Жұма, 19 Шілде 2024 13:57

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілген

Түркістан – агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамыған өңір. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 2023 жылы 1,2 трлн теңгеден асып, облыс республикада көш бастады.

Егістікті әртараптандыру нәтижесінде рекордтық 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімі жиналды. Еліміздегі жылыжайдың 70% Түркістан облысына тиесілі. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі өзекті мәселелер жүйелі түрде шешілуде. Жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктеріне қол жеткізіп, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді. Жүйелі жұмыс нәтижесінде арнайы стандарт әзірленіп, 801 жылыжай сертификатталды.

Жаңа технологияларды енгізу жұмыстары күшейді. Облыста мақта өсірумен шұғылданатын 25 мың агроқұрылымда 75 мың адам еңбек етеді. Жиналған 98 мың тонна мақта талшығының 82%-ы экспортқа бағдарланған. Тиісінше әлемдік биржа бағасына тәуелділігі жоғары. Осы мәселені ескере отырып, мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленді. Онда алқапты 25%-ға азайтып, егістікті әртараптандыру көзделген. Сондай-ақ сапалы тұқым шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу және мақтаны қайта өңдеу үлесін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы Түркістан өңірінде жүзеге асуда. Маңызды жоба 6 бағытта іске асырылды. Бұл мақсатқа 19,8 млрд теңге жеңілдетілген несие қаражаты бөлініп, 3256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде, 3517 жаңа жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қысқарды. 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 75 кооператив құрылды.

Өңірде 875 мың гектар егіс алқабы бар. Жердi ауыл шаруашылығы айналымына енгiзу мүмкiндiгi мейлiнше шектеулi. Сондықтан еңбек өнімділігін арттыру үшін облыстың климаттық тиімділігін пайдалана отырып, шетелдің озық тәсілдері енгізіліп жатыр.

Су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен, каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткізілді. Нәтижесінде, экономикалық тиімділігі 2 есе жоғары болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды (құны 1,4 млрд.теңге, қуаттылығы 4 000 тонна). Биыл пайдалануға тапсырылады.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Өңірдің 1 миллионға жуық ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өткен болатын. Осы тұрғыда Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде.

Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өнімділікті арттыруда жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары жасалды. Суғармалы жерді тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына өту, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд. теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі

Былтыр көктемде отандық тауар өндірушілердің, соның ішінде Түркістан облысындағы тауар өндірушілердің қатысуымен агрофорум өткені белгілі. Форумда Түркістан облысы әкімдігі мен отандық және шетелдік инвесторлармен агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 257 млрд. теңгені құрайтын 10 келісім меморандумына қол қойылған еді. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ. Қызанақ өнімдерін өндіру және май комбинатын салу кластерін құру бойынша «Русагро» АҚ-мен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу бойынша «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-мен, Арыс қаласында және Сайрам ауданында ет кластерін құру бойынша «Turkestan Agro.kz» ЖШС-мен, Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма кластерін құру бойынша «Global Textile Solutions» компаниясымен меморандумдар жасалды. «Түркістан» индустриалды аймағында шұлық және костюм шығару жобасы, Өзбекстанға ет экспорттау, Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеу зауытын салу, Қырғызстанның Ош облысымен іскерлік және ынтымақтастық байланыстарды нығайту Жол картасы бойынша да меморандумдарға қол қойылды.

Сондай-ақ шара барысында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтеді. «Бір ауыл-бір өнім» – оқыту және консультациялық сүйемелдеу арқылы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау және олардың сапасын арттыру. Жобаға қатысушылар жергілікті брендтерді құруда нақты көмек, сондай-ақ халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығу үшін маркетингтік сүйемелдеуде қолдау алады.

Түркістан облысында былтыр ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 336 млрд. теңгеге жеке инвестициялар тартылды. Жалпы, республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде облыс алдынғы қатарларда. Өндірілген мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 74 пайызы, бақшаның 59 пайызы, жеміс-жидектің 35 пайызы, мақсарының 29 пайызы, жүгерінің 26 пайызы, көкөністің 24 пайызы және еттің 11,4 пайызы, сүттің 12 пайызы – Түркістан облысының үлесінде.

Облыста барлығы 875 мың гектар егіс алқабы бар, қазіргі уақытта оның 98 пайызы пайдаланылып жатыр. Қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бұл салада өнімділік 5 есеге артып, бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 4,6 мың гектарды құрайды. Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарынан 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектар жаңа жылыжай кешендерін жүзеге асыру жобасы әзірленіп, жүзеге асады.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы рентабельді дақылдарға алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 1 мың гектарға бұршақты дақыл (маш) егіледі. Аталған дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 млрд. теңгеге («Шардара-Агро» ЖШС) жүгері өңдейтін кәсіпорын ашылады. Бұл зауытта Түркия және Франция елдерінің технологиясымен жылына 100 мың тонна жүгері өңделеді. Мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында 2027 жылға дейін облыста 12 кәсіпорын ашып, мақта талшығының 100 пайызын терең өндеуден өткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанда жасалған» (Made in KZ) жалпыұлттық жобасын іске қосу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және өндірісті дамыту, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Түркістан облысының әкімдігі, облыстың жергілікті тауар өндірушілері мен сауда желілері арасында 7 үшжақты меморандум жасалды. Атап айтқанда: 7 тауар өндірушімен: «Бөрте милка» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Ақжол» ЖШС, «Ордабасы құс» ЖШС, «Бес қара» ЖШС, «Айқан» ЖШС, Түркістан ет комбинаты ЖШС және 8 сауда желісімен: «Small», «Халық», «Магнум», «Бәйтерек», «Шаңырақ», «Нұрай», «Қазына», «Дастархан». Аталған жобалардың іске асырылуы өңірдің дамуына үлкен серпін береді.

Халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында 2027 жылға дейін жалпы құны 329,1 млрд. теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Былтырғы 7 айда құны 10,6 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 334 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы бойынша 2 жоба, мал бордақылау алаңын салу – 5 жоба, жаңбырлатып суғару – 4 жоба, 2,1 га фермерлік жылыжай салу – 5 жоба, балық өсіру – 5 жоба, сүт өңдеу цехын салу – 4 жоба және мал сою цехы мен бекетін салу бойынша 2 жоба жүзеге асты.

ҚР АШМ қайта өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидияны 2024 жылдан бастап 50 пайызға ұлғайту жоспарланғаны белгілі. Осы арқылы өңдеу көлемін 2027 жылға қарай кемінде 40 - 50 пайызға арттыру межеленіп отыр. Өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде ірі сүт тауарлы фермаларын құруға 2023 жылға республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар атқарылды.

Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында  жаңа технологиялар кеңінен қолданылу үстінде. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы — 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% Түркістан облысына тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 миллиард теңге, 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.

Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленуінің де зор пайдасы тиіп жатқанын атап өту қажет. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 39 рет