Жұма, 24 Сәуір 2020 13:38

Созақтық шаруалар аптасына 2 тонна түйе сүтін өндіруде

Түркістан облысы Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту ісі жанданып келеді. Түйе боталап, сүті сауылғаннан бергі аз ғана уақытта 30 тонна сүт Түркістан қаласындағы қайта өңдеу кәсіпорнына жеткізілген.

Жыл басында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан басшылығына ойсыл қара басын көбейтіп, түйе сүтін облыс орталығындағы қайта өңдеу кәсіпорнына өткізуді тапсырған болатын. Осыған орай аудан әкімінің бастамасымен ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіріп, сүтті мол көлемде беретін асыл тұқымды түйелерді сатып алу шаралары қолға алынды. Сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру ісі жүргізілуде. Тиісті бөлімдер мен мекемелер, ауыл кент округтерінде шаруа қожалықтарымен кездесулер мен семинарлар өткізілген. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде өз нәтижесін бере бастады.

Айта кетейік, қазірдің өзінде аудандағы түйе саны 11 мыңнан асып отыр. Алдағы уақытта сүтті ойсыл қара санын 1600-ге арттырып, сүт көлемін 4 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Ол үшін аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі өңірде арнайы бағдарлама дайындаған. Соның нәтижесінде аудан көлемінде Қарағұр ауыл округі «Қарағұр» өндірістік кооперативі, Созақ ауыл округі «Текей» шаруа қожалығы жанынан және аудан орталығы Шолаққорған ауыл округіндегі «Бағдат» шаруа қожалығы жанынан түйе сүтін қабылдайтын 3 арнайы бекет ашылды. Әр бекетте сыйымдылығы 1 тонналық қондырғы қойылды. Қазіргі таңда «Текей» және «Бағдат» шаруа қожалығы жанындағы түйе сүтін қабылдау бекеттері толық іске қосылып, жекелеген созақтық шаруаларымен бірге аптасына 2 тонна түйе сүтін өндіріп, өткізуде. Алдағы уақытта «Қарағұр» өндірістік кооперативі жанындағы бекет те іске қосылып, түйе сүтінің өнім көлемі артады деп күтілуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 423 рет