Дүйсенбі, 29 Шілде 2024 13:13

Түркістан: Қазығұрт және Төлеби аудандарындағы кәсіпкерлер мәселесінің шешілу жолдары қаралды

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов Қазығұрт және Төлеби аудандарының кәсіпкерлерімен кездесті. Басқосуға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев, Өңірлік кеңес мүшелері, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев және жеке кәсіпкерлер қатысты.

Қос аудандағы кәсіпкерлердің өзекті мәселесі талқыланған көшпелі кеңес отырысында облыстық кәсіпкерлер палатасы Төлеби аудандық филиалының директоры Маржан Мусаева және Қазығұрт аудандық филиалының директоры Сержан Мамытбеков атқарылған жұмыс барысы туралы баяндама жасады. Шараның негізгі бөлігінде сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп, кәсіпкерлердің көкейіндегі сұрақтарға сала мамандары жауап берді.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саланы дамытуға баса мән беріліп отырғандығын атап өтті. Кәсіпкерлік – еліміздің экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан өңір аумағында да кәсіпкерлерді қолдау шаралары өз деңгейінде жүргіледі. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жұмысы көңіл қуантарлық, дегенмен жұмысты тағы ширата түсу керек. Яғни кәсіпкерлерге бизнесін жандадыру мәселесінде бағыт-бағдар беру мен құқығын қорғау аясындағы жұмыстар жалғасын таба бермек», – деді Нұралы Әлмаханұлы.

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, ауданда 12058 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бизнес өкілдеріне жағдай жасау бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда жыл басынан бері өңірге 1 млрд 550 млн теңге инвестиция тартылған. Ал Төлеби ауданындағы алқалы жиыннан соң өңірлік кеңес төрағасы бастаған топ «ФудМастер-Шымкент» ЖШС жұмысымен танысты. Көксәйек ауылдық округінде орналасқан кәсіпорын тәулігіне 70-80 тонна сүтті қайта өндеп, 60 тонна дайын өнім шығарады. Өндіріс орнында сүт, айран, қаймақ, биоайран, йогурт БиоС имун+ өнімдері өндіріледі.

Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады.

Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 27 рет