Сәрсенбі, 12 Маусым 2019 09:59

Түркістан қаласы жиһаз өндіруден оқ бойы озық тұр

Түркістан қаласы облыс көлемінде жиһаз өндірісінен алдыңғы орында тұр. Қаланың өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің 20 пайызын осы қатты және жұмсақ жиһаз өндірісі құрайды. Бүгінде облыстың орталығында 7 ірі кәсіпорын жұмыс істесе, жеке кәсіпкерлікпен тіркелген бірқатар шағын жиһаз цехтары да бар. 

Облыстың жиһаз өндірісінде өзіндік орны «Гранд Микс», «Азия бренд», «Мебель люкс», «Кордиал – Түркістан» сынды кәсіпорындардың өнімдері еліміздің өзге облыстары мен ТМД елдеріне шығарылады. Атап айтар болсақ, өз жұмысын 2013 жылы шағын ғана цехтан бастаған «Азия бренд» («Абишев» ЖК) өнімдері еліміздің бірқатар өңірлеріне тарайды. Кәсіпкерліктің іргесін кеңейткен бұл кәсіпорын бүгінде түркістандық 60 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Шағын кәсіпкерлікті мемлекет қолдауымен бастаған бұл цехта жиһаздарға қажетті шикізатты әрлеу өнімдері де осы жерде дайындалады. Цехтың жылдық өнімділігі – 10 мың дана жиһаз топтамасы. Сондай-ақ бүгінде жиһаз топтамасына қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдардың 80 пайызы өздерінен шығады. Бұрындары Ташкент, Қытай елдерінен тасымалданған өнімдерді енді цехта өндіріп, өндірістің тиімділігін арттырып, баға тұрақтылығын сақтап отыр. Қазір фабрикадағы жұмыстың 80-90 пайызы автоматтандырылған. Цехтағы жұмыс италиялық станоктар көмегімен жүргізілуде. Жобалық құны – 20 миллион теңге. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру үшін кәсіпорын қызметкерлері шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып отырады.

Сондай-ақТүркістандағы индустриялық аймақтағы үлкен жобалардың бірі – «Гранд Микс» кәсіпорнының өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне таныс. Себебі фабрика өнімдері Қазақстанның 14 облысына және Қырғызстанның Бішкек, Ош қалаларына жіберіледі. Қазіргі таңда Ресей, Әзірбайжан елдерінен де сұраныстар қабылдауда. Жиһаз өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын «Гранд Микс» мекемесі жылына 1,5-2 млрд. теңгенің өнімін өндіреді. Онда бүгінде жергілікті тұрғындардан 145 жұмысшы еңбек етеді.

Облыс орталығы Түркістан қаласында алдағы уақытта кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамытуға баса мән беріліп отыр. Бұл тек қаланың көркеюіне ғана емес, жұмыссыздықтың да азаюына сеп болмақ.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 672 рет