын құс фабрикасын салуды қолға алмақ.

Басқосуға 50-ге жуық ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер қатысты. Кездесу еркін қарым-қатынас форматында өтті. Онда бизнесті қолдау бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен талқыланды. Бизнес қордаланған мәселелері мен ұсынысын айтты. Сонымен қатар шараға мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сайрам ауданының кәсіпкерлері тәжірибе жинау үшін Қытай еліне баруды жоспарлауда. Ондағы зауыт, фабрикалардың жұмысымен таныспақ.

- Кәсіпкерлердің жеке бастамасына барынша қолдау көрсету қажет. Бұл бағытта жұмыстарға күш саламыз. Сайрам ауданында кәсіпкерліктің даму қарқыны жақсы. Осыны дамыту керек. Оған ауданда ашылатын индустриалдық аймақтың үлесі мол болмақ. Біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі басты міндетіміз – бизнес пен мемлекеттік аппараттың толық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Сіздердің бастамаларыңыз туралы үнемі хабардармын. Қытай сапарынан кейін өздеріңізден жақсы бастамалар күтеміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеспен тікелей байланысты болғандықтан саяси реформаларды бірлесе жүзеге асыру керекпіз. Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Осыған орай бизнес өкілдерін жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Кәсіп иелері электрэнергия тапшылығы жайлы сөз қозғады. Мәселені шешу жолдары қарастырылады. Кәсібін кеңейтуді көздегендер жер қарастыру жайлы сұраныс берді. Сондай-ақ маман тапшылығы мәселесін көтерген кәсіпкерлер зауыттарда инженер - механик мамандығы жетіспейтінін жеткізді. Ол үшін арнайы оқу орындарымен байланыс орнату қолға алынатын болды. Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілетін болады.

Экономиканың күре тамыры — кәсіпкерлік. Кәсібі дамыған елде жұмыссыздық мәселесі болмасы анық. Сайрам ауданында кәсібінің нәсібін көріп жүрген жандар аз емес.Айталық, Ақсукент ауылында орналасқан отандық киім тігетін » Алтын адам» тігін фабрикасын алайық. 2013 жылы құрылған фабрика жылына 26 400 дана ерлер костюмін тігіп шығарады. 100 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Балжан Халмұратова шикізатты Түркия мен Қытай елінен алып келетінін айтты. Дайын өнімдер Қазақстан, Қытай елдерінде саудаланады екен.

Балалар жөргегін шығаратын » Ca Pable Gruup мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тыныс-тіршілігіне де көңілің толады. Басшысы Бейімбет Жұмабекұлы Түркияның кәсіпкерлерімен бірлесіп, Ақсукент ауылынан «Capable qroup» атты бала жөргектерін шығаратын кәсіпорын ашқан. Бұндай жоба ауданда бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Күніне 180 мың жөргек шығаратын кәсіпорынның жұмысы бүгінде қарқынды. 2-ден 6-ға дейінгі өлшемдегі «Симбо бейби» және « Алтын бала» атты екі түрлі жөргек шығарады. Жөргекке оннан астам шикізат түрі қосылады екен. Бұндай шикізаттар мен жөргек өңдейтін технологиялар Түркия мен Америкадан жеткізілген.

Өндіріске арналған киім және төсек-орын тігетін » АХБК» ЖШС-і тігін фабрикасының жұмысы туралы да тілге тиек ете кетсек. 2019 жылы құрылған бұл жобаның қуаттылығы жылына 1 миллион. 100 адамды жұмыспен қамтып отыр.Ал 2006 жылы құрылған кабель шығаратын «К. АZ. TEL.» ЖШС-інде  46 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дайын болған кабельдер Қазақстанның барлық аймағына және Қырғыстан еліне жеткізіледі.

