Қала басшысы инвесторлармен бірге жобаның жоспарланған аумағын арнайы аралап, ондағы инфрақұрылымдық және инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Аталған жобаға Өзбекстандық инвесторлар тарапынан 5 миллион АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын кешеннің 70 гектары — су қоймаларына, 10 гектары — интенсивті бассейндерге, ал қалған 20 гектары — әкімшілік және өндірістік нысандар мен туристік инфрақұрылымға арналмақ.
Жоба шеңберінде инкубациялық құрылғылар, балық өсіруге арналған интенсивті су айдындары, шабақ және балапан балық өсіретін шаруашылықтар құрылып, сонымен қатар 200 орынға арналған заманауи қонақүй мен мейрамхана салу жоспарлануда. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 1000 тонна балық, 50 миллион дана шабақ және 400 мың балапан балық өсіріледі деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру алты кезеңнен тұрады. Толық іске қосылу мерзімі — 2 жыл. Сонымен қатар, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда Қазіргі таңда тараптар арасында өзара ынтымақтастықты бекітуге бағытталған құжаттар дайындалуда. Жоба аясында инвестициялық меморандум жобасы қаралуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама аясында 2030 жылы облыста балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр.
Бүгінде Түркістан қаласының халқы 250 мыңға жуықтады. Экономикалық белсендісі 83 мыңнан асса, оның жұмыспен қамтылғаны 80 мыңға жуықтаған. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 30 мың адамнан асып отыр. «Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 2,8 есе арттырамыз», дейді қала әкімі.Соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,3 трлн. теңге инвестиция тартылған. Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.
Индустриалды аймақтың аумағы 190 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы құны 10,5 млрд. теңге болатын 954 жұмыс орнымен 21 жоба іске асырылған. Сонымен қатар алдағы жылдары құны 15,8 млрд. теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі жылдық орташа өсім 17 пайыз болады деп болжамдануда. Жеке инвестициялық жобалар есебінен құрылыс жұмыстарына құны 243,9 млрд. теңгені құрайтын, 2552 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 136 жоба қарастырылуда. Қаланың жалпы өңірлік өнімінің негізгі бөлігін көтерме және бөлшек сауда құрайды. Салаға 6 млрд. теңгені құрайтын, 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 жобаны ұйымдастыру көзделген.
Қаланы дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 млрд. теңге инвестиция тартылса, биыл 53,5 млрд. теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 млрд. теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілген.
Алдыңғы жылы Түркістан қаласында құны 4,9 млрд. теңгенi құрайтын 7 жоба индустриалды аймақта iске қосылып, 199 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар:
1) «Techtronic-Stroy»ЖШС-ң «Тауарлы бетон және асфальто бетон өнімдерін жасау» жобасы, құны 600 млн теңге, 20 адам жұмыспен қамтылған.
2) «ГОКТУРК» ЖШС-ң «Шлакоблок, брусчатка және бордюрлы тастар жасау» жобасы, құны 250 млн теңге, 19 адам жұмыспен қамтылған.
3) «Euroblock Production» ЖШС-ң «Газобетон және полтстирол блоктарын жасау» жобасы, құны 113,8 млн теңге, 20 адам жұмыспен қамтылған.
4) «Grand Stroy Kaz» ЖШС-ң «Тауарлы бетон және темір бетон бұйымдарын жасау» жобасы, құны 1млрд. 500 млн теңге, 30 адам жұмыспен қамтылған.
5) «Алем Бетон – 1» ЖШС – 2 кезеңіндегі «Тауарлы бетон және асфальто бетон бұйымдарын жасау» жобасы, құны 700 млн теңге, 45 адам жұмыспен қамтылған.
6) «Grand MIKS» ЖК (3- ші кезең) «Жиһаз жасау» жобасы, құны 800 млн теңге, 35 адам жұмыспен қамтылған.
7) «Қазақстан 2030 – Қытай» ЖШС-ң «Шұлық жасау» жобасы, құны 1 млрд теңге, 30 адам жұмыспен қамтылған.
Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе тігін фабрикасын ашты. Тігін фабрикасы Түркістанның индустриалды аймағында салынған. Жобаны іске қосуға 700 миллион теңге жұмсалды. Өндірістің қуаттылығы айына 13 мың тоқыма бұйымдарын шығаруға бағытталған. Кәсіпорын әйелдер үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын талқылады. Тараптар жылдық тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, көрші елдің инвесторлары Түркістанның индустриалды паркінде газ плита мен су жылытқыш құрылғылар өндіруге ниетті. Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Арнайы экономикалық аймаққа коммуналдық желі толықтай тартылған. Енді осы жерге іргедегі көршілер зауыт салатын болса, шарапатын қос тарап бірдей көрмек. Біріншіден, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі тұрмыстық техниканың бағасы тұтынушылар үшін әлдеқайда арзандауы мүмкін.
Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, шаһарда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.
Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.
Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.
Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында инвесторлардың қатары арта түскен. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар Түркістан қаласында, жалпы, облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр. Былтыр жыл соңында Түркістан облысының әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста облыс орталығында жаңадан салынатын жобалар таныстырылып, құрылысы жүріп жатқан жаңа нысандардың сәулетіне қатысты талқылау өткізілген болатын. Түркістан қаласында салынатын жаңа ғимараттардың сыртқы әрлеу жұмысы, ішкі дизайны мен сыртқы көрінісіне қатысты сәулеттік үлгілер ұсынылды. Оған жауапты басқарма басшылары, сәулетшілер, қала әкімдігі мен өзге де мекемелердің басшылары қатысқан еді.
Сол кездегі облыс әкімі Д.Сатыбалды әрбір нысанның құрылысы тұрақты бақылауда болатынын айтып, жаңа нысан салуға бел буған жеке инвесторларға бастаған құрылысты орта жолдан аяқсыз тастауға болмайтынын қатал ескертіп, сапа мен құрылыс мерзімінің қатаң сақталатынын жеткізген-ді. – Түркістанда бизнес ашуға келген жеке кәсіпкерлер өз істеріне аса жауапкершілікпен қараса игі. Мемлекеттен жерін алып, бастаған істі орта жолдан аяқтаусыз қалдыруға жол берілмейді. Түркістанның әрбір нысаны талапқа сай болуы тиіс. Басталған құрылыс мерзіміне сәйкес уақытта аяқталуы қатаң бақылауда болады. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары үйлесімді атқарылуы тиіс Құрылыс саласының соңғы технологиялары қолданылған жөн, – деген болатын облыс әкімі.
Бүгінде Түркістан қаласындағы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» мен мәдени-рухани орталық маңындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда. Мәселен, бір кәсіпкер Түркістан қаласында автосалон салуға ниетті. Жоба іске асқан жағдайда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер араға уақыт салып, кәсібін ұлғайтуды көздейді. Енді бір жоба – сауықтыру орталығы. Кәсіпкер оның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, абаттандыруына атсалысатын болды. «Жаңа қала» аумағында құрылысы басталған 9 қабатты 7 көпқабатты тұрғын үй кешенінің қастебіне қатысты бірнеше үлгі ұсынылды. Мамандардың ұсыныстары тыңдалды.Баспаналардың қасбеті ұлттық нақышта безендірілуі тиіс. Сонымен бірге отырыста модульді үйлер салу, жекеменшік емхана салу, спорт кешенін салуға ниеттілер өздерінің жобаларын таныстырды.
Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Алдыңғы жылы және былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).
Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілуі, қала және қала маңы аймағы халқының өсуі, бірқатар ірі кәсіпорындар қызметінің қайта жандандыруы және жаңадан салынуы жүк-жолаушылар тасымалына қызмет көрсетуді жақсартып, Түркістан станциясының теміржол көлігін одан әрі дамыту қажеттігін туындатады. Бұл орайда бас жоспарда экономиканың дамуы жүк тасымалдарын 2035 жылдың соңына дейін шамамен 3 есе ұлғайтуға алып келетіні, бұл жүк тиеу бойынша 800,0 мың тоннаға және түсіру бойынша 1 800,0 мың тоннаға жететінін айтылған. Түркістан қаласының бас жоспарында қаланың перспективалық шекарасынан тыс, Шойтөбе станциясында тағы бір теміржол жүк станциясы кешенін салу жоспарланған. Шойтөбе станциясы ауданында көлік-логистикалық орталық, сондай-ақ жалғау, көрме және қабылдау-жөнелту жолдары құрылысымен өнеркәсіптік аймақты орналастыру көзделген.
Станциялық теміржол кешені қала кәсіпорындарымен және жаңа әуежаймен, айналма жолдың оңтүстік жарты айналмасымен және қалалық магистральдармен байланысады, олар теміржол көлігімен жүк тасымалының өсіп келе жатқан көлеміне қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Есептік мерзімге «Түркістан – Шымкент» теміржол магистралінің барлық учаскесін электрлендіру ұсынылады. «Түркістан – Шымкент» теміржол магистралін (Арыс ІІ – Түркістан 108 км учаскесі) Түркістан қаласының көлік инфрақұрылымының шеңберіне электрлендіруді аяқтау кірмейді және бас жоспарда Түркістан облысындағы Жібек жолының туристік бағытын жаңғырту стратегиясы түрінде атап көрсетілген. Бас жоспарда теміржол вокзалын жолаушылар платформасы бар жаңа орынға, Шымкент бағытында 3 шақырымға көшіру көзделген. Жаңа теміржол вокзалының өткізу қабілеті тәулігіне 5000 жолаушыны құрайды.
