Сенбі, 28 Наурыз 2020 11:10

Шымкент: М.Әйтенов базар бағасын ескертусіз тексерді

Азық-түліктің бағасы не себепті бірден қымбаттап кетті? Тауардың жетіспеушілігі ме, әлде елді дүрліктірген індет кезіндегі саудагерлердің бәрінен бұрын қалта қамын ойлағаны ма? Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар басқарма басшыларымен және «NurOtan» партиясының мүшелерімен бірге «Жібек жолы» көтерме базарына барып, азық-түліктің бағасын тексерді. 

Сауда қатарындағы бағалармен танысуға ескертусіз барған шаһар басшысы азық-түліктің нарқын асыра көтеріп жіберген саудагерлермен бетпе-бет жүздесті. Олардың айтуынша, өзге облыстардан келетін картоп, сәбіз, пияз сынды күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктер бағасы шарықтап тұр. Қазіргі қысылтаяң шақта сатылып жатқан көкөністердің көтерме бағасын естісеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Яғни картоптың ең қымбаты 150-160 теңге болса, сәбіз 120 теңгеден саудалануда. Дегенмен базар ішіндегі бағалар да әртүрлі.

Бүгінде «Жібек жолы» базарында 200-дей сауда нүктесі бар. Базардың жағдайымен толықтай танысқан мамандар сатушыларға ескерту жұмыстарын жүргізді. Ендігі жерде бұл жұмыстар келер айдың ортасына дейін өз жалғасын табатын болады. Яғни алдағы уақытта барлық сауда орындарындағы азық-түлік бағаларына тексеру жүргізіліп, қалтасының қамын ойлаған азаматтарға айыппұл салынбақ.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 418 рет