Сәрсенбі, 13 Қараша 2019 22:26

Шымкент: Қала әкімі «Бесқұдық тастың» жұмысымен танысты

Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың бірі – Шымкенттегі «Бесқұдық тас» зауыты. «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорын жылына 350 мың шаршы метрге дейін тас өңдеп, құрылысқа қажетті түрлі пішіндегі материалдар шығарады. 

Аталған зауыттың тыныс-тіршілігімен бүгін қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барып танысып, жұмысшылармен жүздесті. Зауытта дайындалған травертин құрылыс материалы бүгінде Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетіне қолданылып келеді. Мәселен, қаладағы Тәуке хан даңғылы мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты үйдің қасбетін аталмыш мекеме өз есебінен көркейтіп берді.

Екі ауысымда жұмыс істейтін өндіріс орнында 40-тан астам адам жұмыс істейді. Нысан басында жатақхана, асхана, тағы басқа да орындар бар, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жан-жақты жасалған. Мұнда Түркия мен Қытай мемлекеттерінің озық үлгідегі жабдықтары мен техникалары пайдаланылады. Барлық жұмыстар автоматтандырылған.

Айта кетерлігі, зауыт 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 966 рет