Бейсенбі, 14 Қараша 2019 16:46

Түркістан облысы: Кентауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Кеншілер шаһарында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтын күз» шарасы өтті. Жәрмеңкеде ауылшаруашылығы өнімдері сатылымға шығарылып, арзандатылған бағада жәрмеңкеге келген қонақтарға жол тартты. Мұндағы тауар нарқы базар бағасынан 10-15 теңгеге арзан. Мұнда Кентау қаласына қарасты ауылдық округтердің шаруақожалықтары өнімдері тұрғындарға ұсынылды. 

Сонымен қатар қалалық Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында «Алтын күз-2019» атты концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Салтанатты жиында Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажанов сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттады. Экономикаға серпін беретін жобалардың арқасында Қаратаудың тәжі аталған шаһарда ауылшаруашылық құрылымдары ағымдағы жылы 47 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Биыл 48 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. 1400 гектар жер тамшылатып суғару әдісімен игерілді. 22 гектар жылыжайдан өнім алынуда. Қала басшысы Дәурен Сәбитұлы «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында 2022 жылға дейін еңбек өнімділігін 2 жарым есеге өсіру жаңа инновациялық технологиялармен жаңа әдістерді ендіре отырып жұмыс сапасын арттыруды тапсырған. Сол әдістерді қолдана отырып біз ауылшаруашылығы өнімділігін дамытуымыз керек», — деді.

Кентау қаласындағы ауыл шаруашылығы бойынша өткен жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемінің барлық түрі артқан.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 821 рет