Түлкібас ауданы тек алмасымен ғана аты шыққан өңір емес. Табиғаты керемет аймақта соңғы жылдары мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Оның ішінде бордақылау ісінде алға ілгерілеушілік байқалады. Өйткені мұнда мал бордақылау кәсібіне мықтап ден қойған шаруалар қатары жыл санап көбеюде. Түлкібас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сенсек, биылғы жылы 74 кәсіпкер 10-15 бастық мал бордақылау алаңдарын салуды жоспарласа, соның 64-і жоспарларын жүзеге асырып, өз жұмысын бастап кеткен.
Бүгінгі таңда аудан аумағындағы жалпы 117 мал бордақылау алаңдарында 1550 бас жылқы, 3400 бас ірі қара, 700 бас уақ мал бордақылануда. Өндірілген еттің негізгі бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларына жөнелтілуде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.