Бейсенбі, 08 Тамыз 2024 15:50

Түркістан облысындағы 10 индустриалды аймақта 49 кәсіпорын жұмыс істеуде

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековпен кездесті. Кездесу барысында өңірді дамыту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы облыста инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріліп отырғанына тоқталды.

Ұласбек Сәдібеков заң шығару саласындағы жұмыстарға тоқталып, ел үшін маңызды Заң жобалары қабылданып жатқанын атап өтті. Аймақты дамыту бағытында да бастамалар көтерілгенін айта келе өңірдегі өзгерістерден хабардар екенін жеткізді. Кездесуде Кентау қаласын дамыту мәселесі, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру, жол жөндеу, руханият саласындағы түйткілдер тарқатылды. Халық қалаулысы Түлкібас ауданындағы теміржол өткелін күрделі жөндеуден өткізу, халықты тұрғын үй салатын жер учаскесімен қамтамасыз ету, Кентау мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа ендіру, өңірдегі қараусыз қалған тарихи нысандардың жай-күйі, ауруханалар мен емханалардың жөндеуден өткізу, шаруаларды алаңдатқан суармалы су жайын реттеу секілді өзекті мәселелерді тиісті министрліктерге депутаттық сауал ретінде жолдағанын жеткізді. Сондай-ақ, кеңес үкіметі кезінде Бәйдібек ауданына қарасты 7500 гектарға жуық жер Арыс қаласының аумағына беріліп кеткенін айтқан Ұласбек Сәдібеков, бұл жағдай бойынша арнайы комиссия құрылып, Бәйдібекке тиеселі жердің қайтарылуы қажеттігін сөз етті. Себебі, қазір шаруалар үшін жайылым жердің тапшылығы туындап отыр.

Кездесуде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысы пысықталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірден сайланған бірмандаттан депутаттардың Парламентте көтерген депутаттық сауалдарынан хабардар екенін айтып, әрбір жағдай бақылауда болатындығына тоқталды.  Айта кетейік, инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат жасалған. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында. Екіншіден, шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы 30,7 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланып, 24,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске қосылды.

Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС құрылған. Жалпы облыста 544,52 гектарды құрайтын (426,4 га басқарушы компания теңгерімінде) 9 индустриалды аймақ орналасқан. Онда құны 75,9 млрд. теңгені құрап, 3684 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 67 жоба орналасқан. 9 индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы қолға алынған. Алайда, индустриалды аймақтарға инфрақұрылымды толық жүргізу үшін қосымша қаражат қажет.

Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана). Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып (46 га жер), сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілген. Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы индустриалды аймақтардың инфрақұрылым желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Бірнеше аудан, қалада енді салынады. Дегенмен кейбір аудан, қалада индустриалды аймақтар қараусыз қалған, жан-жағы қоршалмаған және бірқатарында жобалар жүзеге аспаған. Аталған мәселені шешу, кемшілікті жою тапсырмасы хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

Облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алып келеді. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жүктеуде.Аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.

2019 жылы құрылған Түркістан облысының «Turkistan» индустриялды аймағындаөткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 34,1 млрд. теңгеге 2,5 мыңдай жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Инвестжобалар металургия өнеркәсібінде, машина жасау саласында, тамақ өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында жобаға асуда. Сондай ақ биыл жалпы құны 5,8 млрд. теңгеге 375 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 ГА құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайының тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 ш.м. құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимараттар құру жоспарлануда.

Түркістан Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Дайын өнімдерді ұқсата, тереңдете өңдеп, сапалы тауарларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, тұтынушыға жеткізетін орындар облыстың барлық аудандарынан ашыла бастады. Бүгінде облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында орналасқан. «Turkistan» индустриялды аймағы 2019 жылы құрылған.

28 гектар жерді алып жатқан «Мақтаарал» индустриялық аймағы 2014 жылы ашылды. Онда 1330 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. Мұнда 220 адамға арналған жұмыс көзі бар. «Мақтаарал» индустриялық аймағында Мақтаарал мен Жетісай аудандарының жобаларын орналастыру мәселесі де реттелген. Негізінен мұнда жоғары технологиялы мақта тазалайтын және жемісті мармелад өнімдерін шығару қолға алынған. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін 2 жоба аясында 66 адам жұмыс істеуде. Таяу болашақта мұнда мақта кластерін жасап, әлемнің түкпір түкпіріне мақта мата өнімдерін жөнелту қолға алынбақ.

35 гектар жерге орналасқан «Шардара» индустриялық аймағы 2015 жылы құрылған. Мұнда 1125 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдығын өңдейтін, гафрокартон мен одан ыдыстар жасау және мақта өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Индустриалды аймақтың бір артықшылығы, мұнда электр энергиясы арзан, ауызсу және суармалы жер бар. Қызылқұм магистралі Шардара–Арыс–Шымкент, Шардара–Абай–Шымкент тас жолына және Шардара су қоймасына жақын орналасқан.

Созақ ауданы – өңірдегі жер көлемі ең ірі аймақ. Ауданның ең үлкен қазынасы – табиғи қазба байлығы. Сондықтан «Созақ» индустриялық аймағының салалық бағыты – пайдалы қазбаларды өңдеу, химия өнеркәсібі және фармацевтика өнеркәсібі, тау-кен өндірісі. Оның жалпы ауданы 50 гектарға тең. Мұнда 1144 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асып, 279 адам жұмысқа тартылмақ.Түлкібас ауданындағы 2015 жылы құрылған 55 гектар аймақтағы индустриялық аймақ бүгінгі таңда қаңырап бос тұр. Мұнда 4 жылдан бері әлі күнге дейін бірде-бір өндіріс орны құрылмаған.

«Қазығұрт» индустриялық аймағы 40 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 186 жұмыс орны бар 6 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жылдам дайындалатын тағам өндірісі, сусындар мен құрылыс материалдары да бар. 57 гектарды құрайтын «Бәйдібек» индустриялық аймағына инвесторлар тарту шаралары қолға алынуда.

Кентау – дамыған адами капиталы мен инфрақұрылымдық алаңы бар өнеркәсіптік моноқала. Индустриялық аймақты дамыту кезінде негізінен өнеркәсіпке, жаңа технологияларға, сондай- ақ, жұмыс істеп тұрған өндірістер желісін кеңейтуге басымдық берілді. Аталған аймақ 2016 жылы ашылған. Жалпы аумағы – 25 гектар жер. 261 адамды жұмыспен қамтитын 10 жоба жүзеге аспақ. Аймақтың салалық бағыты – машина жасау, өнеркәсіптік мақсаттағы өнім және электр энергиясын өндіруге арналған жабдықтар шығару.

«Бадам» индустриялық аймағының жалпы аумағы 115 гектарды құрайды. Мұнда 8 жоба аясында 1189 адам жұмыспен қамтылмақ. Индустриалды аймақтың Шымкент қаласына жақын орналасуы оған белгілі бір дәрежеде артықшылықтар береді. Сонымен қатар, «Бадам» инновациялық технологияларға серпіліс жасап жатқан бірден-бір индустриялық аймақ. Қазір онда әртүрлі құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардан бөлек, трактор шығаратын кәсіпорын және 1600 тонналық мұздатқыш қоймасымен бірге бау-бақша алқабы бар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 35 рет