Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020 21:18

Шымкент: Коронавирустың алдын алу жұмыстарына қала бюджетінен 230 млн. теңге жұмсалды

Әлемді жайлаған індет өз қауіптілігін жоймай тұр. Осы мақсатта Шымкент қаласында сақтық шаралары күшейтілді. Коронавирустың алдын алу жұмыстарына қала бюджетінен 230 млн. теңге жұмсалып отыр. Бұл сома әрі қарай артуы мүмкін. 

Қазіргі таңда індетті жұқтырған екі азамат та – Шымкент қаласындағы Абай ауданының тұрғындары. Осы жағдайға байланысты «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы 14 күнге карантинге жабылды. Алайда тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Жергілікті халық азық-түлік пен дәріханаға еркін баруына болады.

«Қазір олар қалалық инфекциялық ауруханада емделуде, денсаулықтары тұрақты. Ол адамдармен байланыста болған 26 адам карантинге жатқызылып, тест-сараптамасы алынып, нәтижесі күтілуде» - деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.

Сондай-ақ әкімдік ондағы жергілікті азаматтардың қажеттілігін және денсаулығын білу мақсатында арнайы анкета толтыртып алып жатыр екен. Нәтижесінде олардың барлық қажеттіліктері қанағаттандырылады. Бұл жағдайды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өз бақылауында ұстап отыр. Осы мақсатта арнайы баспасөз жиынын өткізген қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр барлық тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

«Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның келісіміне сәйкес, Шымкент қаласында 28 наурызда түнгі сағат 12-ден бастап, келесі қосымша шектеу шаралары енгізілетін болады. Шымкент қаласының аумағына сағат кешкі 21-ден таңғы сағат 7-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. Бұл транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ» - деді Ербол Садыр. Инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласында 28 наурызда түнгі сағат 12:00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 410 рет