Жексенбі, 06 Қыркүйек 2020 20:52

Шымкент іргесінде тұратын халық жылыжай салып, мал басын көбейтуге көшкен

Ісі ілгерілеген диқандар мен шаруалар мемлекеттен субсидия алып отыр.

Бұл туралы «Хабар 24» хабарлайды.

Абдуғани Сыдықов 10 жылдан бері 3 гектардан астам жерге жылыжай салады. Мұнда 2 гектар жерге қияр, 1,5 гектарға қызанақ өсіреді. Әр гектардан, шамамен 100-110 тоннадай өнім алады. Жылыжай иесі дайын өнімдерін тек Шымкент қаласына ғана емес, көршілес Түркістан облысы мен Ресейге де экспортапты.

 ««Қимылдаған қыр асады» дегендей бала-шағамызбен істеп жатырмыз. Пандемияға қарамай қимылдадық. Өнім шығарудамыз. Қияр-қызанақ егеміз жылда тоқтамай. Өнім беріп жатыр. Үкіметтен уақытында субсидия да алып жатырмыз. Қолымыз жетіп жатыр»,-дейді диқан  Әбдуғани Сыдықов.

Ал қалаға қарасты Алтынтөбе елді мекеніндегі шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысады. Онда асыл тұқымды 75 ірі қара және 60-қа жуық жылқы малы бар. Зеңгі баба мен Қамбар атаның өнімі сұранысқа ие. Сүтті балабақшаларға өткіземіз дейді шаруашылық иесі Олжас Еспенбетов. 

Олжас Еспенбетов, шаруа қожалығының иесі:

- Биені өсіреміз, жылқы бордақылаймыз. Сиырдан сүт өнімін аламыз, қалада тұрсақ та. Қойымыз бар. Карантинде жұмысымыз тоқтамады. Мемлекеттің арқасында субсидияны да алдық. Субсидия алуда қиыншылық болған жоқ. Барлығы электронды базада жүргізіледі. Мамандар келіп, малдарды көріп шығады. Расталған соң береді.

Абай ауданында ірілі-ұсақты 550-ге жуық шаруа қожалығы мен 31 гектар аумақта жылыжай шаруашылығы бар. Дегенмен олардың барлығына бірдей мемлекеттен берілетін субсидиялар мен мемлекеттік бағдарламалар жете бермейді. Ал отандық өнімді қолдау үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне мемлекет тарапынан берілетін көмек аса қажет.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

– 1 млн халқы бар Шымкент мегаполис болғанымен бар жағдайды пайдаланып шаруашылықпен айналысуға шақырып  жатырмыз. Қазіргі кезде «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламаларын қаланың өзінде дамытып жатырмыз. Тағы бір жаңалық. Шымкентте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін агро-индустриалды аймақ құрылмақ. Қазір қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы 2 кезеңді қамтитын жол картасын әзірлеп жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде шаһарда жылыжай шаруашылығын дамыту көзделген.

                                                                                                                                                                                                                  «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

Оқылды 392 рет