Қала аумағындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жер 62 600 гектар. Оның ішінде 39500 гектар егістік, 11 мыңы суармалы алқап. Дәнді дақылдар егілетін жер көлемі биыл мың гектарға артып отыр. Шаруалардың ісін ілгерілетуге мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінген. «Көктемгі дала жұмыстарына 5 пайыз жеңілдетілген несиеге 500 млн теңге несие бөлініп жатыр. Сонымен қатар 1255 тонна жанармайдың бағасын 174 теңгеден 160 теңгеге төмендеттік. Және минералды тыңайтқыштарға 105 млн теңге қаралған» - дейді Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветиринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков.
Төтенше жағдай кезінде қойылған мегаполистегі блок бекеттер шаруалардың жұмысына кедергі келтірмейді. Себебі осы сала қызметкерлерінің мәліметтері базаға ендірілген. Сонымен қатар азық-түлік жеміс жидек тасымалдаушыларға қалаға кіріп шығуға рұқсат берілген. Себебі карантин кезінде қаланы азықпен толық қамту басты назарда. «Біз бүкіл бекеттерге қаладағы 3200 шаруа қожалығының тізімдерін беріп қойдық. Ол жерде басшыларынан бастап сол жерде жұмыс істейтін барлық азаматтардың есімдері берілген. Әсіресе жылыжайда жұмыс істейтін жұмысшылардың көбі көршілес аудандардан. Солардың барлығына жұмысына келіп кетуге жағдай жасалған» - дейді Асқар Қаныбеков.Шымкентте төрт түліктің басы да артқан. Сиыр 2,4 қой-ешкі 3 пайызға көбейген. Егесіз ит - мысықты аулауға 130 млн теңге бөлініп, 3 айда 12 мыңнан астам үй жануары ауланған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»