Сейсенбі, 06 Қазан 2020 21:28

Түркістан облысы экономикасына үлес қосып жүрген кәсіпорындарға қолдау көрсетілуде

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейржан Мырзалиев «Қазатомпром» ҰКП» АҚ-на қарасты еншілес кәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Басқосуда өндіріс көлемін ұлғайту мен жұмыс орындарын сақтау мәселелері талқыланды.

Кездесуде сонымен қатар экспорт көлемін ұлғайту, жергілікті қамту үлесін арттыру жайы сөз болды. Айта кетейік, «Қазатомпром» ҰКП« АҚ-на қарасты еншілес кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше орын алады. Өңірдегі өнеркәсіп өнімінің 55%, кен өндіру мен карьерлерді қазу саласында 97,6% және металлургия өнеркәсібінің өңдеу өнеркәсібіндегі 28% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты кәсіпорындарға тиесілі.

Компания ұсынған мәліметке сәйкес, пандемиялық жағдайға байланысты жыл соңына дейін уран өндіру көлемі Түркістан облысында 88 %-ға дейін төмендеуі күтілуде. Кездесу барысында аталған жағдайдың алдын алу шаралары ортаға салынып, жұмыс жоспарлары таныстырылды. Алдағы уақытта инвестиция тарту, экспорт, жергілікті қамту, өнім көлемдерін ұлғайту және жұмыс орындарын кеңейту бойынша өзара меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Бұл шаралар ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларында отандық тауарларды қолдануын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылуда. Компанияның биылғы жылғы мемлекеттік сатып алу жоспары 75 млрд теңгені құраған.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 328 рет