8 гектар аумақты алып жатқан өндірістік аймақта қазіргі таңда 13 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Жалпы, бұл аймақта 24 өндіріс орны салынатын болады. Жобаның толық аяқталуы нәтижесінде жиһаз өндірісі мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар іске қосылады. Бұл өз кезегінде аймақтағы жұмыс орындарының санын арттырып, жергілікті өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесіп, құрылыс барысындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылады. Ол өндіріс орындарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы маңызды екенін атап өтіп, кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Иассы ауылдық округіндегі бұл өндірістік аймақ аудан экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен үлес қоспақ. Қазіргі таңда құрылыс қарқыны жоғары деңгейде жүргізілуде, алдағы уақытта мұнда заманауи өндіріс орындары іске қосылып, өз өнімдерін нарыққа ұсынатын болады.
Жалпы, Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Ауданда 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.
Қазіргі уақытта жоғарыда айтылған Иасси ауылдық округімен қатар Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қасиетке ие адамдар құрметке лайық болуы тиіс екендігін айтып, оларға қолдау білдірген болатын. Осы орайда, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының шағын және орта бизнеспен айналысуына көптеген мүмкіндіктер қарастырылған.
Жоғарыда аталған Иассы ауылдық округінде «SEM BRAND» жиһаз цехы туралы да айта кетсек. Аталмыш кәсіпорын 2022 жылы ашылған болатын. Заманауи технологиямен қамтамасыз етілген кәсіпорынның аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Жылына 80 мың орындық және 15 мың үстел өндіреді. Цех директоры Бабыр Шереханұлы ауданның 150 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айтуынша, кәсіпорынды кеңейтіп мамандар санын 300-ге дейін арттыру жоспарда бар. Саурандық ұжымның өнімдері көрші Қырғызстан еліне экспортталады. Болашақта Түркия, Қытай және Ресей елдерімен қарым-қатынас орнату көзделуде. Атап өтерлігі, кәсіпорын 2022 жылы тамыз айында Түркістан қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысты. 80-нен астам тауар өндірушілердің арасынан “Халыққа арналған үздік тауарлар” номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.
Жалпы, Сауран ауданында жиһаз өнеркәсібі жанданып, дамып келеді. Тіпті осы өңірдің брендіне айналды десек те қателеспейміз. Түркістан облысында халық сұранысына қарай зауыттар мен фабрикалар ашу, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге ден қойылған. Бұл бағытта өңірде бірқатар жобалар қолға алынған. Әсіресе жиһаз шығару саласының даму қарқыны жақсы. Мәселен, Сауран ауданынына қарасты Шорнақ елді мекеніндегі «ТАК мебель» жиһаз цехының да жұмысы жақсы жолға қойылған. Жылына 12 000 дана өнім өндірілетін цехта 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сапалы әрі бәсекелестікке төтеп беретін жиһаздарына сұраныс жақсы. Мұндағы өнімдер шетелдің жиһаздарынан кем емес.
Сондай-ақ, Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі өндірістік аймағында орын тепкен «BNK GROUP LTD» ЖШС мекемесі жұмыс жасап келеді. Бүгінгі таңда өндіріс орнында 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.Онда жаңбырлатып суару машиналары жасалып, тракторлар құрастырылуда. Жобаның қуаттылығы – жылына 950 жаңбырлатып суару жүйесін шығарады.Бұл техника америкалық технология негізінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, мұнда тракторда шығарылуда. «BNK GROUP LTD» ЖШС шығарылған өнімдерге өзге өңірлер және шетелдерден де сұраныс жоғары болып отыр.
Сонымен бірге, Сауран ауданындағы «Ақниет Холдинг» Мүгедектор қоғамы әскери шатыр өндіреді. Бұдан бөлек, корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз өндірісін шығарады. Қазіргі таңда 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданы көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 млрд теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 млрд теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы - ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы - өнеркәсіп, 10,3%-ы - құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде.
Аудан әкімі Мақсат Асылбекұлының айтуынша, аудан көлемінде өндірістік алаңдар көптеп құрылатын болады. 2024-2026 жылдары ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар.
Сонымен қатар, ауданда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 қабатты 24 пәтерлі жалпы саны 16 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 48 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Коммуналдық сала бойынша, жыл басынан бері ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43,3%-ды құраған. Биыл Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 31 ішкі көшеге, яғни 39,4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
«Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ.
Сонымен қатар, Мақсат Асылбекұлы өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін айтады. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат