Жұма, 15 Мамыр 2020 15:16

Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 130 шақырымдық жол жөнделуде

Түркістан облысына қарасты Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 130 шақырымдық жол жөнделуде. Ауқымды жұмыстар аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы аясында атқарылуда.

Аталған екі ауданда ұзындығы 70 шақырым республикалық және 59,4 шақырым облыстық маңызы бар жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтуде. Оның ішінде, Жетісай ауданында 11,5 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-117 «Сырабат-Үтіртөбе-Көктөбе» бағытындағы автомобиль жолы ретке келтіріліп жатыр. Мамандар құрылыс жұмыстарының жыл соңында аяқталып, толықтай пайдалануға берілетінін айтады. Сонымен қатар, жақын арада ұзындығы 19,9 шақырым болатын облыстық маңызы бар КХ-86 «Жетісай-Мақталы» бағытындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары басталмақ. Нысанның жөндеу жұмыстары 2021 жылға өтпелі. Ал, Мақтаарал ауданы аумағында ұзындығы 16,4 шақырымдық облыстық маңызы бар КХ-78 «Атакент-Кеңесшіл-Есентаев» пен 6,9 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-164 «Үлгілі-Таубай ата» автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек, келесі айдан бастап облыстық маңызы бар КХ-80 «Ынталы-Фирдоуси» автомобиль жолының 4,7 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталмақ. Жыл соңына дейін тағы «Үлгілі-Таубай ата» және «Ынталы-Фирдоуси» автомобиль жолдарында жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілетін болады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 436 рет