Сейсенбі, 31 Наурыз 2020 20:33

Шымкент: Азық-түлік бағасын тұрақтандыратын меморандумдар түзілді

Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар тауарларды (ұн, макарон, күнбағыс майы, қант) жеткізу үшін келісімшарттар түзілді. Қалада азық-түлік қоры жеткілікті. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы төтенше жағдай штабының өкілі Қанат Жүнісбеков мәлімдеді. 

Брифингте мәлім болғаны, азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру үшін Әлеуметтік кәсіпкерлік-корпорациясы 11 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағаларын тұрақтандыру мақсатында «Gramad Retail» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Соның негізінде тауарлар бағасы аталмыш сауда орталығының 2 супермаркетінде, сонымен қатар қалада орналасқан 4 базарда және қолжетімді жерде орналасқан 44 бөлшек сауда дүкенінде тұрақтандырылған.

Бұдан бөлек өңірлік азық-түлік тауарлары қорын басқару жөніндегі комиссияның шешімімен азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру үшін жалпы 9250 тонна өнімді (оның ішінде ұн - 6000 тонна, қант - 2000 тонна, күнбағыс майы - 250 мың литр, макарон – 1000 тонна) тұрақтандыру қорына сату арқылы интервенция жасау туралы шешім қабылданды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларға байланысты сауалдарыңыз болса, 39-50-55 телефонына хабарласуларыңызға болады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 439 рет