Дүйсенбі, 12 Мамыр 2025 13:21

Түркістан қаласы: қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жүргізілді

Түркістан қаласындағы №28 мектепте өткен шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Балгабаев Ерболат Темірболатұлы арнайы қатысты.

Бұл шара оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттырып, оларды алаяқтықтан қорғауға және болашақта қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Департамент оқушылар арасында қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мұғалімдерді қаржылық сауаттылықты оқыту дағдыларына үйретуді ұйымдастырып келеді. Ел бойынша барлығы 7500 мектеп, колледж және университет мұғалімдері оқытылатын болса, жоспар бойынша жаңа пән өткен оқу жылында оқу бағдарламасына енгізілген. ҚР Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, мұғалімдер әрдайым қоғамдағы жаңа және прогрессивті бастамалардың негізгі нұсқаушысы. Сондықтан педагогтердің қаржылық сауаттылық бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмысты ең алдымен мектеп пен ЖОО-дан бастау керек. Біздің Президентіміздің негізгі саясаты – реформаларды халық үшін және халықпен бірге жүргізу. Сондықтан біз, сіздерді, мұғалімдерді шақырып, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істегіміз келеді, – дейді ол.

Мәжіліс Спикері бүгінгі отандық білім беру жүйесі өскелең ұрпаққа ең қажетті білімді беріп, оларды қазіргі өмірге барынша дайындауы тиіс екенін ерекше атап өткен болатын. Бұл алдыңғы қатарлы шетелдік елдердің тәжірибесі. Ол сондай-ақ мемлекет халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етіп келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясы халықтың несиелік жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл заң бірінші кезекте азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған.

Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, 2024 жылы қаржылық сауаттылықты 100 мың студент және 450 мың оқушы оқыған. Қосымша 200 мың адам оқыту курстарынан өтткен. Осылайша, былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасымен 750 мың адам қамтылды. «Қарызсыз қоғам» жобасының әдіскерлер жұмыс тобының жетекшісі Алма Дощанова 600 мың мұғалім, оқушы және олардың ата-аналары арасында арнайы сауалнама жүргізілгенін айтады. Зерттеу нәтижелері бойынша, сауалнамаға қатысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастаманы ата-аналар тарапы да қолдайды, 78% респондент балаларының қаржылық сауаттылықты оқуға қызығушылық танытқанын айтады. Әдіскер-жобалаушы Назым Бекжігіттің пікірінше, қаржылық сауатты азамат елдің дамуына негіз болады.

Қазіргі уақытта смартфонның көмегімен несие рәсімдеуге болатын цифрлық дәуірде баланы қаражатты басқаруға, жоспарлауға және шығындарды есептеуге үйрету өте маңызды. Мектептердегі қаржылық сауаттылық оқыту маңызды, өйткені ол балаларды ақшаны басқаруға үйретеді: бюджет құру, үнемдеу және ақшаға жауапты болу. Қарыздар мен алаяқтықтан аулақ болуға, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және болашаққа деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Бұл білім пайдалы және қаржылық тұрғыда тұрақты қоғам құруға көмектеседі. 

«Қарызсыз қоғам» жобасының жоғары өзектілігіне тоқтала кетсек, оны білім берудің үш деңгейінде – мектептерде, колледждерде және университеттерде толық қолдайтынын айтуға болады. Атап айтқанда, қаржылық сауаттылық бойынша мектеп олимпиадалары өткізілуде. Осы пәнді оқыту қарқыны арта түсері анық. Ол бүкіл ел бойынша, әсіресе экономикамен байланысты емес мамандықтар үшін барлық жоғары оқу орындарында міндетті болмақ. Еске сала кетер болсақ, «Қарызсыз қоғам» жобасы алдыңғы жылы 2 мамырда басталған болатын. Жобаны іске асыру барысында 150 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Бүгінгі нарықтық қоғамда қаржылық және құқықтық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Оның әрбірі тиімді шешім қабылдай алу мен мұқияттылықты талап етеді. Әрі жалпы экономиканың өзі азаматтардың қаржылай сауаттылығына байланысты.Қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу қабілеті.

Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Былайша айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы, не активі жоқ. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды. Ол үшін кіріс шығыстан көп болуын қамтамасыз ету қажет. Яғни адам өзі жарататын ақшадан көбірек табыс тапса, қаржылық мәселелер оңтайлы шешілетін болады. Қатқан қағида ғой, сенде ақша бар немесе жоқ. Ақша жоқ болса оны жарата да, қолдана да алмайсың. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинайсың.

Негізгі базалық түсініктерді білу, сәттілікті немесе бір ғажайыпты күтпей, қолда бар қаржыны тиімді басқара алу қабілеті әрбір адамға керек. Ал ол үшін ең алдымен қаржылық дисциплина мен жүйелілік қажет. Мысалы, апталық, айлық немесе жылдық есеп жүргізіп, кіріс пен шығысты тіркеп, есептеп жазу жүйелі реттеудің алғышарты. Сол кезде адам белгілі бір уақыт шеңберінде қанша жинай алатынын, қанша үнемдеп, қанша жаратуға болатынын біледі. Әсіресе шынайы қажеттіліктерге кеткен қаржы мен импульсивті сатып алуларға жұмсалған ақшаны сараптап, реттеу жақсы нәтиже береді дейді мамандар.

Сонда «қаржылық сауаттылығы жоғары адам» болу үшін не істеу керек? Осы мақсатта қандай күнделікті әдеттер мен дағдыларды қалыптастыру маңызды? Қаржы мамандары нақты, алғашқы қадам ретінде – дұрыс талдау, отбасылық бюджетті құруды айтады. Қарапайым қағазға жазсаң да, ұялы телефонға тіркесең де, әйтеуір жүйелі есеп жасау қажет. Келесі, қаржылық мақсат қойып, ұмтылу. Яғни жинақты жоспарлы, мақсатты түрде жүргізудің тиімділігі туралы сөз болып отыр. Мысалы, саяхатқа шығам деп несие алып, жолға шығып кеткеннен гөрі алдын ала жоспарлап, қанша керек, қолда қаншасы бар, бағасы қазір алсам қандай, үш айдан кейін алсам ше, алты айдан кейін ше деп талдау жасау керек. Ойланып, шешім қабылдап, осы соманы жинау үшін қанша уақыт, неше теңгеден қалдырып отыратыныңызды анықтап аласыз. Кез келген ауқымды сатып алулар үшін осы әдісті қолданған жөн. Одан соң, әрине, қауіпсіздік қоры. Рас, барлық күнделікті шығындардан бөлек қор жинау көпшілігімізге қиындау. Соған қарамастан, артық шығындарды қысқартып, алғашқыда 5 пайыз, кейіннен 10, 20 пайыздан қауіпсіздік қорына салып отырыңыз. Жалпы, жинақ жоқ дегенде жалақының алты айлық мөлшерінде болады. Ешкім жазатайымнан, басқа да оқыс оқиғалар мен жоспардан тыс дүниелерден сақтандырылмаған. Денсаулығыңыз жарамай, жұмыстан шығып қалсаңыз, қандай да бір жағдайлар болса алты ай бойы күн көре алатындай қор дайын тұру керек. Мәселен, айлығыңыз 300 мың теңге болса, сіздің қауіпсіздік қорыңыздың мақсатты көлемі 1 миллион 800 мың теңгеге тең. Бұл қаражат қандай жағдай болса да жұмсалмай, қолда тұруы қажет.

Қазақстан халқының несиесі мен банк алдындағы берешегі туралы сұмдық статистикалар айтылып жүр. Тұтынушылық несие мен кепілді несиеге, микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтарға да жиі жүгінеді екенбіз. Экономиканың шамадан тыс несиеленуі – қазіргі қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі. Халық қарапайым тауарларды, жиһаз, электроника, тұрмыстық техниканы да несиеге рәсімдейді. Жинап, жоспарлап алудың орнына қажеттілікті дәл қазір қанағаттандырғысы келіп, несиеге, артық пайызбен алып жатады. Тіпті алда қанша ай бойы төлеу керек екендігін де есепке алмайды. Егер табысыңызды арттыру мақсатында, айналымдағы қаржыны көбейту, кәсіпті кеңейту мақсатында несие рәсімдесеңіз, ол дұрыс та. Қарапайым мысал, мобилограф болсаңыз, сізге соңғы үлгідегі гаджет керек болады. Оны несиеге алып, табысыңызды арттырған жағдайда бұл тиімді несие. Немесе такси жүргізушісі болсаңыз, көлігіңізді жаңартып, үздіксіз, тоқтамай жұмыс істеп, табысыңызды көбейтесіз. Тағы жылжымайтын мүлікке ипотека алу да пайыздық мөлшері жағынан оңтайлы болса – дұрыс шешім. Ал керек, керек емесіне қарамай, той-домалаққа, басқаға несие алу – қате. Бір несиені екіншісімен жабатындар да аз емес. Бейнелі түрде айтсақ, бұл жүк үстіне жүк ілу. Әлбетте, банктер де неше түрлі жарнама жасап, кепілдіктер беріп, халықты қызықтыратыны да жасырын емес. Нәтижесінде, банк алдындағы берешегін қайтара алмай жүрген азаматтар көп. Өкінішке қарай, несие еліміздегі әр отбасының мәселесі деп айтуға да болады.

