Дүйсенбі, 12 Тамыз 2024 14:12

Түркістанның тарихи рөлін айшықтап, туристік әлеуетін көтеретін жобалар жүзеге асады

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай паркін құрудың жалғасы ретінде заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысандар салынады. Қызықты әрі маңызды жоба жан-жақты талқылануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырма берді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы сәулеттік жобалар талқыланған жиын өтті. Жиында өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай, сапалы әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті. Сонымен бірге жаңа нысандардың қасбетінде ұлттық нақыштың ұмытылмауын, тарихи әрі туристік нысандарда тұтас бір үйлесімділік болуы керектігін айтты.

Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырлардағы бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылмақ.

Мәжілісте Күлтөбе қалашығы аймағындағы туристік нысан, Түркістан қаласы аумағында шығыс үлгісінде безендірілген мұнаралар салу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Қолөнершілер орталығы» нысанын салу жобасы да сарапталды. Әрбір нысан бойынша тиісті ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Олардың бәрі жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

Шавгар – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап, Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылдан бастап, Қазақ хандығының астанасы деп танылды.  Бүгінде Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың небір хандары мен билері жерленген.

Айта кетсек, шаһарда туристерге қолайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. 2023 жылдың І-ші тоқсан қорытындысы бойынша қаладағы орналастыру орындарының саны — 57 бірлікті құраған. Ал, демалыс нөмірлерінің саны – 1199 болса, төсек-орын саны – 2557 бірлікке көбейген. Сондай-ақ,  жыл соңына дейін қалада 5 жұлдызды «Medina palace» қонақ үйі мен «Мұз айдыны» спорт кешені қолданысқа беріліп, туристерге арналған демалыс орны арта түспек.

Түркістан қаласының туризіміне қатысты бұрынғы ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов былай деді: Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. «Биылғы жоспар бойынша Түркістан өңірінде 15 мәдениет нысанына жөндеу және 3 нысанына құрылыс жұмыстары көзделіп отыр. Сонымен қатар, сіздердің өңірлеріңізде «Гауһар Ана», «Отырар», «Сауран» визит-орталықтары биыл ашылып, туристерге қолайлы жағдай тудырады деп күтеміз. Ал 2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақүйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілген. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі. Министрдің пікірінше, бүгінде республикамыздағы аудан, ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп интернат-колледждерде білім алуы керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп интернат-колледжі бар болса, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, кемелді келешек иелері кәсіби спортқа тарту жолында игілікті істер жалғаса береді.

Сонымен қатар, жыл сайын Түркістан облысының сауықтыру шипажайлары мен диспансерлеріне шамамен 50 мыңнан астам турист келеді.  Жалпы алғанда, аймақта демалушыларға диагностикалық медициналық қызметтердің кең спектрін, нәтижелі емделуді және толық тыныштық пен тепе-теңдік жағдайындағы жанға жайлы демалысты ұсынатын 60-тан астам мекеме бар. Олардың көпшілігі Сарыағаш өңірінде, тағы бірнеше шипажай Жетісай, Сайрам аудандарында және Арыс қаласында орналасқан.

«Өңірде сауықтыру туризмі өткен ғасырдың 50-жылдарында дами бастады. Бұған себеп — климаттың жылы болуы, таза ауа, қатты желдің болмауы, күн көзінің молшылығы, минералды су, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштары бар саябақтардың болуы. Мәселен, температурасы 49-52 градус Цельсийге жететін және ем үшін қолданылатын минералды судың құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, бикарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден мен микроэлементтер бар», — дейді «Turkistan Tourism Center» туристік ақпарат орталығында. Түркістан облысының шипажайларында ас қорыту жүйесі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол және аяқ, тері аурулары бар науқастар, сондай-ақ гипертониямен ауыратын адамдар денсаулығын жақсарта алады. Гипертонияның шаршаңқылық пен ұйқысыздықтан өзге ауыр симптомдары болмағанымен, бұл дерт жүрек ауруларының және әсіресе инсульттің негізгі себебі болып табылатындығымен ерекше қауіпті. Десе де дертті бақылауда ұстауға болады. Қан қысымын қалыпқа келтіру үшін кей науқастар арнайы дәрі-дәрмектерді қолдануы керек. Ал енді бірі үшін өмір салтын өзгерту және гипертонияның дамуын қоздыратын факторларды болдырмау да жеткілікті. Нақтырақ айтсақ, темекі шегуді тастау, дұрыс тамақтануға көшу, спортпен айналысу, алкогольді шектен тыс тұтынбау.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 45 рет