Сейсенбі, 12 Мамыр 2020 21:53

Түркістан облысының Келес ауданында 16 көше жөнделмек

Түркістан облысы Келес ауданында 16 көшеге жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылмақ,-деп хабарлайды Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санжар Амангелдиевтың айтуынша, өткен жылы аталған бағдарлама аясында аудан орталығының 23 көшесі жөнделген. Ағымдағы жылы Ақтөбе ауылдық округінде 12, Абай ауылында 4 көше қалпына келтірілмек»,делінген хабарламада.

«Ауданда тек көше құрылысы емес, қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, ойын алаңшалары, аяқжол, көшені жарықтандыру жұмыстары да қатар жүреді. Тағы қосымша аудандық бюджет есебінен 10 ауылдық округтегі 17 көшені жөндеу қарастырылып отыр», - дейді Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санжар Амангелдиев. Бөлім басшысының сөзінше, жол жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы анықталған. Аталған 16 көшенің 15-ін «QazaqStroyZhol» ЖШС мекемесі қайта қалпына келтірмек.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.


 

 

Оқылды 440 рет