Инвестиция – қаржылық сауаттылықтың жоғары деңгейі деуге болады. Бүгінгі таңда банктердің телефондағы қосымшалары арқылы инвестициялық, брокерлік компанияларға жүгінбей-ақ, алғашқы қадам жасап инвестициялауды үйренуге болады. Арнайы мемлекеттің, ұлттық банктің тарапынан өткізіліп жатқан қаржылық сауаттылықты дамытуға арналған сабақтар, қосымшалар да көмектеседі. Соның бәрін қарап, бақылап отыру оң бағыт берері сөзсіз. Ал депозитті инвестицияның түрі ретінде қараудың қажеті жоқ. Себебі, депозит қаржының тек белгілі бір уақыт аралығында инфляция есебінен құнын жоғалтпай тұруына ғана көмектеседі. Өйткені, инфляция деңгейі мен банктер ұсынатын орташа пайыздың деңгейі шамалас. Жоғарыда айтылған қауіпсіздік қорын депозитте сақтауға болады. Ал табыс табу үшін мүмкіндігінше инвестиция жасаған жөн.

Елімізде соңғы жылдары 30 мыңнан астам адам 54 миллиард теңге көлемінде қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Әрине, бұл қоғамдағы қаржылық сауаттылық деңгейінің төмен екенін дәлелдей түседі. Ал қаржылық пирамидалар мен желілік маркетингке алданбау үшін олардың белгілерін жаттап, жоламау керек. Ең біріншіден, қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі жасаған қаржылық пирамидалардың ресми тізімі бар. Бұл тізімге 252 компания кіреді. Осы тізімді қарап, тексеру қажет. Екіншіден, инвестициялық компания ретінде ұлттық банкте лицензиясы бар ма, жоқ па тексеріңіз. Оған қоса, ЖСН, БСН нөмірлері арқылы қарауға да болады. Үшіншіден, тым жоғары пайыз бен кіріс уәде етсе, қашыңыз. Өйткені, кіріс пен тәуекел әрдайым тура пропорционалды. Яғни, көбірек пайыз береміз десе, тәуекел де көбірек. Мұндай оңай табысқа сену – ақымақтық. Төртіншіден, артыңыздан адам тартуды сұраса, «артыңнан екі-үш адам кіргізсең табысыңды көбейтемін» десе, күмәнді келісім болатынына ықтималдылық жоғары.

Бұл сақтану жолдары. Одан бөлек пирамидалар мен желілік маркетингтің түр-түрін ажыратып білген дұрыс. Мәселен, көп деңгейлі пирамида дегеніміз өзіңнен кейін адам тарту арқылы сол келуішінің салымын өзіңе алу. Яғни, әр келуші өзінен кейін бірнеше салымшы шақыруға міндеттеледі. Бұл схема ұйымдастырушылар мен бастапқы салымшыларға ғана кіріс әкелуі мүмкін. Ал соңындағы адамдар үшін келешегі жоқ келісім ғана. Тиімді болмақ түгілі, салған бастапқы сомаңыздан да айрылып қалу қаупі өте жоғары. Ал егер өзіңнен соң екі, үш деңгейде адам тарту талап етілсе, ол – матрицалық пирамида. Және Понци схемасы деген бар. Бұл нұсқаның ерекшелігі артыңнан адам тартуды міндеттемейді. Пирамидаға қосылғандар кірісті осы схеманы ұйымдастырушының өз қаражаты есебінен алады да, шынайы табыс екеніне сене бастайды. Осылайша, оңай байығандарды көріп басқа адамдар өзінен-өзі тартылады. Тағы бүркемеленген пирамида деген де бар. Мұндай пирамидалар көп деңгейлі маркетинг есебінен өздерін жасырып жұмыс істейді. Яғни, бір өнімді немесе қызметті сату арқылы күдікті азайтуға тырысады. Пайыздық есепте табыс алатын олардың да жұмысы түптеп келгенде – қаржылық пирамида. Соңғысы криптовалюталық схемалар бойынша жүретін пирамидалар. Бұл жүйе бойынша инвестициядан жоғары кіріс табуға уәде беріп, криптовалюталарға ақша салуды сұрайды. Алайда, толық білмей жатып белгісіз криптовалютаға сене беруге болмайды.

