Сенбі, 11 Қараша 2023 22:58

Түркістан облысында соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайған

Түркістан қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Көрмеге азық-түлік, машина жасау, химия, қолөнершілер, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының 80-нен астам тауар өндірушілері қатысты. Отандық өнімдерді қолдау мен отандық өндірісті дамыту, халық арасында сапа идеясын насихаттау мақсатындағы көрме-байқауға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, өңір тауарөндірушілерінің жұмысын жоғары бағалады.

– Бүгін біз Сіздермен бірге өзіміздің жергілікті тауарөндірушілердің көрмесін тамашаладық. Көрмеге қатысушы кәсіпорындармен таныспын. Олардың шығаратын өнімдері тұтынушылар арасында жақсы сұраныста. Түркістан өңірі аграрлық өлке болғандықтан, көптеген кәсіпорындар тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс жасайды. Бизнесті қолдау Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бүгінгі күні кәсіпкерлерді қолдау бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымдық қолдау бойынша өңірде арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақтар жұмыс жасайды. Алда өндірістік аймақ құрамыз. Біздің негізгі мақсатымыз - өндіріс орындарын арттыру. Әкімдік осы бағыттағы бастамаларыңызды қолдауға дайын. Оған мен өзім кепіл беремін. Бүгінгі өңірлік байқауға қатысып отырған әрбір кәсіпорын жүлдеге лайық. Жеңімпаздарға алдағы республикалық байқауда сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сараптамалық комиссия «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі - басты талап.Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, Арыс қаласындағы поливинилхлорид түйіршіктері мен қоспасын шығаратын «Mega-Agat agro» ЖШС және керамикалық кірпіш шығару бойынша оңтүстік аймақта көш бастап келетін BATSU кірпіш зауыты жеңіске жетті.

Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС, Сарыағаш ауданындағы «Алекс-Сарыағаш» минералды су шығару зауыты және Түлкібас ауданында орналасқан жоғары сападағы экологиялық таза сүттен жасалатын «Майлыкент-сүт» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында топ жарды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша минералды табиғи су шығаратын «Бекзат Бақ» ЖШС, «Asia Brand» ЖК жиһаз компаниясы және аяқ киім фабрикасы «Арай» ӨК жеңімпаз атанды.

«Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқауының жеңімпаздарына, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев бағалы сыйлықтар табыстады. Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен жыл соңында Астана қаласындаөтетін республикалық байқауға қатысады.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Өңірдің 1 миллионға жуық ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өткен болатын. Осы тұрғыда Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өнімділікті арттыруда жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары жасалды. Суғармалы жерді тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына өту, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд. теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі

Биыл көктемде отандық тауар өндірушілердің, соның ішінде Түркістан облысындағы тауар өндірушілердің қатысуымен агрофорум өткені белгілі. Форумда Түркістан облысы әкімдігі мен отандық және шетелдік инвесторлармен агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 257 млрд. теңгені құрайтын 10 келісім меморандумына қол қойылған еді. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ. Қызанақ өнімдерін өндіру және май комбинатын салу кластерін құру бойынша «Русагро» АҚ-мен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу бойынша «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-мен, Арыс қаласында және Сайрам ауданында ет кластерін құру бойынша «Turkestan Agro.kz» ЖШС-мен, Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма кластерін құру бойынша «Global Textile Solutions» компаниясымен меморандумдар жасалды. «Түркістан» индустриалды аймағында шұлық және костюм шығару жобасы, Өзбекстанға ет экспорттау, Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеу зауытын салу, Қырғызстанның Ош облысымен іскерлік және ынтымақтастық байланыстарды нығайту Жол картасы бойынша да меморандумдарға қол қойылды.

Сондай-ақ шара барысында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтеді. «Бір ауыл-бір өнім» – оқыту және консультациялық сүйемелдеу арқылы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау және олардың сапасын арттыру. Жобаға қатысушылар жергілікті брендтерді құруда нақты көмек, сондай-ақ халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығу үшін маркетингтік сүйемелдеуде қолдау алады. Салтанатты шара елімізге танымал өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 336 млрд. теңгеге жеке инвестициялар тартылды. Жалпы, республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде облыс алдынғы қатарларда. Өндірілген мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 74 пайызы, бақшаның 59 пайызы, жеміс-жидектің 35 пайызы, мақсарының 29 пайызы, жүгерінің 26 пайызы, көкөністің 24 пайызы және еттің 11,4 пайызы, сүттің 12 пайызы – Түркістан облысының үлесінде.

Облыста барлығы 875 мың гектар егіс алқабы бар, қазіргі уақытта оның 98 пайызы пайдаланылып жатыр. Қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бұл салада өнімділік 5 есеге артып, бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 4,6 мың гектарды құрайды. Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарынан 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектар жаңа жылыжай кешендерін жүзеге асыру жобасы әзірленіп, жүзеге асады.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы рентабельді дақылдарға алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 1 мың гектарға бұршақты дақыл (маш) егіледі. Аталған дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 млрд. теңгеге («Шардара-Агро» ЖШС) жүгері өңдейтін кәсіпорын ашылады. Бұл зауытта Түркия және Франция елдерінің технологиясымен жылына 100 мың тонна жүгері өңделеді. Мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында 2027 жылға дейін облыста 12 кәсіпорын ашып, мақта талшығының 100 пайызын терең өндеуден өткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанда жасалған» (Made in KZ) жалпыұлттық жобасын іске қосу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және өндірісті дамыту, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Түркістан облысының әкімдігі, облыстың жергілікті тауар өндірушілері мен сауда желілері арасында 7 үшжақты меморандум жасалды. Атап айтқанда: 7 тауар өндірушімен: «Бөрте милка» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Ақжол» ЖШС, «Ордабасы құс» ЖШС, «Бес қара» ЖШС, «Айқан» ЖШС, Түркістан ет комбинаты ЖШС және 8 сауда желісімен: «Small», «Халық», «Магнум», «Бәйтерек», «Шаңырақ», «Нұрай», «Қазына», «Дастархан». Аталған жобалардың іске асырылуы өңірдің дамуына үлкен серпін береді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 82 рет