Дүйсенбі, 12 Тамыз 2019 17:37

Түркістан облысы: Созақ ауданының қарбыздары Ресейге экспортталады

Созақ ауданының бағбандары 15 келіден асатын қарбызды егіс алқабынан жинап жатыр. Ендігі жерде теріскейдің бақша өнімдері Ресейге экспортталады. Яғни биылдан бастап шаруалар қауын-қарбызын шетелге саудаламақ. 

Созақ ауылындағы жер емген диқандар биыл жалпы 107 гектар аумаққа бақша өнімдерін еккен. Оның 40 гектарына қауын егілсе, 66 гектардан астам жерге қарбыздың тұқымы отырғызылған. Мәселен, аудандағы 3 шаруа қожалығы бірігіп, биыл 600 тоннадан астам өнімді экспортқа шығармақ. Ал өткен жылы бір ғана серіктестік 10 гектар жерінен 250 тонна өнім алып, оны азғантай көлемде шетелге жіберіп көріпті. «Тапқан табыс та көл-көсір болған еді» дейді шаруалар.

Айта кетейік, Созақ ауданының табиғаты оңтүстікте орын тепкенімен ерекше. Қысы қатал аймақта негізінен тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Түйе бағып, оның сүтін өндіреді. Ал бау-бақша ұстап, одан өнім алып экспорттау ауданға бағбандарына жаңалық болып отыр.

«3 шаруақожалығы бірігіп, 600 тоннадан аса өнімді экспортқа шығарамыз деп отырмыз. Ендігі жылы тағы 3 шаруа қожалығы қосылмақшы. Қарбызды экспортқа шығарып, жақсы көрсеткіштерге жетіп жатырмыз. Негізінен Ресейге барады. Сосын өзіміздің Қазақстанның ішіне, солтүстік өңірлерге барып жатыр» дейді Созақ ауылы округінің әкіміБатырхан Аяпов.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 791 рет