Іссапарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, өндірістік аймақтың даму барысымен таныстырды. Ал «СПК «Түркістан» АҚ басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов өндіріс паркі жұмысы туралы жан-жақты баяндап берді.Кеңесші сапар барысында көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен де танысты. Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтауға мүмкіндік бар. Қойма Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары көрсетілді. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды шығарады.Елімізде алғаш ашылған су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суғару және тамшылатып суғару жүйелерін шығаратын «BNK Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны осында, яғни Сауран ауданында орналасқан. Жалпы инвестиция құны 11,1 млрд.теңгені құрады. Мұнда жергілікті 100 тұрғын жаңа жұмысқа орналасқан.
Премьер-Министрінің кеңесшісі өндірістік алаңда орналасқан білім беру мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен танысты. Соңғы үш жылда бұл компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһазбен жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сәйкес жиһаздар, сондай-ақ «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады.
Сапар соңында Ермек Маржықпаев тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндірістік алаңына барды. Жаңа технологиямен жабдықталған бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. Бұл іссапар Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалардың ауқымын айқындап, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесін көрсетті.
Осы тұста айта кетсек, Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты таяуда ғана іске қосылған болатын. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «UBC Group» президенті Игорь Гуменный, өндіріс жөніндегі вице-президент Игорь Бурдыленко, коммерция жөніндегі вице-президент Александр Гуменный, «UBC Group» холдингінің зауыттары мен бөлімшелерінің басшылары, шет мемлекеттердің және еліміздің серіктес компанияларының жетекшілері қатысқан болатын.
Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөзінде былай деген болатын: – Бүгін біз тек облысымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Әлемдік деңгейдегі үздік компанияның зауыты Түркістан облысында іске қосылуда. «UBC Group» компаниясының тынымсыз еңбегі мен осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан команданың жұмысының нәтижесінде жаңа өнеркәсіптік тоңазытқыштар зауытын ашып отырмыз. Бұл бастамалар тікелей Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асуда.
Мұндай заманауи өндіріс орнын ашу – Түркістан облысы үшін тек маңызды экономикалық қадам ғана емес, сонымен қатар өңірдің инновациялар және заманауи технологияларға дайын екендігінің көрсеткіші. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірімізге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек. Бұл бастама – шет елдермен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Біз жаңа жобаларға, жаңа инвесторларға ашықпыз және қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді Түркістан облысына инвестиция құюға шақырамын. «UBC Group» басшылығы мен ұжымына осындай маңызды жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысын таңдап, көрсеткен сенімдері үшін алғыс айтамын. Жаңа зауыт Түркістан облысының жаңа мүмкіндіктер, инновациялар және тұрақты дамуының символына айналсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«UBC Group» басшысы Игорь Гуменный 2023 жылы өндірістік алаңдарын Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдап, жаңа зауыт салу үшін бірқатар аймақтың арасынан Түркістан облысы таңдалғанын айтып өтті. Көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғысын жеткізіп, тоңазытқыштар өндірісі жобасының сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді. Екі ел арасындағы бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімде компания барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, зауыттың құрылысын бастады. Жобаға сәйкес, бір шаңырақ астында өндірістік цехтар, қоймалар, әкімшілік және кеңсе ғимараттары орналасатын заманауи кәсіпорын бой көтереді. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 30 миллион еуроға дейін жетеді.
Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 40 мың дана сауда тоңазытқышын шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоба толық іске қосылғанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс орнының ашылу рәсімі кезінде қонақтарға зауыт аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Өндіріс барысы көрсетіліп, жаңа зауытта өндірілген өнімдер таныстырылды.
Сондай-ақ, 100-ден аса отандық және шет мемлекеттің бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды бизнес-форум өтті. Халықаралық форумға қатысушылар қатарында Украина, Түркия, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және еліміздің ірі компания иелері мен өкілдері бар. Айта кетейік, UBC Group – тоңазытқыш жабдықтарын өндіру саласында жұмыс істейтін және сәтті дамып келе жатқан Украинаның ең ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі. Компанияның тұтынушылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал брендтер мен ірі корпорациялар.
Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, Сауран ауданында өнеркәсіптен бөлек, ауыл шаруашылығына ірі инвестиция тартылып, мақта өндірісіне жаңа технология енгізілмек. Шетелдік инвестор «Turkistan Golden Cotton Ageralular technology Co.Ltd» компаниясы жергілікті «ИС Жангир» ЖШС-мен бірлесіп, жер телімдерін ортақ пайдалану туралы келісім жасады. Таяуда аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шетелдік инвесторлармен жер телімінің басында кездесіп, олардың алдағы жоспарларын тыңдады. Жоба аясында мақта егісі заманауи тамшылатып суғару әдісімен жүзеге асырылатын болады. Жалпы жоба құны – 7 млрд теңге. Алғашқы бес жыл ішінде мақта өсіруге арналған жер көлемін 1000 гектардан 12 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Өндірістік қуаттылығының бірінші кезеңінде 50 мың тонна мақта өнімін шығару көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта екі тарап келісімшартқа қол қойып, іске кірісіп кетті. Мақта өсіру базасына жұмысшыларға арналған контейнерлер жеткізілді, ал жер өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба аймақтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және мақта өндірісінің сапасын арттыруға үлкен серпін бермек.
Орай келгенде айта кетерлігі, өткен жылы облыс әкімдігі мақта-тоқыма кластерін салу жобасын әзірледі. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылатын болады. Күтілетін нәтиже – 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, бюджетке жыл сайын шамамен 26,2 миллиард теңге түсім. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында Global Textile компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті. Сондай-ақ отандық тоқыма кәсіпорындарын қолдау үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық қамту үлесін 70 пайызға дейін арттыруды ұсынды. Содан кейін қорғаныс, білім беру, медициналық, теміржол және басқа салалардан тоқыма өнімдеріне сұраныс отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Елде тоқыма, тігін өнеркәсібімен қатар жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту да мақта саласын толыққанды дамыту үшін қажет. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын тұқыммен қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат