Сенбі, 20 Шілде 2024 13:39

Түркістан облысында 6 жылда 9,5 мыңнан астам шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді

Түркістан облысы құрылғаннан бері 6 жыл ішінде облыстық және аудандық жолдар мен көшелерді жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 311,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 9544,6 шақырым жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жол саласына қаралған қаржылардың басым бөлігі облыс орталығына баратын күре жолдардың жағдайын жақсартуға және туристік орындарға баратын жолдарды дамытуға бағытталды. Сондай-ақ шалғай аудандардағы ауылдарды аудан және облыс орталықтарымен байланыстыратын жолдарды жөндеуге басымдық берілді.

Атап айтсақ, ұзындығы 26 шақырым болатын «Түркістан қаласына кентау қаласы жағынан кіребес жолды қайта құру» нысаны толық аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, тұрғындар Кентау-Түркістан бағытындағы күре жолға балама жолмен және Жамбыл облысы мен Созақ ауданынан Түркістан қаласына келетін қысқа жолмен қамтамасыз етілді. Төлеби және Сайрам аудандарындағы туристік орындарға баратын Шымкент-Көксәйек-Қасқасу, Біркөлік, Манкент-Көлкент бағыттарындағы жолдар жөндеуден өтті. Сауран ауданын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Майдантал, Жүйнек, Қарнақ елді мекендерінен өтетін 100 шақырымға жуық облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Одан бөлек, бүгінгі таңда Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақымдық жол қайта құрудан өтуде. Жоба 4 учаскеге бөлініп, жол 2 жолақтан, 4 жолаққа кеңейтілуде. Түлкібас ауданы бағытындағы Келтемашат, Састөбе, Шұқырбұлақ, Майтөбе бағытындағы 69,4 шақырымды құрайтын жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтті. Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт-Тұрбат, Жігерген-Көкібел, Шарапхана-Жаңабазар, Айнатас-Қақпақ бағыттарындағы жолдарды «БЕ-БҚ» көлік дәлізіне қосатын 64,5 шақырымдық күре жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдағы асфальт жабындылары жаңартылды.

Сонымен қатар, облыстан алыста орналасқан, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Созақ аудандарындағы 300 шақырымнан аса күре жолдарды жөндеу қолға алынған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызды құрады. 2024 жылдың соңында дейін бұл көрсеткішті 94 пайызға жеткізу көзделуде.

Түркістан облысы аумағындағы елді мекендердегі көшелерді жақсарту бағытында да жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта елді мекендердегі көшелердің жақсы жағдайдағы үлесі 70,2 пайызды құрап отыр. Өңірдегі жолдардың сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында тұр.  Биылғы жылдың қорытындысымен 546,6 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен өткен жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтті.

Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді. 

Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды. Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жол жөнделіп, халық игілігіне тапсырылды. Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді. Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 1 көпірге күрделі жөндеу және 4 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. 

2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жолдар мен көшелер қамтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1238,3 шақырымды құрайтын 604 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды. 

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан жол мәселесіне қатысты жиындар мен мәжілістер үнемі өткізіліп келеді. Осы ретте, үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында өткен Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде облыстық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жай-күйі талқыланған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды саладағы мәселелерге тоқталып, жолдардың сапасын көтеру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруды тапсырған-ды. Сонымен бірге өңірдегі жолдардан өтетін шетелдік және отандық жүк көліктерінің заң талаптарын сақтауы маңызды екеніне тоқталды. Себебі, Түркістан облысының Арыс қаласы, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран, Отырар аудандарындағы жергілікті маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктері үздіксіз жүруде. Жергілікті маңызы бар жолдардың жүктеме көрсеткіштері сақталмағандықтан жолдар мерзімінен бұрын зақымданып, жарамсыз жағдайға жетуде. Жиында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жөнінде де ұсыныс берілді.

– Жол – өте маңызды сала. Өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Аудан, қалаларды аралау барысында тұрғындар үшін осы мәселенің өзекті екеніне тағы да көз жеткіздік. Жолдарды салу жұмысын тездету керек. Сапа басты назарда болуы тиіс. Жергілікті жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелген. Егер жұмысты ширатпаса, ол межені бағындыру қиынға соғады. Екіншіден, келісімшарттағы міндеттерін орындамаған әрі арнайы таразысы жоқ карьер иелеріне заң аясында шешім қабылдаңыздар. Шетелдік жүк көліктері де қатаң қадағалануы тиіс. Себебі белгіленген мөлшерден артық жүкті артып алатын ауыр жүк көліктері жолдардың тез жарамсыз күйге түсуіне ықпал етіп жатыр. Жолға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары осы мәселені бақылауға алуы керек, – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың айтуынша, 2022 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық, қалалық бюджеттен, сонымен бірге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 49,8 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 794 нысан немесе 2094,9 шақырым жол мен көше қамтылды. 645 нысан немесе 1247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілді.Жұмыстар нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 93,4%-ға жеткен. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-ға жетіп отыр.

Алдыңғы жылы басқарма мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында келісімшарт түзіліп, филиал тарапынан нысандарға 169 рет аралау жүргізіліп, 1330 дана сынама алынған. Басқарманың тапсырысы арқылы құрылысы қолға алынған нысандардағы сапаны қамтамасыз ету бойынша мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ге жуық ескерту хат жолданған. 19 нысан бойынша 12 мердігер, 1 техникалық қадағалаушы және 1 жобалаушы мекемеге 133,5 млн. теңгеге айыппұл салынған. Жалпы нысандарда сапасыз атқарылған 8874 м2 жол жамылғысы қайта төселген.2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,0 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 604 нысан немесе 1238,3 шақырым жол пайдалануға берілгенін айта кетейік. Сондай-ақ, облыстың оңтүстігінде орналасқан Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Келес аудандарының жолдарын жөндеуге басымдық беріле бастады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 40 рет