Қазіргі таңда елімізде қаржы пирамидасын құру және жарнамалау толық шектелген. Қылмыстық кодекстің 217-бабы қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ал оны жарнамалау бұрындары әкімшілік құқықбұзушылықтар ретінде қаралып, кінәлілерге айыппұл ғана салынатын еді. Одан соң қаржылық пирамиданы жарнамалауға қатысты жаңа заң жобасы қаралып, мақұлданды да, енді ол да қылмыстық кодекспен қаралады. Адамдарды жеке және тікелей, оның ішінде электрондық ақпараттық ресурстар арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу әлеуметтік шиеленістерді төмендетеді. Алайда жазаны күшейтуден бөлек, құқықтық, қаржылық сауаттылықты да арттыру керек екені сөзсіз.

ЭЫДҰ мен Дүниежүзілік банктен бөлек, қаржылық сауаттылық деңгейін Standard & Poor’s рейтингтік агенттігі төрт базалық қаржылық тұжырымдама бойынша бағалайды: қаржылық математиканы, проценттің күрделі мөлшерлемесін, инфляцияның әсерін және тәуекелдерді әртараптандыруды түсіну. Қаржылық сауаттылықтың негізгі аспектілерін ашу мақсатында журналистер мен БАҚ өкілдері үшін семинарлар, брифингтер және дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып жатыр. Әлбетте, мектеп бағдарламасына енгізіліп жатқан пәндерді де атап өткен дұрыс. Тұжырымдама шеңберінде жүргізілетін іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін жыл сайын әлеуметтанушылар зерттеулер жүргізіп, соның негізінде мониторинг жасайды. Осы есепке сүйенсек, Қазақстанда соңғы үш жылда қаржылық сауаттылық деңгейі 39 пайыздан 40,2 пайызға дейін өскен. Яғни, нәтижелер көрініп жатыр.

Балаларды кішкентай күнінен қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеу керек. Мына қызықты қараңыз, кішкентай балалар 4 жастан бастап дүкеннен өздері қалаған затты алуға ұмтылады екен. Яғни ата-ана баланы қаржылық сауаттылыққа осы кезеңнен бастап үйрете алады. Ол үшін әртүрлі әдістерді қолдануға болады дейді мамандар. Ең алдымен үнемдеу, орнымен жұмсау, қажеттіге ғана жарату сынды қарапайым дағдыларды басшылыққа алып, балаға сіңіруге әбден болады. Мысалы, бала жазда жұмыс істеп, азын-аулақ ақша тапса, ата-анасы жинауды, бір мақсатқа жұмсауды көрсетіп, түсіндіреді. Үйдегі тәрбиеден бөлек, қазіргі таңда қаржылық сауаттылық мектеп бағдарламасына да кіргізіліп жатыр. Мұндай бастама көп уақыттан бері айтылып келді, ұзақ талқыланды. Өйткені жеткіншектердің қаржылық сауатының қалыптасуы мектептен басталатыны анық. Бұл бір қырынан қарасақ кезек күттірмейтін қажеттілік. Себебі адам қарызға батып, несиесін төлей алмай, банкроттық жағдайға жеткен кезде оған қаржыны сауатты пайдалануды үйретуге өте кеш болады.

