Дүйсенбі, 17 Тамыз 2020 11:45

Шымкенттік кәсіпкерлер бизнесті қайта бастау үшін «InfoKazakhstan» платформасына тіркеледі

Шымкент қаласында 17 тамыздан бастап шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету бойынша шешім қабылданды.

Осыған орай кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын қайта бастау барысында «InfoKazakhstan» бірыңғай порталы арқылы жүзеге асыруы тиіс. Бұл платформаға тіркелу 4 қадамнан тұрады:

1-қадам. «InfoKazakhstan» сайтына кіріп, ұйымыңызды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, кәсібіңізге қойылған талаптармен танысыңыз. Бизнестің жекелеген түрлері жұмысын тексерусіз, хабарлама тәртібінде қайта бастай алады.

2-қадам. Нысанды талаптарға сай дайындап, жұмыс істеуге дайындығыңызды электронды өтінім беру арқылы растаңыз.

3-қадам. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізуін күтесіз.

4-қадам. Тексеру жүргізілген соң нәтиже оң болса, онда жеке кабинетте жұмысты қайта бастауға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп алу қажет. Егер нәтижесі теріс болса, онда олқылықтарды реттеп, өтінімді қайта жіберіңіз.

Өтінімді «InfoKazakhstan» сайтына бергеннен кейін, сауда, сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын нысандарына санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізілетіні және тек сол тексеру нәтижесінен кейін ғана нысанды ашуға рұқсат берілетінін кәсіпкерлердің назарына жеткіземіз.

Айта кетейік, бұл сайтта әкімдіктер, санитарлық дәрігерлер, полиция, өңірлік палаталар және тұтынушылар лигасы өкілдерінен құралған тұрақты мониторингтік топ жұмыс істейді. Ресурс қызметін бір мезгілде 150 000 тұтынушы пайдалана алады. Ал сұрақтарды бірыңғай байланыс-орталығына 1432 (қоңырау шалу тегін) қоңырау шалып, қоюға болады.

Ескертейік, 17 тамыздан бастап рұқсат берілетін нысандардың өзіндік тəртібі бар:

Сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлар (толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш.м), сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 ш.м.), бассейні жоқ фитнес орталықтары (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 5 ш.м.), бассейні жоқ моншалар мен сауналар (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш.м.) жұмысын қайта бастайды. Сондай-ақ, балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары (жазылу бойынша, топтарда 5 адамнан аспауы тиіс), мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (15 адамнан артық емес) және ашық ауадағы аттракциондар (қашықтықты сақтау, бетперде тағу, адамдар ағынын реттеу) жұмыстарына кіріседі.

Ал топтық жаттығулар жасауға (5 адамнан артық емес) және ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығулар жасауға (30 адамнан артық емес, спорт базаларында тұру, эпидемияға қарсы шараларды және алдын алу шараларын сақтау) рұқсат етіледі.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 433 рет