Сенбі, 04 Мамыр 2024 16:23

Түркістан: Мақтааралға инвестиция тарту жұмыстары жандана түспек

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында облысты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Мақтаарал ауданының әлеуетіне, осы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларды атап өтті.

– Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Мақтаарал ауданын дамыту мәселесі назарымыздан түскен емес. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Мақтаарал ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 2,4 млрд. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды, биыл 12 елді мекенде 2,3 млрд. теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 825 млн. теңгеге 143 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2023 жылы 365 маманға 126 млн. теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы, 92 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 476 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. Облыста АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде Мақтаарал ауданында 14 мектепте толық іске қосылды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да күн тәртібінде тұр. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Ауданның әлеуеті өте жоғары. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет, – деген Дархан Сатыбалды мақтааралдықтарды «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.

Мақтаарал ауданында 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылға қарағанда 1,5 есеге өсіп, 139 млрд.теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 22 пайызға өсіп, 12 мыңнан асқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайып, 10 млрд. теңгеден асып отыр. Алайда негізгі капиталға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өнім көлемі, өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі бойынша биылға жоспарланған көрсеткіштер толық орындалмай отыр. Өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты жандандыруды жүктеді.

Кездесуде Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың өткен жылы атқарған жұмыстары және биығы көрсеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылған кездесуде ауданның инфрақұрылымын жақсарту, газдандыру, дренаждық жүйелерді жетілдіру, шаруаларға субсидия беру және өзге де түйткілдер айтылды. Тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды мақтааралдықтар үшін жеке қабылдау өткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бақылауға алынды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 103 рет