Жаһанданған әлемдегі қаржы нарығы мен қаржылық қызметтердің тез дамуы қаржылық құралдардың түрленіп, жаңаша форматтарға өтуіне, көбеюіне және олармен жұмыс жасау әдістерінің күрделенуіне әкеліп отыр. Бұрын тек қолма-қол ақша болатын. Одан соң банктер бар еді. Ал қазір тіпті банкке бармай-ақ онлайн аударымдар мен төлемдер жасауға, басқа да қаржылық операцияларды орындауға жағдай жасалған. Сәйкесінше, банк терминалдары, пластикалық карталар, операторлық орталықтар, онлайн қаржылық қызмет түрлері мен онлайн кеңесшілер пайда болды. Осыған сай кез келген адам банктік шотты, депозитті онлайн ашып немесе несие алып, цифрлы форматта рәсімдеулер жүргізе алады. Ал мұның бәрі үшін белгілі бір деңгейдегі қаржылық білім талап етіледі. Аталған мүмкіндіктерді пайдалану үшін обердрафт, эквайринг, сақтандыру полисі, әртүрлі амалға алынатын комиссия, кешбек, бонустар, несие пайыздары және оның түрлері, несиелік лимит, несиелік рейтинг, карта көмегімен қарызды жабу, автотөлемдер, ағымдағы және жинақ шоттары, несие тарихы, кредиттік балл секілді экономикалық-қаржылық ұғымдардан хабардар болу қажет.

Осының бәрін үйретіп, қадағалайтын ең тиімді институт мектеп. Мектепте арнайы пән негізінде экономикалық және қаржылық мазмұндағы базалық білімді беріп, ақпаратты жан-жақты түсіндіріп, жаттығулар, жағдаяттық тапсырмалар, әртүрлі есептер жүйесін орындату арқылы сауатты ұрпақ тәрбиелей аламыз. Және қаржылық мәдениетке қатысты эссе жазу, креативті, жаңашыл жобалар жасау, қорғау, шығармашылық жұмыстар жүргізу оқушының ізденісін арттырады. Ізденіс нәтижесінде жай ғана жаттау емес, түйсіну, салыстыру, талдай алу қабілеттері қалыптасады. Осылайша, біз азаматтардың қаржылық сауаттылығын жүйелі түрде көтере аламыз.

Лайфхактар

Сарапшылар бизнесте табысқа жетуге көмектесетін негізгі қасиеттер мен оларды дамытуға болатын жолдарды атады.

1. Батылдық. Бұл қасиет өзіңіздің ісіңізді бастауға, белгісіздік пен тәуекелге толы жолға түсуге көмектеседі. Әр түрлі тәжірибе жинау арқылы сіз анағұрлым сенімді болып, адамдарды дұрыс түсініп, жеке командаңызды жинай алатындай деңгейге жетесіз. Сіз қателіктерден сабақ аласыз.

2. Тапқырлық және шапшаңдық. Бұл дағдылар әрдайым машықтануды талап етеді. Өйткені туындаған проблемадан мүмкіндіктерді көре білу және сол проблемаларды өзіңізге табысты шапшаң түрде шешіп үлгеру - өнер.

3. Креативтілік. Қарапайым күнделікті оқиғаларда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тәсіл көрсету, жаңартулар енгізу - бұның бәрі кәсіпкердің өз ісімен айналысуына қызығушылығын арттырады.

4. Зерделілік - бұл ұқыптылық, сіздің немен, не үшін айналысатындығыңызды толықтай түсіну. Бұл - таңдаған жолды, алға қойған мақсатты және нақты әрекет ету жоспарын ұстану. Әрі мақсатқа жету жолында адасқан болсаңыз, тура жолға түсу.

5. Ақша жайлы дұрыс түсінік. Нағыз кәсіпкер үшін ақша - мақсат емес, армандарды орындау мен айналасындағы әлемді өзгертудің құралы. Табысты бизнесмендер кірісті бірінші кезекте өзіндік даму мен ісін ұлғайтудың ресурсы ретінде, тек содан кейін ғана, лайықты марапат ретінде қарастырады.

Әрине, қаржылық сауаттылық әр түрлі адамдар арасында әртүрлі түсінікке ие. Біреулер үшін ол сауатты болу қорлар индексі мен құнды қағаздар нарығында хабардар болу дегенді білдіреді. Ал басқа біреулері үшін бұл тек финансисттер мен миллиондаған АҚШ долларлары бар адамдар ғана түсіну керек сала. Алайда шынына келгенде қаржылық сауаттылық адамдардың мамандығы, әлеуметтік деңгейі, жасы мен жынысына тәуелсіз, барлығына қатысты ұғым.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 1 рет