Ұзындығы 16 шақырым "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық маңызы бар автожол учаскесі Түркістан қаласының аумағы арқылы өтеді. Есептік мерзімге бұл жол қалалық магистральға айналады. Бұдан басқа, Түркістан қаласына облыстық маңызы бар 3 техникалық санаттағы автожолдар жақындайды. Жүк және транзиттік машина ағындарын қоныстану аумақтарынан тыс шығару үшін бас жоспарда қаланың оңтүстік және солтүстік айналма жолдары қарастырылған. Бас жоспар ұсынған қаланы автожолмен айналып өту (Оңтүстік айналып өту) "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізі бойынша транзиттік автокөліктің үздіксіз және жоғары жылдамдықты қозғалысын қамтамасыз етеді.
Бас жоспарда құрылыс индустриясы таяудағы жылдары қалада бірнеше жүздеген тұрғын үй кешені мен үйлер, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық объектілер, сауда кешендері, саябақтар мен гүлзарлар, инженерлік инфрақұрылым мен жолдар салу арқылы дамитыны айтылған. Мұндай құрылыс көлемі жергілікті құрылыс материалдарына сұраныстың бірнеше есе өсуіне алып келеді. Құрылыс индустриясының неғұрлым перспективалы бағыттары: сусымалы құрылыс материалдарының (құм, қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы, топырақ) өндірісі, тауарлық бетон, бетон және темір-бетон бұйымдары, кірпіш, көбік және газ бетоны, жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, терезе, есік, жиһаз өндірісі болады. Ал ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы құрылғылар өндірісі, фермаларға, жылыжайларға, көкөніс сақтау орындарына арналған жабдықтар өндірісі, нүктелі суару жүйелерінің, дақылдарды топыраққа отырғызбай өңдеу жүйелерінің, дрондар өндірісі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы перспективалы бағыттар ретінде аталып отыр.
35 елді мекен кіретін Түркістан қаласының қала маңы аумағы дәнді дақылдар, көкөніс және бақша өсіру бойынша облыста жетекші орын алады. Қала маңайы жылыжайлар саны бойынша облыста екінші орынға ие. Мал шаруашылығы да дамыған, онда негізгі бағыттар ірі қара мал мен ұсақ мал және түйе өсіру болып табылады. Түркістан қаласы осы бағыттарда ауыл шаруашылығы кластерінің өзегіне айналуы мүмкін. Өнімдері халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін ауыл шаруашылығын жеке қосалқы шаруашылықтардан шығару, дақылдарды топыраққа отырғызбай өсіру технологияларын одан әрі дамыту, саланы ынталандыру қажет. Сондай-ақ тұрғындар мен туристердің болжамды санына байланысты сауда экономиканың неғұрлым перспективалы салаларының бірі болып табылады. Ірі сауда орталықтарымен және супермаркеттермен қатар дәстүрлі базарлар дамуы тиіс. Осыған байланысты Түркістан қаласының базарларын сақтау және жаңғырту жоспарын әзірлеу маңызды. Тауар айналымының көлемі өскендіктен көлік-логистика жүйесі дамитын болады. Жүктерді тасымалдау екі бағыт, яғни қалаға азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, шикізат пен материалдарды әкелу және ауыл шаруашылығы өнімдерін, тамақ өнімдерін, тоқыма өнімдерін басқа өңірлерге жөнелту бойынша жүзеге асырылатыны көзделген.
Бас жоспарда, сондай-ақ болашақта Түркістан қаласында туристерге тартымды мәдени-танымдық объектілерді дамыту ұсынылған. Этно-мәдени кешен, тарихи-мәдени музей және Отырар алқабының археологиялық ескерткіштер саябағын құру, «зияратшылар ауылы», қонақүйлер, меймандостық индустриясы, халық кәсіпшілігі мен қол өнер мектебі, тарих-мәдени кешендер салынатыны айтылған. Тұрғын үй құрылысын дамыту, халықтың білім алуға, денсаулық сақтауға, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуге және инженерлік-көліктік инфрақұрылым объектілеріне қажеттілігін қанағаттандыру халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың және Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары болады.
Түркістан қаласы бойынша халықтың экономикалық белсенділігі 2018 жылғы 52 %-дан 2035 жылға қарай 60,72 % дейін өсуі болжануда. Жұмыспен қамтылғандар саны қала үшін мүлдем жаңа, яғни ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, баламалы энергетика, экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіру, іскерлік қызмет көрсету саласы және тағы басқа бағыттарда өседі. Бас жоспарда қала халқы санының болжамы БҰҰ-ның халықаралық стандартына сәйкес демографиялық болжау әдісімен орындалған. Яғни бастапқы жылға халық саны – 165 мың адам, 1-ші кезектегі халық саны – 250 мың, есептік мерзімдегі халық саны – 350 мың адам, болжамды кезеңге халық саны – 500 мың адамды құрайды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат