Сәрсенбі, 07 Мамыр 2025 10:50

Ордабасы: бөржарлық азамат мемлекеттік гранттың арқасында жылыжай салып, шаруасын дөңгелете бастаған

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін Мемлекеттік гранттар беру қолға алынғалы бері Ордабасы ауданындағы бірқатар тұрғындар осы қолдауға қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетуде.

Ордабасы ауданындағы Бөржар ауылдық округіне қарасты Ықыластемір ауылының тұрғыны Өмірзақов Мақсат аталған мемлекеттік бағдарламаға қатысып, комиссия шешімімен грантқа ие болды. Жоспарлы жобасын жүзеге асыру мақсатында жылыжай салып, бүгінде қарбыз, қызанақ және қияр көшеттерін баптап отыр. Шаруашылығын дамыту жолында еңбек етіп жүрген кәсіпкердің қарекеті – өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға тамаша үлгі болары сөзсіз.

Бүгінде Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылуды. Көрсеткіштер де жаман емес. Жалпы, Ордабасы ауданының экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды деп айтуға толық негіз бар.  Ауыл шаруашылығында өткен жылы 60 млрд. теңгеден астам өнім өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға артты.  Жалпы, 71,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 105,1 гектарда жылыжайлар орналасқан, (оның ішінде ағымдағы жылы іске қосылғаны 10,1 гектар), егістік жерлерді игеруде 501 гектарға тамшылатып суғару, 530 гектарға жаңбырлатып суғару жүйелері қолданылуда. Ағымдағы жылы қосымша  гектарға жылыжайлар салынып, жалпы алаңы 1 мың 577 гектардан асты, 117 мың тонна өнім өндірілді.

Егіс көлемі де артып келеді. Дала жұмыстары толығымен аяқталды. Жыл соңына дейін көкөніс, бақша, картоп өнімдерін өткен жылығы деңгейден асыру жоспарланып отыр.  Ауданда ағын су мәселесі өзекті болып келеді. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін  7 млрд. 277 млн. теңге қаралып, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдыңғы жылы 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, «Боралдай» су қоймасы бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынуда. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану болып табылады.

Бағдарлама 6 бағытта жүзеге асырылуда. Өсімдік шаруашылығын дамыту; 2. Мал шаруашылығын дамыту; 3. Құс шаруашылығын дамыту; 4. Балық шаруашылығын дамыту; 5. Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау; 6. Тұрғындардың өз кәсібін ашу.Ордабасы ауданынан бұл жобаға 5 ауылдық округтері еніп отыр (Бадам, Шұбар,Шұбарсу, Бөржар, Қараспан).

Мемлекет басшысы агралық салаға аса мән беріп, ауыл шаруашылығының дамуына барынша қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Осы орайда таяуда Ордабасы ауданында аграрлық секторды дамытуға бағытталған ерекше іс-шара өткенін де айта кеткен жөн.

Аудан басшылығы «Агромаш холдинг» акционерлік қоғамымен бірлесіп, ауыл шаруаларын танымал брендтегі отандық заманауи ауылшаруашылығы техникаларымен және агрегаттармен таныстыру үшін «ЛОВОЛ ФЕСТ» (LOVOL FEST) фестивалін ұйымдастырды. Фестивальде ауқымды ауылшаруашылық көрмесі ұсынылды. Фестивальдің ресми ашылуында аудан әкімі шараның маңыздылығына тоқталып, бүгінгі бастамаға сәттілік тіледі.

Шара аясында фестиваль қонақтарына «Агромаш холдинг» зауытының «LOVOL» брендінің ауылшаруашылық техникалары мен агрегаттары таныстырылды. Онан соң бұл маңызды шара ауылшаруашылығы өнімдері презентациясы, тест драйв демонстрациялық көрсетілімі (техникалардың жұмыс істеу қауқарын іс-жүзінде көрсету), мерекелік түскі ас, құнды сыйлықтар ұтысы, отандық жұлдыздардың өнер көрсетуі сынды мәнді шаралармен толықты. Бұл шара аудандағы ауыл шаруашылығына заманауи техникаларды қолдану аясын кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде. Айта кетейік, аталмыш фестиваль елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 133 рет