Сонымен қатар құрғақ жем шығаратын жеке кәсіпкер «ЖК АБДУКАДИРОВ» зауытының жоба құны: жылына 80 мың тонна. Өнім Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек аудандарына және Жамбыл, Солтүстік Қазақстанға жіберіледі. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Халқы тығыз орналасқан Сайрамда инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Ақсукент ауылындағы тазартқыш имараттарын қайта құру» жобасы. Бұл нысанның құрылысы барысында мердігер мекеме тарапынан ешкімнің келісімінсіз жобаға өзгерістер енгізілген. Бірқатар кемшілік анықталған. Бүгінгі таңда құзырлы органдар мердігермен тиісті жұмыс жүргізуде. Облыс әкімі аталған нысанның жұмысын реттеу, санитарлық талапты сақтау, тұрғындарға зияны тимейтіндей шешім қабылдау жөнінде тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі аудан орталығындағы саябақты аралап көріп, абаттандыру жұмыстарын күшейту бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта «Неке сарайы» ғимаратын ыңғайластырып, «Белсенді ұзақ өмір орталығына» айналдыру көзделіп отыр. Саябақты дамыту жұмыстары да атқарылмақ.Сонымен бірге өңір басшысына ауданда жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды. Қарасу ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жобасы және өзге де жоспарлар бойынша мағлұматтар берілді.

Сайрам ауданындағы мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары қадағаланып, ретке келтірілетінін де айта кеткен жөн. Малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесіліп, санитарлық талапқа сай болуы бақыланатын болады. Сонымен бірге малдың қанын, сүйегін, ішек-қарнын, терісін терең өңдейтін зауыттар ашылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биыл шілде айында Сайрам ауданына жасаған сапарында Қарабұлақ ауылына арнайы барып, кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдаған болатын. Санитарлық салаға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары басшыларына жұмысты ширату жөнінде ұсыныс берді. Жергілікті әкімдік пен басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі берген ұсыныстарыңыз бойынша жұмыс жүреді. Қолдаймыз. Бірақ, қазір бірінші кезекте санитарлық жағдайды ретке келтіріп, қоғамда талқыланып жатқан мәселені реттеуіміз қажет. Малдың қанын арыққа ағызу, қоршаған ортаны ластау мүлдем дұрыс емес. Тоқтатылады. Ауылдағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелсін. Жұмыс тобы құрылсын. Жауапты басқарма мен аудан, ауыл әкімдігіне осы мәселені шұғыл шешуді тапсырамын. Бірінші кезекте малдың қалдығын тастайтын арнайы шұңқыр дайындалады. Оған жер бөлініп, тиісті жұмыс жүреді. Жауапты мекемелер осы шаруаны жүзеге асыруға күш салуы тиіс. Бірақ бұл жүйелі әрі түбегейлі шешу үшін мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салған жөн. Қалдықтардан балық, құс шаруашылығына қажетті азық әзірлеуге мүмкіндік мол. Осы бағытта біз шетел инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Малдың қанын, ішек-қарнын, терісін, сүйегін өңдейтін кәсіпорындар ашамыз. Дегенмен, осы кәсіпорындарды өздеріңіз ашқандарыңыз ұтымдырақ болады. Егер өзара келісіп, зауыттар ашатын болсаңыздар алдымен сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Өздеріңіз ақылдасып, бірігіп, араларыңыздан үйлестіруші азаматтарды сайлап, осы бағыт бойынша ұсыныс беріңіздер, – деген болатын Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімімен болған еркін форматтағы кездесуде аудан кәсіпкерлері мал сою бекеттерін дамыту, мал қалдығынан балық шаруашылығына қажетті азық дайындау, кондитер өнімдерін шығару, кәсіпкерлікке сертификат беру, инфрақұрылыммен қолдау көрсету және өзге де жобалар бойынша ұсыныстар берілді. Бұл өтініштер бақылауға алынып, жұмыс жүргізіледі.Жұмыс сапарында облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы мал сою бекетінің жұмысымен танысты. 30 адам жұмыспен қамтылған бекетке 200 миллион теңге инвестиция салынған. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 100 бас мал. Өңір басшысы кәсіпкердің ұсынысын тыңдап, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 1503 рет