Бейсенбі, 29 Ақпан 2024 08:15

Созақ ауданы: биыл аудандағы 21 нысанға 6,8 млрд теңге бөлінген

Биылғы жылы ауданның әлеуетін арттыратын 21 нысанға 6 миллиард 808 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллиард теңгеге артып отыр. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Мағауия Тұрысбеков және Бегімбет Байғараевтың тұрғындармен өткізген есептік кездесуінде баяндалды.

Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жамиев пен аудандық мәслихат депутаттары, тиісті бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері және тұрғындардың қатысуымен өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов ашып, жүргізіп отырды.

Алдымен күн тәртібіндегі мәселеге байланысты облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Биімбетұлы өткен жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлап, Мағауия Сексенбайұлы биылғы жылға бөлінген қаржыларға тоқталып өтті. Бұған қоса алдағы уақытта ел игілі үшін атқарылар міндеттерге де кеңінен тоқталды.

Халық қалаусысы Мағауия Сексенбайұлы өз сөзінде ауданның тазалығы мен өзге де қажеттіліктерге қызмет ететін 5 жаңа тракторды жеке қаржысынан сыйға тартатынын атап өтті. Сондай-ақ мандат иесі өткен жылы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған бір отбасына баспана салып бергенін және бұл үрдіс биыл да жалғасатынын тілге тиек етті. Жиын соңында депутаттар тұрғындардың сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кең көлемде жауап берді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 276 рет