Бейсенбі, 04 Шілде 2019 17:31

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында кәсіпкерлер қаржыландырылып жатыр

Наурыз айынан бері ауданда «Бастау Бизнес» бағыты бойынша 120 азамат оқытылып, куәлік алыпты. Бәріөз кәсіптерін бастауға дайын. Мақтаарал ауданында «Бастау Бизнес» жобасы аясында 30 жоба қаржыландырылған. 

Бүгінде кәсіпкерлік саласын дамытуға мемлекет тарапынан түрлі қамқорлықтар жасалып, жеңілдетілген төмен пайызды несиелер берілуде. Адал кәсіппен айналысамын деушілерге арнайы оқу курстары өткізіліп, бизнес-жобаларға қолдаулар көрсетіліп жатыр. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Мақтаарал аудандық филиалы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасы аясында тұрғындарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуда. Аталмыш бағдарлама бойынша ауданда тағы 37 адам 1 айлық курсты толық тәмамдап, бизнес жоспарларын қорғап шықты.

«Бастау Бизнес» жобасын бітірген тыңдаушылардан 30 жобаға қолдау көрсетілсе, көктемгі дала жұмыстарына 162 шаруа қожалықтарына 298 060 000 теңге берілген. Одан бөлек «Жетісай несие» несие серіктестігі тарапынан тағы 26 жоба қаралуда. Маусым айында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші және екінші бағыттары бойынша оқыған 29 тыңдаушыға200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 505 мың теңгеден мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілген. «Өңірдегі жұмыссыздықтың алдын алып, халықтың әл-ауқатын жақсартудың бірден-бір тиімді тәсілі – кәсіпкерлікті дамытып, дұрыс жолға қою», - дейді Түркістан облысы «Кәсіпкерлер палатасы» Мақтаарал аудандық филиалының директоры Нұргүл Пердебайқызы.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 960 рет