Жексенбі, 28 Шілде 2024 14:05

Түркістан облысы: ордабасылық шаруа қожалығы 450 га алқапқа жаңбырлатып суғару әдісін енгізіп, мал азығын дайындауда

Аудан әкімі Азат Оралбаев Қажымұқан ауылдық округінде болып, «Жан-2004» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Аталған серіктестік Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 450 га алқапқа жаңбырлатып суғару әдісін енгізе отырып, мал азығын дайындауда.

Атап айтар болсақ, 100 Га жоңышқа, 350 Га бидай еккен. Жобаның құны 250 млн тг. құрап, 10 адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалық су үнемдеу арқылы гектарынан 720 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек серіктестік маусым айында қосымша 70 Га жерге жаңбырлатып суғару технологиясын ендірмек. Жоба құны 45 млн.тг.құрап, су үнемдеу құрылғыларын «BNK Irrigation» ЖШС-і алдырған.

Аудан басшысы аталған шаруа қожалықтың жұмысына оң бағасын беріп, су үнемдеу арқылы да мол өнім алуға болатындығын айтты.- Мемлекет басшысы өткен жылғы1 қыркүйектегі Жолдауында су ресурсына, оны үнемдеу қажет екеніне ерекше тоқталған. 2030 жылдарға қарай еліміздегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтқан. «Судың да сұрауы бар» демекші, бірте-бірте оны үнемдеп пайдалануға көшуіміз керек. Мәселені түсініп ауданымыздың шаруалары су үнемдеу шараларын қолға ала бастаүаны қуантады, - деді аудан әкімі.

Бүгінгі таңда ауданда 31 шаруа қожалық 474 Га жерге тамшылатып суғару жүйесін енгізген. Осы жылға 1300 Га-ға жоспарланса, оның ішінде 300 Га жаңбырлатып, 1000 Га тамшылатып суғару жүйесін енгізу жоспары тұр.

Жалпы, биыл Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарлануда. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Әрі мемлекеттің субцидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар.

Заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа, Қытай, БАӘ мен Қытай елдерінде жасалады. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 960 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытының 1 кезеңі іске қосылды.

Сонымен қатар «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд. теңгені құрайтын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесі 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба дайын.

Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суғару әдісі – халықтың әл- ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да септігін тигізіп отыр. Жаңбырлатып суару қондырғыларының заманауи түрлерін мамандар бағдарламасын ұялы телефонға жүктеп алып, үйде отырып та басқаруға болатынын айтады.

Таяуда ғана ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын өндіруші, жеткізуші кәсіпорындар мен тауар өндірушілермен кездескені белгілі. Сол кездесуде облыс басшысы су үнемдеу бойынша атқарылатын шаруалар төңірегінде сөз қозғаған болатын.– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын ендіру тапсырмасын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын ендіру шаралары кеңейтіліп, қаржыландыру тетіктері мен механизмдері қарастырылуда. Біз, облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытты қолдауға барлық мүмкіндіктерімізді қарастырамыз. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану – маңызды міндеттің бірі. Алғашқы кезекте біз суармалы алқаптарды қамтамасыз етуіміз керек. Аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Сондай-ақ бұл жұмыстардың барысында Отандық өндірушілерге басымдық беріледі, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі су үнемдеу технологияларын ендіру жобаларына қажетті жеңілдетілген несие, субсидия көлемдерін есептеп облыстық, республикалық бюджетке ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын су үнемдеу технологияларына бағдарлауды пысықтауды жүктеді.

Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.

Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады.

Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылғанын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Көрші Өзбекстан елінде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт басшылығымен Түркістан өңірінде жұмыс бастау туралы келісім жасалды.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13 пайызы облыстың үлесінде. Облыста 81,8 мың шаруа, фермерлік қожалықтар жұмыс істейді. Бұл –республиканың 30%-ы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екендігін атап өтіп, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалу шараларын қабылдауды Үкіметке тапсырған болатын. Оның ішінде су шаруашылығын дамытуға, су үнемдеу технологияларына кешенді көшуді негізгі басымдыққа қойды.

Елімізде су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Содан соң, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жүйесін күшейту. Сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту. Еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат – Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды. Су кодексінің жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан қорғауға басымдық беріледі. Су саласындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтілмек.

Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда.

Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді.Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га. тамшылатып, 10,3 мың га. жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина станциясының тиімді тұстары көп. Ол техникалық қызмет көрсетуде қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет