Сенбі, 02 Мамыр 2020 17:35

Сайрамдағы "Ханжук" шаруа қожалығының гүлдері жақын өңірлерге жеткізіледі

"Ханжук" шаруа қожалығының төрағасы Рүстем Абдурасуловтың аула гүлдерін өсіруді отбасылық кәсіпке айналдырғанына жетінші жыл.Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округі Ақсуабад елді мекенінің тұрғыны 2013 жылдан бері 3,30 гектар жерге гүл өсіреді.

Жылыжайдағы әр гүлді жеке стақанда өндіріп, сәуір, мамыр айларында сатылымға шығаратын кәсіпкер шаруашылығын аудан әкімі Уласбек Садибеков аралап көрді.

"Ханжук" шаруа қожалығы өндірген гүлдер еліміздің астанасы Нұрсұлтан қаласынан бастап, Өскемен және Шымкент қалаларының көшелеріне де сән берген. Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы білім ошақтарының ауласын көркейту үшін де аталған шаруа қожалығының сан алуан гүлдері сатып алынған.

Жеке кәсіпкер Р.Абдурасулов жайқалған гүлдерді Нұрсұлтан қаласына жүк көлігімен ақысыз жеткізіп берген қайырымды ісімен белгілі.

- Көшелерді абаттандыру жұмыстары басталғаннан жылыжайдағы гүлдерімізге көптеген тапсырыстар түсетін. Қазір де сол маусым басталды. Шымкент, Түркістан қалаларына жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар. Биылғы гүл көшеттері жерге отырғызуға дайын тұр, тек есіл еңбек карантин кезінде шығын болмаса екен, - деген уайымын жеткізді Р.Абдурасулов.

Аудан әкімі төтенше жағдай салдарынан шаруалар шығынға ұшырамауы тиіс екенін айтты.

- Дайын тұрған өнімді өңірлерге ұсыну қажет. Қазір абаттандыру жұмыстары қайнаған шақ. Іргеміздегі Шымкент қаласы мен Түркістан қаласы бар, көрші аудан орталықтарына, өзіміздің Сайрам ауданындағы көгалдандыру жұмыстарына да дайын өнімді неге пайдаланбасқа? Айналаға нағыз көрік беретін дүние - осы гүлдер, - деді аудан басшысы.

"Ханжук" шаруа қожалығы гүлден бөлек, жылыжайда бұрыш өсіреді және 1,3 гектар жерден бір жылда екі рет картоп өнімін алады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 526 рет