Жексенбі, 28 Шілде 2024 17:31

Түркістан облысы: биыл Түлкібаста қарқынды алма бау көлемі 55 гектарға артты

Жалпы Түлкібас ауданында алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7 жүз гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылды.

Оның 25 гектарына көшетті Жабағылы ауылдық округіне қарасты «Алмалы сай» ЖШС ерте көктемде отырғызса, қалған 30 гектарын Шақпақ ауылдық округіне тиесілі «Кентау» ЖШС бүгінгі таңда отырғызуда. Аталған жұмыстардың барысымен танысу мақсатында, «Кентау» ЖШС-не аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Марат Жанесен, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуатбек Еркебаев, округ әкімі Сәбит Қозтаев жауапты мамандармен бірге арнайы барып, кәсіпкерге мемлекет тарапынан заң талаптарына сай барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, ісіне сәттілік тіледі.

Серіктестің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, егіліп жатқан алма көшеттері Түркия елінен арнайы алынған. Айта кетейік, «Кентау» ЖШС-нің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4 мың 4 жүз тоннаға дейін экологиялық тұрғыдағы таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.

Бұдан өзге биыл және алдағы жылдары Түлкібас ауданында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың 635 жаңа жұмыс орны ашылады. Былтыр жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 60 млрд. теңгеден асқан. Алдағы үш жылда жалпы құны 10 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2025 жылы 77 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған.

Бұл туралы былтыр Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім еткен еді.- Тарихы терең, табиғаты тамаша, ел арасында «Кіші Швейцария» атанып кеткен Түлкібас ауданында 447 млрд. теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені жылына 100 тонна каустикалық сода, 1 млн. тонна цемент өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Ауыз су және алкогольсіз сусындардың өндірісі іске қосылады. Жылына 2 мың тонна күркетауық етін өндіру және өңдеу жоспарлауда. Нәтижесінде 3 мың 635 жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 128 млрд. теңгеге, салық түсімдерін 13,5 млрд. теңгеге арттыру көзделуде. Былтыр ауданда 408 жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 806 жұмыс орны ашылды,-деген болатын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі алдыңғы жылы 89 млрд. теңгені құраса, былтыр 6 айдың өзінде 36,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бюджеттің өзіндік кіріс көлемі артқан. Былтыр жыл соңына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 20,5 млрд. теңгеге жеткенін айта кеткен жөн.

Жоғарыда аталған Түлкібас ауданының брендіне айналған алма бауларына келер болсақ, мұнда 3 мың гектар алма баулары бар. Оның ішінде 664 гектар - қарқынды бау. Қарқынды бауды дамыту нәтижесінде алдыңғы жылы 32 мың тонна өнім жиналса, былтыр оның көлемі 33 мың тоннадан асты. 2023 жылы шағын және орта бизнестің өнім көлемі 51 млрд. теңгеге жетті. Алдағы үш жылда жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру көзделіп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 188 млн. теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.

2022 жылы ауданда 2 жаңа мектеп салынды. 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше білім ұяларында жөнделіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Рысқұлов, Састөбе кентінде 2 мектеп салынбақ. 4 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пунктердің құрылысы жүргізілуде.

Түлкібас ауданы инфрақұрылымы толық дамыған аудандар қатарында. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл қолға алынды. Аудан тұрғындарының 99,8%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тозығы жеткен ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімінің осыған дейінгі түлкібастықтармен кездесуі кезінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапқан. Атап айтқанда, Машат ауылында облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу үшін 595 млн. теңге қарастырылып, құрылыс толығымен аяқталды. Су құбырлары ауыстырылып, тасжолдар төселді. Ауыз су жүргізу жұмыстары жүргізіліп, ішкі көшелер жөнделуде. Түлкібас кентіндегі мектепті жөндеуден өткізуге қаржы қаралды. Спорт кешені мен интернаттың сәулет-жоспарлау құжаттары дайындалуда.

Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жылдық 5 пайызбен тауар өндірушілерге 4,8 млрд. теңге бөлінді. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 3 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9 мыңға жетіп, оларда 11 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Түлкібас ауданы бойынша былтыр 2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша былтыр 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 158 жұмыс орындары ашылды. Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті төмендетіп, халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады. 

Сондай-ақ, ауданда 51 мектепке дейінгі ұйымдар және 61 мектеп бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында мектепке дейінгі ұйымдарда 6 мыңнан астам бала қамтылған. Тұрар Рысқұлов ауылындағы 300 орындық Майлыкент мектебінің құрылысына 1,2 млрд. теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар толығымен аяқталды. Бақыбек мөлтек ауданында орналасатын 300 орындық мектеп құрылысына 1,5 млрд. теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Еңбекші ауылындағы 150 орындық Тұрсынбеков атындағы негізгі мектебінің құрылысына 756 млн. теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Аманкелді мектебінің қосымша корпусының құрылысына 214 млн. теңге толық қаралды. Сондай-ақ, 100 орындық Абайыл негізгі мектебінің құрылысына 269 млн. теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар толығымен аяқталды. Кершетас ауылындағы Жандарбеков атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына 238 млн. теңгеге жөңдеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Облыс басшысы аудан әкіміне жекеменшік мектеп, спорт нысандарын салуда жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырып отыр. Барлық жұмыстар кешенді жоспар аясында жүзеге асып, айтылған әр ұсыныс-талап бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берілуде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет