Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024 18:44

Түркістан облысы: экономиканы көтерудің негізгі жолы – өндіріс орындарын, жаңа жұмыс орындарын ашу

Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжіліс залында Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, фракция мүшелері – облыстық мәслихат депутаттары, басқарма және департамент басшылары қатысты.

Жиынға фракция жетекшісі, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Өкілді және атқарушы билік тармақтарының бірлескен отырысында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалуы қаралды. Фракция жетекшісінің айтуынша, партияның облыстық филиалы жүргізіп отырған мониторинг пен талдау нәтижелеріне сәйкес, Жол картасының биыл орындалуы тиіс 126 тармақтың 81-і немесе 64 пайызы орындалған. Тағы 45 тармақ орындалу үстінде, 9 тармақтың орындалуын статистикалық деректермен нақтылай түсу қажет.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайлауалды бағдарламаның өңірде іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы назарда екенін жеткізді. – Жуырда ғана «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданды. Осы тарихи оқиғамен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгін біз маңызды жиында бас қосып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, «АМАНАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, облыс үшін маңызды іс-шаралар айқындалған болатын. Өңірімізде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылды. Экономиканы көтерудің негізгі жолы ол – өндіріс орындарын, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан біз инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылып, жаңа зауыттар ашылуда. Осы жұмыстар нәтижесінде 11 айда негізгі секторларда өсу динамикасы байқалды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1 триллионнан астам теңгені құрады. Өңір экономикасына 1 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталып, 25,5%-ға өсті. Түркістан облысының экономикасын көтеру бағытында бірлесе жұмыс атқара береміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжіліс барысында сондай-ақ, Жол картасы тармақтарының орындалуы бойынша Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің хабарламасы тыңдалды. Жиында депутаттар Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Мәжілісті қорытындылаған фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев партия айқындаған міндеттерді табысты іске асыруға еңбек етіп жатқан өңір басшысына, басқарма, департамент басшылары мен аудан, қала әкімдеріне, мәслихат төрағасы бастаған депутаттық корпусқа алғысын білдіре отырып, жиынға қатысушыларды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Айта кетейік, инвесторлар үшін Түркістан облысында қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында. Екіншіден, шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы 30,7 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланып, 24,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске қосылды.

Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС құрылған. Жалпы облыста 544,52 гектарды құрайтын (426,4 га басқарушы компания теңгерімінде) 9 индустриалды аймақ орналасқан. Онда құны 75,9 млрд. теңгені құрап, 3684 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 67 жоба орналасқан. 9 индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы қолға алынған. Алайда, индустриалды аймақтарға инфрақұрылымды толық жүргізу үшін қосымша қаражат қажет.

Түркістан қаласының индустриалды аймағының 40 га аумағында инфрақұрылым жүргізу үшін 904 млн. теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған (автожол – 4,21 км, электрмен жабдықтау – 23,3 км, сумен жабдықтау – 11,9 км, кәріз – 4,03 км, газбен жабдықтау – 1,1 км, телефондандыру – 7,9 км, трансформаторлары 6 дана). Сондай-ақ 150 га аумақты инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд. теңге қарастырылып (46 га жер), сәйкесінше тиісті инфрақұрылым жүргізілген. Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы индустриалды аймақтардың инфрақұрылым желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Бірнеше аудан, қалада енді салынады. Дегенмен кейбір аудан, қалада индустриалды аймақтар қараусыз қалған, жан-жағы қоршалмаған және бірқатарында жобалар жүзеге аспаған. Аталған мәселені шешу, кемшілікті жою тапсырмасы хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

2019 жылы құрылған Түркістан облысының «Turkistan» индустриялды аймағындаөткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 34,1 млрд. теңгеге 2,5 мыңдай жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Инвестжобалар металургия өнеркәсібінде, машина жасау саласында, тамақ өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында жобаға асуда. Сондай ақ биыл жалпы құны 5,8 млрд. теңгеге 375 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 ГА құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайының тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 ш.м. құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимараттар құру жоспарлануда.

Түркістан Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Дайын өнімдерді ұқсата, тереңдете өңдеп, сапалы тауарларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, тұтынушыға жеткізетін орындар облыстың барлық аудандарынан ашыла бастады. Бүгінде облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында орналасқан. «Turkistan» индустриялды аймағы 2019 жылы құрылған.

28 гектар жерді алып жатқан «Мақтаарал» индустриялық аймағы 2014 жылы ашылды. Онда 1330 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. Мұнда 220 адамға арналған жұмыс көзі бар. «Мақтаарал» индустриялық аймағында Мақтаарал мен Жетісай аудандарының жобаларын орналастыру мәселесі де реттелген. Негізінен мұнда жоғары технологиялы мақта тазалайтын және жемісті мармелад өнімдерін шығару қолға алынған. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін 2 жоба аясында 66 адам жұмыс істеуде. Таяу болашақта мұнда мақта кластерін жасап, әлемнің түкпір түкпіріне мақта мата өнімдерін жөнелту қолға алынбақ.

35 гектар жерге орналасқан «Шардара» индустриялық аймағы 2015 жылы құрылған. Мұнда 1125 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдығын өңдейтін, гафрокартон мен одан ыдыстар жасау және мақта өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұр. Индустриалды аймақтың бір артықшылығы, мұнда электр энергиясы арзан, ауызсу және суармалы жер бар. Қызылқұм магистралі Шардара–Арыс–Шымкент, Шардара–Абай–Шымкент тас жолына және Шардара су қоймасына жақын орналасқан.

Созақ ауданы – өңірдегі жер көлемі ең ірі аймақ. Ауданның ең үлкен қазынасы – табиғи қазба байлығы. Сондықтан «Созақ» индустриялық аймағының салалық бағыты – пайдалы қазбаларды өңдеу, химия өнеркәсібі және фармацевтика өнеркәсібі, тау-кен өндірісі. Оның жалпы ауданы 50 гектарға тең. Мұнда 1144 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асып, 279 адам жұмысқа тартылмақ.Түлкібас ауданындағы 2015 жылы құрылған 55 гектар аймақтағы индустриялық аймақ бүгінгі таңда қаңырап бос тұр. Мұнда 4 жылдан бері әлі күнге дейін бірде-бір өндіріс орны құрылмаған.

«Қазығұрт» индустриялық аймағы 40 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 186 жұмыс орны бар 6 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жылдам дайындалатын тағам өндірісі, сусындар мен құрылыс материалдары да бар. 57 гектарды құрайтын «Бәйдібек» индустриялық аймағына инвесторлар тарту шаралары қолға алынуда.

Кентау – дамыған адами капиталы мен инфрақұрылымдық алаңы бар өнеркәсіптік моноқала. Индустриялық аймақты дамыту кезінде негізінен өнеркәсіпке, жаңа технологияларға, сондай- ақ, жұмыс істеп тұрған өндірістер желісін кеңейтуге басымдық берілді. Аталған аймақ 2016 жылы ашылған. Жалпы аумағы – 25 гектар жер. 261 адамды жұмыспен қамтитын 10 жоба жүзеге аспақ. Аймақтың салалық бағыты – машина жасау, өнеркәсіптік мақсаттағы өнім және электр энергиясын өндіруге арналған жабдықтар шығару.

«Бадам» индустриялық аймағының жалпы аумағы 115 гектарды құрайды. Мұнда 8 жоба аясында 1189 адам жұмыспен қамтылмақ. Индустриалды аймақтың Шымкент қаласына жақын орналасуы оған белгілі бір дәрежеде артықшылықтар береді. Сонымен қатар, «Бадам» инновациялық технологияларға серпіліс жасап жатқан бірден-бір индустриялық аймақ. Қазір онда әртүрлі құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардан бөлек, трактор шығаратын кәсіпорын және 1600 тонналық мұздатқыш қоймасымен бірге бау-бақша алқабы бар.

Төлебидегі су электр станциясы мен Саурандағы сүт фермасының құрылысы да қарқынды. Сүт фермасына Шығыс Еуропадан сүтті сиырлар әкелінеді. Жоба құны – 3,2 млрд. теңге. 40 адам жұмыспен қамтылады. Аталған инвестициялық жобалардың біразы биыл жүзеге асады. Ол жұмыстар бақылауға алынып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді.

Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырылған. Ол кәсіпорынның жер мен электр энергиясына қатысты мәселелері шешілетін болды. Украиналық «UBC BG» ЖШССауран ауданында тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салуға ниетті. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары қаралып жатыр.

Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – дейді болатын Дархан Сатыбалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Бір сөзбен айтқанда, билік тарапынан ел экономикасын көтерудің барлық алғышарты пысықталды. Енді өңірлерде жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, Президент тапсырмасын сәтімен іске асыру керек.Қазақстан шетелдік инвестиция тарту жағынан әлемде үздік ондықтың қатарында. Алтыншы орында. Халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. «FDI Intelligence» талдау орталығы Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикалық өсімін зерттеген. Рейтингте Азия елдері көш бастап тұр.

Еліміз инвестиция көлемі бойынша посткеңестік кеңістікте көш бастап тұр. Орталық Азия елдеріне тартылған барлық инвестицияның 61 пайызы бүгінде Қазақстанға тиесілі. Пандемия кезінде де негізгі капиталға салынған қаржы 17,2 млрд долларға жетті. Ал былтыр бірінші жарты жылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллары көлемінде инвестиция құйылған. Қаражаттың көбі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай елдерінен тартылды.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 38 рет