Сейсенбі, 12 Қараша 2019 16:19

Шымкентте Орталық Азия сауда форумы өтіп жатыр

Бүгін Шымкент қаласында компаниялар мен экспорттаушылар үшін жетекші аймақтық халықаралық шара болып саналатын Орталық Азия сауда форумы ашылды. Бұл – Шымкент қаласы әкімдігі мен USAID-тың қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тоғызыншы форум. 

«Жеміс-көкөніс секторындағы инновациялық және инвестициялық тәсілдер» тақырыбында өтіп жатқан ауқымды шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер, қала әкімі Ерлан Айтаханов пен 500-ден астам компания басшылары, мемлекеттік сектор өкілдері мен Орталық және Оңтүстік Азия, Еуропа және АҚШ-тың салалық сарапшылары қатысуда.

Форумның ашылуында сөз алған Шымкент қаласының əкімі Ерлан Айтаханов шаһардың инвестициялық жобалары мен туристік әлеуетіне тоқталды.

- Бүгінгі форум бизнес-қауымдастыққа 70 миллионнан астам әлеуетті клиенті бар Орталық Азияның дамып келе жатқан нарығындағы жеміс-көкөніс саласындағы жаңа әлеуетімен танысуға және Шымкент қаласына көптеп инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Біз мемлекет қорынан бөлінетін қаржыға қарап қалмай, әлеуметтік және кәсіпкерлік, ауылшаруашылық пен туризм саласына әлемнің барлық елінен инвестиция тартып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғарлатуымыз қажет. Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД-ның мəдени астанасы атанғаны белгілі. Осы іс-шара аясында қазір Шымқалада бірқатар жобалар қолға алынуда. Бүгінде қаламызда азық-түлік сақтайтын бірнеше қойма бар. Олардың қатары əлі артады. Болашақта Шымкент қаласы сауда өнеркəсібі дамыған ірі орталыққа айналатын болады, - деді шаһар басшысы.

- АҚШ-тың үкіметі аймақтағы сауда мен инвестицияның өсуіне жəне Орталық Азия халықтарының əл-ауқатының жақсаруына қолдау көрсетеді, - деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер.

Форум барысында халықаралық және отандық журналистер мен блогерлердің қатысуымен арнайы баспасөз-конференциясы өтті. Онда БАҚ өкілдері АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен шаһар басшысы Ерлан Айтахановқа өздерін қызықтырған  сауалдарын жолдады.

Форумға қатысушылар жаңа технологиялар, инвестициялық мүмкіндіктер, сауда ынтымақтастығы мен жаңа серіктестерді іздеу үшін нетворкингтің перспективалары туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар, іс-шара ұйымдастырушылары қатысушыларға экспортты дамыту және сапа жағынан менеджмент бойынша практикалық сабақтар өткізеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 980 рет