«Nur Otan» партиясының ұсынысына сәйкес «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасы негізінде қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан әкімдіктері ұсынған жеті санат бойынша аса мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталды. Қаладағы халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдау мақсатында аудан әкімдіктері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайына мониторинг жүргізіп, аса мұқтаж отбасыларды іріктеп, арнайы тізімге енгізді. Енді Шымкент қаласы бойынша 21864 отбасы 50 мың теңге көлемінде көмек алады.
«Бүгінгі таңда «Birgemiz-Shymkent» қоры арқылы 8804 қала тұрғынының есеп шотына қаржы аударылды. Бұл жұмыстар жалғасып, 15 сәуірге дейін тізімге ілінген аса мұқтаж отбасылардың барлығына көмек көрсетілетін болады», - деді «NurOtan» партиясы Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы Фатима Хикметова.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.