«Төтенше жағдай салдарынан бүгінгі таңда алдын ала есептеулер бойынша, жалпы 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 балабақшаны, 4 медицина нысанын, 1 мәдениетін үйін, сонымен қатар 10 дүкенді су басты. Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автомобиль жолы су астында қалды. Мұнан бөлек, алдын ала жинақталған мәліметтерге сәйкес, көлемі 7 639 гектар егістік жерін су басқан. Мал шығыны да нақтыланып жатыр. Қазіргі уақытта осы жоғарыда аталған шығындарды есептеп жатырмыз. Нақты шығын көлемі анықталғаннан кейін қосымша баяндалады», - деді өңір басшысы.
Оның атап өтуінше, ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердің мүлкін қорғау үшін 8 блокпункт орнатылып, полиция департаментінің жеке құрамынан 303 қызметкер, 53 көлік жұмылдырылды.
«Елді мекендерді су басуының алдын алу үшін Нұрлы жол, Өрге бас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, Мырзакент бағытында Фирдоуиси елді мекені аумағында коллектр орнатылды. Мұнан бөлек, Мақтаарал ауданының аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Республикасы тарапынан Жетісай ауданы Қоғалы елді мекенінің маңынан Орталық Бетпақдала коллекторы арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылды», - деді Өмірзақ Шөкеев.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.